Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ,ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Адам баласы ісіне мұқият болу және қиямет күні Алла Тағаламен жүздескенге әзірленудің мәнісі тақуалықта. Ал тақуалық дегеніміз: Алла Тағалаға бойсынып шариғатқа  сай тіршілік ету, күнә істеуден сақтану.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыларыңның жарылқауы мен тақуалар үшін әзірленген ені көк пен жерге тең жәннатқа асығыңдар», – деген.

 «Тақуалық» – сөзінің түп негізгі мағынасы: аз сөйлеу. Сонымен қатар, «тақуалық» сөзі сақтау, қорғау, әдепсіз зиянды нәрседен аулақ болу деген мағыналарды қамтиды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тақуалықтың сипатына қатысты былай дейді: «Сырт көзге жақсы болып көрінгенімен, алайда, іші күмәнді болған нәрседен сақтанбайынша пенде тақуалар қатарына қосыла алмайды». – деген.

Маймун ибн Миһран (р.а) жолдасыңның азығы мен киімі қандай жолмен келіп жатқанына сын көзбен қарағандай, өзінің де ішіп-жегеніне сын көзбен қарамайынша ешбір адам тақуа бола алмайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің досым араларыңдағы біреудің ұрпағы емес, тақуаларың» – деген.

Омар ибн Әл-Хаттаб (р.а) Убай ибн Қағбтан (р.а) тақуалық жайлы сұрағанда, ол, – Сен тікені бар жолмен жүрдің бе?  – деді.

-ия, жүрдім.

-Сонда қалай жүрдің?

-Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.

-Міне, тақуалық дегеніміз осы, – деді.

 Абу Хурайра (р.а): Үш нәрсе адамды игілікке жеткізеді.

Жасырын да әшкере де Алла Тағаладан қорқу.

Жарлы болса да,бай болса да жақсы ниетте болу.

Қуанып тұрса да,ашуланып тұрса да әділ болу.

Үш нәрсе адамды бұзады:

Өте сараңдық.

Нәпсіге құл болу.

Кекірейіп бой көтеру.

Үш нәрсе адамның мәртебесін көтереді:

Жолыққан әрбір адамға сәлем беру.

Қолы ашық дастарханы жаюлы болу.

Түндерде тахажжуд(түнгі намаз)намазын қалдырмай оқу.

Адам баласы ойсыз жүре алмайды.Басқа мақұлықтардан ерекшелігі де, үстемдігі де осы ақыл ой иесі болуында.Адам өткені мен бүгінін, келешегін зерделеп,өмірдің мәні мен мағынасын ұғынып толықтыру үшін келгенін ұмытпаған жөн. Осы орайда хәкім Абайдың:

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым?

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тия алдым?

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.-деген өлең жолдары саналы жанға сәуле шашып тұрғандай көрінеді.

Имам Табарони (р.а): Алла Тағала қиямет күні белгілі уақытта адамдарды жинап, барлығына естіртіп: Мен сендерді жаратқан күннен бастап осы кезге дейін өз еріктеріңе қойдым. Енді амалдарыңа есеп бересіңдер. Мен өзіммен байланыс жасаудың жолын белгіледім. Сендер де өзара мансап, атаққа қарай байланыста болу жолдарын белгіледіңдер. Алайда, сендер Менімен байланыста болудан гөрі, тек өзара байланыста болуды артық көрдіңдер. Мен: «Алланың құзырында ең жоғары дәрежеге тақуаларың ие болады», – дедім. Ал сендер бар болғаны: «Пәленше ұлы пәленше пәленшеден дәулетті», – деген сөзді есту мақсатында маған қарсы келдіңдер. Бүгін Мен сендермен қатынасымды үзіп, Менімен қатынаста болғандардың мәртебесін көтеремін. Тақуалар қайда?», – дейді.Осыдан кейін тақулар үшін ту көтеріліп, туға еріп жәннатқа сұрақсыз кіреді. – деген екен.

Жұмыр басты пенденің жаңылып кейде опық жесе де, үмітін бір Алладан үзген емес. Тұрмыстың илеуінде жүріп тіршілігімізді құлшылықпен, құлшылығымызды тіршілікпен ұштастырсақ ұпайымыз кемімес ағайын.

Насрулла мешітінің имамы: Юсупов Талғат Абдукәрімұлы.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38