02 мамыр – Ораза айтының бірінші күні!
Бақдаулет қажы Абдрахманов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Шымкент қаласының бас имамы

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі жерлестер! Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді ораза айт меркемесімен құттықтаймын!
Ораза айт – пенденің қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, игі істерді атқарып, марапатқа һәм сый-құрметке ие болатын сәті. Қасиетті Құран Кәрімде: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – дейді.
Құрметті бауырлар! Айт күні таң ертең күн найза бойы көтерілген соң жамағат болып айт намазын оқу – уәжіб. Сондықтан айт намазынан қалыс қалуға болмайды. Айттың мән-мағынасына келсек, айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Алла Тағала ұстаған оразамызды, мұқтаж жандарға үлестірген зекет, пітір садақамызды, берген ауызашарымызды қабыл етіп, мол сауап жазғай. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда көңілі жабырқау жандардың жүрегіне қуаныш сыйлауға тырыстық. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің игі бастамасына үн қосып, мешіттерімізде атқарылған ізгі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосқан барша жомарт жандарға Алланың нұры жаусын.
Қадірлі жамағат! Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ораза айт құтты болсын, ағайын!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38