Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан айы құтты болсын!!!

Шарапаты мол қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы Алланың разылығына, мейіріміне бөленіп, әрі күнәдан тазарамыз.  

Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят),- дейді.

Айлардың сұлтаны, бұл қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан барлық кезде адам алыс болуы қажет. Расында, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ, құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) рамазан айы туралы: «Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді, сондай-ақ, шынында, жәннатта бір есік бар, ол – “Раййан” деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді. Осындай қасиетті, берекетті  уақытты  пенде босқа жібергісі келмейтіні анық. Ораза ұстаудың өзіндік тәртіппен жүру шарттары бар ол шарттар орындалмаса ораза дұрыс болмайды. Ислам – жеңілдетілген дін. Алла разы болған дінде адамның шамасы жетпейтін, орындалуы мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі – Алла Ұлы, Құдіретті, Күшті және мұндай ұлылықты жаратылысынан талап етпейді. Құранда бұл туралы: «…Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят); «Алла Сендерге жеңілдік қалайды» («Бақара» сүресі, 185-аят); «Алла сендерге жеңілдетуді қалайды. Ал адам баласы әлсіз етіп жаратылған» делінген. («Ниса» сүресі, 30-аят). Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): « Ислам – бұл жеңілдік! Және дінге қатысты қасарыспаңдар, әйтпесе, шаршайсыңдар немесе көңілдерің салқындайды. Адамдарды тура жолға бастаңдар, оларды жақындастырыңдар, қуантыңдар» деген (Бұхари).  

     Шариғат тарапынан Рамазан оразасын ашуға рұқсат етілгенімен, оразаның қазасын өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1) Науқастық.  Рамазан айында ауырған кісінің ораза ұстауы. Дертінің асқынуына, алатын емінің кешігуіге кедергі болса оған ораза ұстамауына болады. Ұстаған оразаның ауруының асқынатынын білікті мұсылман дәрігердің айтуымен немесе өзінің тәжірибесімен анық болуы қажет. Ондай кісі ұстамаған күндерінің қазасын сырқатынан сауыққанда өтейді.

 2) Жолаушы. Бұл 90 шақырым қашықтықпен жүзеге асады. Сондай-ақ тұрғынның сапарға шығатыны таң атпай тұрып белгілі болуы шарт. Жолаушы кісіге рамазан айында ауыз ашуына болады. Кейін қазасын өтейді. Алайда, ораза кісі сапарға таң атқан соң шешім қабылдаса, оған сол күнгі оразасын бұзуына болмайды. Бұған Аллаһ Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресі 185аятында: «Ал кім науқас немесе сапарда болса, оразаның санын басқа күндері толтырсын» деген.

3) Жүкті немесе бала емізуші әйел. Жүкті немесе бала емізуші әйел білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен немесе өмірдегі тәжірибесіне сай, өз денсаулығы немесе сәбиі үшін қорықса, ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Алайда кейін қазасын өтеуі парыз. Анас ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың : «Шындығында, үстем әрі ұлы Аллаһ жолаушы кісі үшін ораза мен жарты намазды түсірді. Сол секілді жүкті әйелдің және бала емізуші әйелдің мойнынан да оразаны түсірді», – деп айтқанын жеткізген. (Ән-Нәсай).

4) Ауыр еңбектегі кісі. Қатты шөлдеуі немесе қатты қарны ашуы нәтижесінде көзі қарауытып, әлсіздік пайда болса, басы айналса, оразасын үзуіне болады. Негізінде, ауыр еңбектегі кісілерге кезекті демалыстарын рамазан айына жоспарлағандары жөн болады. Өйткені бұл айда мұсылман тек күндізгі оразамен ғана емес, сондай-ақ тарауық намазын атқарумен, Құран оқумен, тағы да басқа құлшылық түрлерімен шұғылданғаны абзал.

  • Ескерту: Бұл кісілердің бірі себебі тоқтаған бетте көз жұмса, қазасын өтеу мойнынан түседі.

Жоғарыда келтіргеніміздей белгілі бір себептермен Рамазан айының оразасын қаза етіп алған жағдайда. Қаза болған оразаның орнын толықтыру міндет. Қаза болған оразаны Ораза айттың екінші күнінен бастап қазасын өтеуге болады.  Ханафи мазхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан Рамазан айына дейін өтеу шарт емес. Өйткені Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса ауызын ашуға рұқсат. Алайда басқа күндері қарызын өтесі». (Бақара сүресі 185 аят) Осы аятта Аллаһ Тағала оразаның қазасын өтеу уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр. Сондықтан да, өткен оразадан қарызы бар кісілер, Рамазан айы келісімен рамазан оразасын ұстап, ал өтеп үлгермеген кісілер қаза оразаларын Рамазанан кейігі күндерге қалдырып өтейді. Сондай-ақ парыз оразадан  қалған қазаларды келесі оразаға дейін қалдырмай, сол жылдың ішінде тездетіп өтеген абзал. Рамазан айына дейін үлгермесеңіз, рамазан айынан кейін жалғастыруға болады. Кейбір кісілер өткен оразаның қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге болады ма? Деп сауал жолдап жатады. Алайда Ислам дініде бұлай қосып өтеуге рұқсат жоқ. Рамазан айында тек Рамазан айының оразасы ұсталады. Қаза оразаны басқа күндері жеке өтеу керек. Алла ұстаған оразамызды қабыл еткей.

Есенгелдиев Ералы, Шымкент қ, «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38