Рамазан айында ораза ұстау – әрбір ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған, мұсылман ер мен әйел пендеге парыз. Құран кәрімде: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).
Пайғамбарымыз ﷺ: «Ислам мына бес нарсеге негізделген: Алладан басқа Құдай жоқ екеніне және Мұхаммед оның құлы екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылыққа баруы» – деген. Тағы бір хадис шарифінде: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деген.
Ижмаъқа келер болсақ, ғалымдардың барлығы Рамазан айының оразасы парыз екеніне бірауыздан келісіп, бірде-бір мұсылман бұл мәселеге қарсылық етпеген. Осы себептен оразаның парыздығын мойындамаған кәпір болады. Оразаның парыздығын мойындай тұрып, алайда ауыз бекітпеген адам ауыр күнә істеген болады.
Ораза – парсы тілінен енген сөз. Араб тілінде бұл құлшылық «Саум» делінеді. Сауым – бір нарседен аулақ тұру, адам өз-өзін ұстау, тыйу деген мағынаны береді. Оразаның шариғаттағы мағынасы – екінші шапақтан бастап, күннің батуына дейін Алла тағаланың разылғы үшін тамақ ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан аулақ болу, күнә істерден, ғайбат сөздерден, біреулерді ренжітуден, қатты сөйлеуден тыйылу.
Ораза тұту біз үшін парыз әрі үлкен сауап. Өйткені Жаппар Иеміз адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза бұдан бөлек. Оның қарымын Өзім ғана беремін. Өйткені ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тиылады дейді. Жылына бір рет келетін отыз күндік оразаны шынайы ықылас қойып тұтатын болсақ Алланың әжір сауабына кенелетінімізге күмән жоқ. Амал дәптеріміз оразаның сауабымен толтырсақ. Амал таразысында қойғанда жақсы амалдарымыздың таразысы ауыр басуына бірден-бір себеп болатын амалдардың бірі. Сондай ауыр күн, қиямет күні тозақ отынан қалқан болатын, Алланың рахымына, пайғамбардың ﷺ шапағатына бөлендіретін құлшылық. Ораза пенденің сондай әлсіз екендігін, Жаратушы Иемізге толық барлық жағынан мұқтаж екенін сезіндіретін құлшылық. Тәкәппарлықтан, менмендіктен, өзімшілдіктен арылтатын, Алланың бізге берген нығметтерін сезіндіретін ғибадат. Рияның көрінісі болмайтын ғибадат. Ораза шынайы ықыласпен орындалса – пендені жоғары рухани байлыққа, яғни Алланың риза болған құлдарының қатарынан ететін құлшылық.
Ораза бейне бір күнәдан қалқан сияқты иесін қорғап, оның жәннатқа кіруіне көмектеседі. Алла Елшісі ﷺ: «Үйленуге шамасы келгендер үйленсін! Өйткені ол көзді (харамнан) қорғаушы, ұятты жерлерді күнәдан сақтаушы. Кімнің үйленуге шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза – ол үшін қалқан» деп насихат еткен. Ораза арқылы адам бойында күнәға қарсы тұру қабілеті дамиды. Кісі аузы берік кезде әр түрлі жағымсыз құмарлықтарын тізгіндей алғаны секілді, күнәға қарсы бойында қалыптасқан дағды бойынша ораза емес кезде де сабырлық таныта алады. Өйткені, оразаның мәні тек қана аш қалу емес, көз, құлақ, жүрек, тіпті, ой-қиялдардың өзіне ораза ұстатып, жамандықтардан тыю. Осындай дәрежеде ораза ұстаған жан әрдайым тура жолда болмақ.
Келе жатқан қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізіп, Оразамызды толық шынайы ықыласпен атқаруымызды Алла Тағала нәсіп қылсын! Әумин!
Абзал Жауһари Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы