Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз дімкәстікті білдіреді.
Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Маған Жебірейіл (а.с.) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».
Шымкент қаласы орталық мешіті