Көп тамақтану адам өмірін қысқарта ма?
Адам өмірінің ұзын яки қысқа болуы оның тағдыр талайына байланысты. Алла Тағаланың маңдай жазуын ешкім өзгерте алмайды. Алайда тағдырдың себеп пен себепкерге де қатыстылығы болады. Яғни тағдыр үкімі бір жағы себепке, бір жағы нәтижеге байланысты белгіленеді. (Алайда бұл белгілену де Алланың қалауы негізінде жүзеге асады. Алланың қалауы себептерге тәуелді емес). Алла Тағала өзінің «Хаким» есіміне лайық мына бес күндік жалғанда көптеген бұлжымайтын табиғи заңдылықтар мен себептер жаратқан. Бұл дүниеге ғана тән ол заңдылықтар мен себеп атаулы ана дүниеде, ақыретте жойылады. Осыны тілге тиек ете отырып Құран «Фатыр» сүресінің 43-аятында «Сен Алла жүйесінде өзгеріс я болмаса ауытқушылық кездестіре алмайсың» десе, іле «Ахзаб» сүресінің 62-аятында: «Алланың бұрынғы өткендерге жүйесі осы. Алланың жүйесінен әсте ауыс-күйіс кездестіре алмайсың» деп шегелеп атап өтеді. Барша пайғамбарларға тән мұғжизалар бір жағы олардың пайғамбарлықтарының дәлелі, бір жағы себептерді жаратушы Алла Тағала екенін көрсету мақсатында іске асқан.
Біз темекінің зияны мен көп тамақтанудың денеге тигізер зардабын, оның ертерек өмірмен қош айтысуға итермелейтінін қолға ала отырып, сыртқы себептерді де ескереміз, Алла Тағала бекіткен табиғи заңдылықтар тұрғысынан көз жібереміз. Тіпті әлем жетекшісі, Алланың сүйікті құлы хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) те өз кезегінде осы бір сыртқы себептерді көзден таса қылмағаны оның соғыстан бұрын сақтану шараларын жасауынан, керек кезде қаланы айналдыра ор қаздырғанынан, қажет кезде жаудан қорғанып үстіне екі қабат сауыт кигенінен белгілі. Алайда себеп атаулыны сеніммен шатастыруға болмайды. Әйтпесе себептер ішінен сенімді іздегендер – Мутазила, ал сенім арқылы себептерге көз салғандар – Жәбрияға жатады. Біз, әхлі сүннетшілер, не нәрсеге болсын өз өлшеміне сай баға беруге тиіспіз.
Ал енді осы мәселені тағы да Алла Тағаланың «Хаким» есіміне сай сыртқы себептер шеңберінде қарастырып көрейік:
Тағам заттарының, сондай-ақ тамақпен бірге дене қабылдаған әр түрлі нәрселердің күш-қуат, энергия, қимыл-қозғалысқа айналуы, жаңа клетка өндіруі оңай шаруа емес. Ас ауызға кіре салысымен жоғарғы ас қорыту бездеріне ескерту келіп түседі. Орталық жүйке жүйесінің араласуымен ауыздағы асты қорытуға қатысы бар барлық сезімтал әрі мотор жүйке координаттары арқылы бұлшық еттер мен секреция шаралары қимылға көшеді. Ауыздағы іс бітісімен арнайы жүйке рефлекстері арқылы ас ауыздан асқазанға жіберіледі. Асқазаннан бөлінетін сұйықтық пен еріктен тыс (рефлекс) бұлшық қимылдарымен астың екінші қорыту бөлімі аяқталады.
Ас ішектер үшінші бөлімді тәмамдағаннан кейін сіңіру кезеңі басталады. Артынша бауыр атқаратын 450-ден аса міндет кезекке тұрады. Бұл тұста әдеттегіге қарағанда жүрекке көбірек күш түседі. Дененің барлық үлкен-кіші мүшелері тіпті барлық жасушалары осы бір өте қиын, тез шаршататын іске бас қояды. Бұндай ауыр тірлікті еңсеру кезінде тамақтанудан біршама уақыт өткен соң барып жүректен бастап дененің барлық мүшелерінде шаршау байқалады. Қан мөлшері мидың орталық жүйке жүйесінің жасушаларына жеткілікті деңгейде жете қоймайды. Бұл жағдай көп тамақ жеудің денеге артық салмақ салып, оны тез шаршататындығын көрсетуде. Түрлі ас пен көп тамаққа әуес кісілердің өмір жасы қысқа болуындағы себеп міне осы. Әр мүшенің шектеулі, белгілі бір мерзімге дейін өмір сүру қабілеті бар. Өз мөлшерінен тым көп нәрсеге қинау оның өзіндік жұмысын тоқтатып, тез қартаюына жол ашады. Сол себепті аз тамақтанған кісілер көп өмір сүреді. Жастығы мен тың кезі өмір бойы сақталғандай сезінуі мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда ораза денсаулығымыз үшін өте пайдалы. Оған қоса оразаның ауруларға қарсы дененің иммунитетін күшейтетін қасиеті де бар.
Бүгінгі таңда медицина саласы оразаны кей аурулардан қорғаушы әрі ем ретінде пайдалануда. Көптеген науқастар ораза арқылы емделуде. Медицина саласында ораза мен диетаның қаншалықты маңызды екені бәрімізге белгілі. Өйткені әлемдегі дәрігерлердің қай-қайсысы болмасын науқастарға не жеп, не жемеу керектігін тіпті тізіп тұрып қағазға жазып қолына ұстатады. Былайша айтқанда, қазіргі таңдағы дамыған медицина ауру мен тағам арасында байланыс бар екенін ашық ұғынуда. Мұсылмандарға да мына бір ұстаным жат емес:
«Асқазан-аурудың ұясы, емнің басы тағамның денсаулыққа сай дұрыс қабылдануы». Біздің «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың мықты болады» деген ұстанымымызға сай қазіргі медицина да «Ораза ұстаңдар, тың, сергек жүресіңдер» деуде. «Ораза өмірді ұзартады» дегенде біз осыларды мегзейміз.
Иә, адамның өмір жасының ұзақтығы да, қысқалығы да бәрі Алла Тағаланың еркінде. Денсаулығы мығым жас адамның өзі бір сағатқа жетпей көз жұмуы мүмкін. Қазіргі дамыған медицина бұған араша түсіп Алланың қалауын өзгерте алмайды. Барша себептер Аллаға мәлім болғандықтан тағдыр талайы мен қазаға ұшырау секілді қиындықтар оның білуінен тыс жүзеге аспайды.
Көп тамақтану және семіздік
Қай себеппен болмасын шамадан тыс тамақтану ғылымда ауру ретінде бағаланады. Семіздік қырық жасқа дейін сыр бермегенмен, қырық жастан асқан соң тез шаршау, ентігу, буын аурулары секілді түрліше мазасыздықтар байқала бастайды. Семіз яки толық кісілерде қант ауруы, тамыр қаттылығы, коронер (жүрек тамыры) аурулары, буын аурулары, өтте тас пайда болу, жүрек демікпесі жиі байқалады.
Статистикалық мәліметтер бойынша дене бітімі шағын кісілерге қарағанда семіз кісілердің өмір жасы әлдеқайда қысқа. Семіз әйелдерде етеккір бұзылуы мен бедеулік, толық ер кісілерде белсіздік пен ұрық бұзылулары анағұрлым көбірек кездеседі. Шектен шыға семіру «Хипо вантилясион синдромына» (тыныс алудың тарылуы) әкеледі. Тым семіздік диафрагма мен кеуде қимылдарын шектейтіндіктен тыныс алудың тарылуы, оттегі аздығы мен жүрек алқынуына себеп. Бұны «Пикуик синдромы» деп атайды. Осыншама ауруға себеп семіздіктен қорғану үшін адам уақтылы диета ұстап я болмаса ауыз бекітуі керек.
Саксонияның Дрес қаласында орналасқан др. Генри Лахманға тән әлемнің ең танымал денсаулық сақтау мекемесіндегі ем атаулы диета арқылы іске асуда. Бұл денсаулық сақтау мекемесіне др. Берсерберн мен др. Молиерге тән және т.б. денсаулық сақтау мекемелерді де қосыңыз. Бұл жердегі негізгі ем денені артық салмақтан арылту негізінде жасалуда. Өйткені артық салмақ асқазанмен қоса дененің басқа мүшелеріне де күш түсіріп, залалын тигізбей қоймайды. Осы диетамен емдеу тәсілді жүрек пен қан айналым, қан қысымы, қуық жолдары мен жүйке жүйесі ауруларына қолданғанда жақсы нәтиже берген. Аурудың ұясы – асқазан, ал диетаның болса ең тиімді ем екені медицинада дәлелденген шындық.
Көп ас ішкеннен кейін денедегі бүкіл мүшелермен қатар жүрек те шаршай бастайды. Бұндай жағдайда қан ми мен орталық жүйке жүйесінің жасушаларына толықтай жете алмайды. Бұлардан бөлек көп ас жеп, ішімдік ішкеннен кейін «Маллери вейс синдромы» (өңештің төменгі тұсының жыртылуы), созылмалы «Панкреатик (панкреас қабынуы)», «Зив синдромы» (бауыр ауруының бір түрі) клиникалық белгілері байқалады. Жүрек мамандары да көп тамақтану мен жүрек талмасы арасында байланыс бар екендігін айтуда.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорыта келгенде, диета мен ораза – адам денсаулығының кепілі. Дене мен жан саулығы тұрғысынан диета мен оразаның пайдасы есепсіз. Әсіресе, ораза – диеталардың ең керемет үлгісі.
Батыс Германияның Нордхейм Вестфален қаласындағы Рак аурулары институтының маманы проф. др. Дж. Л. Паул арнайы зерттеу нәтижесінде оразаның рак ауруынан сақтайтындығын жариялады. Проф. Требтің медицина әлемінде айтулы бағаға ие мәліметіне сүйенсек, ораза ұстаған адамда «адреналин және кортизон» деп аталатын гормондар көп мөлшерде қанға араласады. Дененің ең кіші жасушаларының азайып-көбеюін қамтамасыз ететін бұл гормондар рак жасушаларына да өз әсер-ықпалын тигізеді. Бұл жасушалардың рак ауруына шалдықпауын қамтамасыз етеді. Ораза жайында тағы бір Проф. др. Казым Гүркан былай дейді:
«Ораза режимді білдіреді. Бұл режим ең тиімді ем ретінде бағаланғанда ешкімнің де қан қысымы, холестерол, липиттен хабары жоқ еді. Сол үшін де мен діни режимге яғни оразаға үлкен құрметпен қараймын».
Ораза неліктен жыл сайын әр түрлі мезгілдерге ауысып отырады?
«Норо вегетатив» жүйесі мен тепе-теңдік бұзылғанда «парасимпатин» жүйесінің қызметі артып, асқазан сұйықтығы мен гастрит гормондары көбейеді. Нәтижеде асқазан немесе аш ішекте жара пайда болады. «Норо вегетатив» жүйесіндегі өзгерістер жылдың әр мезгілінде, әсіресе, көктем мен күз айларында белең алады. Асқазан жарасы аштық ауруларымен байланысты болғандықтан бұндай диета ораза секілді жылдың әр мезгілінде ұсталғаны дұрыс. Әр түрлі жеміс пен тағам үшін белгілі мезгілдер бар. Адам әр түрлі уақытта диета ұстау арқылы сол мезгілдегі тағам мен жемістен бой тартуға үйренеді. Бұл адамды түрліше аурулардан сақтайды. Кейде ауру мен тағам арасында бір-біріне кері ықпал етушілік болатыны белгілі. Айталық, ащы бұрыш, қышқыл, тұз араласқан тамақтар теріге кері әсер етеді. Аллергиялық аурулар да түрлі тағамдарға байланысты. Түптеп келгенде адамның әр түрлі уақытта, әр түрлі мезгілдің тағамдарына қарсы диета ұстауы оны осындай аурулардан сақтайды. Туғаннан өлгенге дейін тынымсыз ас қорытумен айналысатын ас қорыту жүйесінің жылда бір ай күндізгі уақыттарда дамылдап тынығуының қаншалықты пайдалы екені медицинада да мойындалған даусыз мәселе. Ораза жыл он екі айдың бір айында тек тынықтырып қана қоймай денені түрлі аурулардан да сақтайды.
Тамақтану режиміндегі бір айлық өзгеріс
Дененің бір ай бойы өзгеше бір тамақтану режиміне үйренуі оның ауруға қарсы тұру иммунитетін күшейтіп, қоректі толықтай сіңіріп пайдалануына жол ашады. Дененің күні бойы жеңіл жұмыс істеп, түні бойы жақсы тынығып демалуын қамтамасыз етеді. Ораза кезінде адамның шыдамдылық танытып, сабырлы болуы оның жеке кісілік қасиетінің қалыптасуында үлкен рөл ойнайды. Осы тұста қанның ішекке емес миға көп баруы адамның терең ойлай алу қабілетін шыңдап, әр затты өз қадір-қасиетіне қарай тану және айналада болып жатқан оқиғаларға лайықты баға беру қасиетін арттырады. Осы тұрғыдан қолға алар болсақ, осы түрге жататын диетаға яғни ораза ұстауға зәру екенімізді ұға түсеміз.
Оразаның медициналық сырлары
Ораза дененің бүкіл жүйелеріне әсер етіп, денсаулығын арттыратын қасиетке ие. Алайда тек денсаулықты жақсарту ниетімен ораза ұстау дұрыс емес. Ораза ұстаудағы басты ниет – Алланың әмірін орындау болуы керек. Ал адам денсаулығына пайдалары оның өзгеше жарылқауы мен жақсылығынан туындайды.
Жүйке жүйесі
Ауыз бекіткен кезде тамақтану қызметі азаятындықтан адам өзі де байқамастан біршама керексіз шаршаудан бойын аулақ ұстайды. Оған қоса әркім өзінің экономикалық күш-қуатына қарай сәресі мен ауыз ашар кезінде қажетінше витамині мол тағамдар жеуі, бір жағы шәхуат пен жыныстық құмарлықтың да арыны басылып тынығу үстінде болуы денедегі бүкіл жүйке жүйесіне оң ықпал етіп, оның саулығын күшейте түседі. Кей адамдардың ауыз бекіткен кезде ашушаң болуы өз нәпсісі мен мінезіне байланысты болмаса, жүйке жүйесіне ешқандай қатысы жоқ. Ораза ұстаған кезде бауырдың да тынығып, өзіндегі көптеген улы заттарды жоюы, жүйке жүйесін шаршап-шалдығу дертінен айықтырады.
Қан айналым жүйесі
Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холлестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холлестерин қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып қаттылығын жоғалтады. Әсіресе түстен кейін қан қысымы біраз төмендейтіндіктен, тамырлардағы қысымның азаюы себепті рахат күй кешу, демалу байқалады. Осыдан барып сол күннің ең бір қорқынышты ауруы «артериосклероз» (жүректің қысылуы және сал болу себептері) ораза мен дәреттің ортақ әсерімен жойылады. Өз басым жыл сайын ауыз бекітіп, ылғи да дәрет алып жүретін 300-дей қарт кісіге жүргізген зерттеуімде оларда титтей де болса артериосклероз кінәраты кездеспегенінің, жас мөлшері 65-тен асса да қан қысымы 12-ден аспағанына таңдана куә болдым.
Жүрекке келсек, жүректің үстінде оған кері әсер ететін үш жақ бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді.
Ас қорыту жүйесі
Шыр етіп дүниеге келгеннен тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып өлгенге дейінгі аралықта дамылсыз жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орташа есеппен күніне төрт сағат тынығады. Бұл оның өзіндегі кем-кетік жағын қайта дұрыстауына мүмкіндік туғызады. Ораза бауырдың жақсаруына тікелей әсер етеді. Дененің түрлі бөлігінде бауыр жүздеген міндет атқарады. Өтке май сіңіртуден бастап, ауруларға қарсы тұратын заттарды өндіретін барлық істерді, түптеп келгенде денедегі барлық химиялық жағдаяттар бауырдың ішінде өтеді. Бауыр өте сирек ауырады, бірақ міндеті көбейіп ауырлаған сайын өз қызметінде ақау сездіреді. Бүгінгі таңда дамыған медицина көптеген аурулардың басталу себебі, яғни дененің ауруға қарсы тұру иммунитетінің әлсіреуі негізінен бауырға күш түсу деп білуде. Ораза болса бауырдың күн сайын үш-төрт сағат тынығуын қамтамасыз етеді. Бұл бауыр қызметін тұтастай өзгертпегенімен оған шек қоя отырып баяу жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Осылайша басқа мүшелер секілді бауыр да ораза кезінде тынығып, бір түлеп жаңарады. Дененің қорғану, қан химиясы және ас қорыту мүшесінің қызметі жақсара түседі. Оразаның тән саулығына тигізер игі ықпалы міне осындай.
Қан химиясы
Дененің химиялық үрдістері ең алдымен қанда өтеді. Әр түрлі қоректік заттар мен қорғану заттары, тыныстау алдымен белгілі бір қан деңгейінде қайталанып отырады. Бұл заттар қоюланған сайын дене де соған сай белсенді әрекетке көшеді. Ауыз бекіткен адамдарда бұл заттар қатары көбеймейді. Оның ең төменгі деңгейде қалуы қандағы химиялық процестердің оңай жүруін қамтамасыз етеді. Әлсіздігін алға тартып ораза ұстамағандар өздеріндегі сол әлсіздікке ораза тұтпағандықтары себеп болып жатқанын біле бермейді. Өйткені әлжуаз адамдардың қанындағы химиялық процестер тепе-теңдік сақтауда қауқарсыздық танытады.
Жыныстық және зәр жүйесі
Мейлі жүйке жүйесінің тыныштығын қамтамасыз етуде, мейлі көз салу арқылы адамның тәнқұмарлық, нәпсіқұмарлық сезімдерінің оянуын тежеуде, тіпті жыныстық өмірді реттеуде де ораза өте үлкен рөлге ие. Тағамның күйген қалдықтарын бүйректің сүзіп тазартатындығы, сондай-ақ оны үздіксіз атқаратындығын ескерер болсақ, ораза ұстаған адамның төрт сағат ішінде жақсы тынығып, демалатындығын түсіну қиын емес. Дәл бір адам денсаулығын қорғау ісі Алла Тағаланың орасан жақсылығы ретінде оразаға міндеттелген секілді.