«Әрдайым шындықты іздеңдер! Туралықта құрдымға кететіндеріңді білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар» (Хадис).
الصدق «Сыддық» сөзі – шыншылдық, шынайылық, адалдық, туралық деген мағыналарды білдірумен қатар, хақ жолындағы пенденің дүние қумай аталмыш қасиеттерді өмірінің өлшемі ету. Ондай жан әркез Құран аятын басты негізге алады. Құранда Ұлы Жаратушы:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَكُونُواْ مَعَ الصَّادِقِينَ
«Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, әрдайым шыншылдармен бірге болыңдар (турашылдықты ұстаныңдар)»[1],- дейді.
Ар мен ақиқатты жаю жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау – нағыз сыддықтың белгісі. Мұндай жандар ақиретте «сыддық» (турашыл, адал) деп көрсетілсе, өмірі өтіріктен көз ашпағандар «кәззәп» (өтірікші, суайт) деп жазылмақ.
Сыддық – амалдарымыздың рухы мен айнасы. Асылында осы қасиет арқылы мүмін мен мұнафиқтың (екіжүздінің) ара-жігі ажыратылады. Бұл – пайғамбар емес пенделердің пайғамбарлық сипаты. Міне, осы сипат мүміндерді ақиретте Ұлы Жаратушымыздың мәртебелі, сыйлы, қалаулы құлдарымен бірге етеді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) қалай сыддық болса, оны алғаш қолдап, қорғаған досы Әбу Бәкір (р.а.) де сондай жан еді. Құран бұл жайды:«Ол шындықты алып келді, оны растап қолдағандар – нағыз тақуалар»[2],- деп баяндайды. Сыддық – пайғамбарлардың негізгі сипаты болуымен қатар, ислам жолында жүргендер үшін ең күшті қозғаушы күш. Ақиретте азаптау мен тозақтан құтылудың басты амалы. Алла:
هَذَا يَوْم ُيَنفَعُ الصَّادِقِينَ صِدْقُهُمْ
«Шыншылдарға шындықтарының пайда беретін күні – нағыз осы күн»[3],- деп шыншылдарды сүйіншілейді.
Туралық – сөз бен істің бір жерден шығуы, жалған айтып құтылып кету мүмкін болған жағдайда да өзінің әуелгі ұстанымынан айнымауы. Нағыз шыншылдар мен турашылдар мойнына алған іске жан-тәнімен беріліп, адалдық танытады. Жапанда жалғыз қалып, басына қандай күн тумасын ішкі иман таразысынан бір сәтке жаңылмайды.
Құран аяттары сөз бен іс тұтастығын сақтауды, ішкі ниет-пейілде әрқашан туралықтан айырылмауды нағыз мүмінге жарасымды асыл мақсат ретінде көрсетеді[4].
Сыддықтық қасиет пайғамбарларды, муқаррабин (Аллаға жақын аса тақуалы жандар) асфияларды (тура да, шыншыл әрі салиқалы тақуа жандар) асқар шыңға жеткізсе, ал жалған мен өтірік шайтан мен оның ізбасарларын құрдымға батырған. Демек, шыншылдық – пайғамбарлар мен олардың артынан ергендерге тән қасиет болса, өтірік сөйлеп, жалған әрекетке бару – екіжүзділік пен күпірлік сипаты.
Әбу Бәкірді (р.а.) ең жоғары мәртебе мен дәрежеге көтерген оның шыншылдығы мен адалдығы болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламды ең алғаш уағыздай бастағанда, адамдар одан сырт айналды. Осындай қысылтаяң кезде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) еш ойланбастан қолдау көрсеткен де осы Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) болатын. Худайбия келісімінде жанкешті сахабалардың өзі тосылып қалғанда, Миғраж оқиғасында кейбір кісілердің көңілдерінде кірбің туып, екі ойлы болғанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқандарын растап, жанынан табылған тағы да Әбу Бәкір (р.а.) еді. Сондықтан да Ол (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ең сенімді серігіне айналды.
Туралық – ақиқат жолы. Өле-өлгенше ақиқаттан айнымау үшін адамға ерік-жігер мен шынайы ықылас аса қажет. Мұның қаншалықты қиын екенін Алла Елшісі (с.ғ.с.) :
فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ
«Әмір етілгендей тура бол»[5] аятын толыққанды жүзеге асыра білу үшін «мені «Һуд» сүресі қажытты»[6] деген. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың бұйырғанындай тура өмір сүру үшін өмірінің соңына дейін бүкіл күш-жігерін жұмсаған, сондай-ақ, үмметіне де осыны үнемі насихаттап отырды. Ол (с.ғ.с.): ِ
اضْمَنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَضْمَنْ لَكُمْ الْجَنَّةَ اصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ وَأَدُّوا إِذَا اؤْتُمِنْتُمْ وَغُضُّوا أَبْصَارَكُمْ وَكُفُّوا أَيْدِيَكُمْ وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ
«Алты нәрсені орындауға кепілдік берсеңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:
– Сөйлегенде шындықты айтыңдар!
– Уәделеріңде тұрыңдар!
– Аманатқа қиянат етпеңдер!
– Ұятты жерлеріңді сырт көзден сақтаңдар!
– Көздеріңді харамға жұмыңдар( харамға қарамаңдар)!
– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар!»[7].
Басқа бір хадисінде:
دَعْ مَا يَرِيبُكَ إِلَى مَا لَا يَرِيبُكَ فَإِنَّ الصِّدْقَ طُمَأْنِينَةٌ وَإِنَّ الْكَذِبَ رِيبَةٌ
«Күмән туғызар нәрсені тастап (күмәнсіз аймақта ғұмыр кеш). Туралық көңілді жадыратып, жанды рахатқа бөлейді. Өтірік көңілге кірбің салып, күмән туғызады»,-дейді[8].
Тағы бір насихатында:
تَحَرَّوْا الصِدْقَ وَ اِنْ رَأَيْتُمَْ فيهِ الْهَلَكَةَ فَاِنَّ فِيهِ النَّجاةَ
«Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға кететіндеріңді білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар», – делінген[9].
Басқа бір хадисте:
عَلَيْكُمْ بِالصِّدْقِ فَإِنَّ الصِّدْقَ يَهْدِي إِلَى الْبِرِّ وَإِنَّ الْبِرَّ يَهْدِي إِلَى الْجَنَّةِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَصْدُقُ وَيَتَحَرَّى الصِّدْقَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ صِدِّيقًا وَإِيَّاكُمْ وَالْكَذِبَ فَإِنَّ الْكَذِبَ يَهْدِي إِلَى الْفُجُورِ وَإِنَّ الْفُجُورَ يَهْدِي إِلَى النَّارِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَكْذِبُ وَيَتَحَرَّى الْكَذِبَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ كَذَّابًا
«Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жәннатқа жетелейді. Кісі әрдайым турашыл болып, оны іздесе, Алла әмірімен шыншылдардың қатарына жазылады.
Өтіріктен сақ болыңдар. Өтірік адамды күнәға, күнә жәһаннамға тастайды. Кісі үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Алла тағаланың жарлығымен өтірікші кәззаптардың қатарына қосылады»- деп әмір етеді[10].
Бүгінгі таңда жалғандық пен өтірік сөйлеу қоғамның бүкіл саласына тамыр жайып, адами құндылықтардың аяқ асты етілуіне тікелей себепкер болуда.
Ал, жалғандық – мұсылмандық сипатқа мүлдем жат. Оған куәлік етудің өзі де – үлкен күнә. Сөзі мен ісінің үйлеспеуі мұнафиқтық (екіжүзділік) болса, алдау, қиянат жасау діннен шығуға әкеледі[11].
Ислам құқығында өмірінде бір рет болса да жалған сөйлеген адамның куәлігі қабылданбайды. Хадис ғалымдары ғұмырында бір мәрте болсын өтірік сөйлеген адамнан хадисті қабылдамауы, исламның шыншылдыққа қаншалықты ерекше көңіл бөлгендігінің айқын дәлелі.
Шындық пен жалған – иман мен имансыздық сияқты жер мен көктей айырмашылықтары бар бір-біріне кереғар ұғымдар. «Алтын ғасырда» (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен әділетті халифалар кезеңі) Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен сахабаларын иманның шыңына шығарған қасиет – олардың шыншылдығы мен шынайылығы еді. Алайда, уақыт өте келе шындық жалғанмен, шынайылық жылпостықпен араласып кетті…
Алау Әділбаев
[1] «Тәубә» сүресі, 119-аят
[2] «Зумәр» сүресі , 33-аят
[3] «Мәида», 119-аят
[4] «Исра» сүресі, 80-аят,; «Шұғара» сүресі, 84-аят; «Жүніс сүресі», 2-аят; «Қамар» сүресі, 54-55-аяттар.
[5] «Һуд» сүресі, 112-аят.
[6] Тирмизи, «Тафсирус сура» 56, 6
[7] Имам Ахмад, «Муснәд» 5/323.
[8] Тирмизи, «Қиамә», 60; «Муснәд», 1/200.
[9] әл-Һинди, «Канзуль-уммаль фи сунәниль-ақуаль уәль-афаль», Бейрут,2004, 3/344; Мунауи, «Фейду’л-Қадир», 3/232 б.
[10] Бухари, «Әдәб» 69; Муслим, «Бирр», 105; Әбу Дәуд, «Әдәб», 80.
[11] Муслим, «Иман» 164; Тирмизи, «Бую»′ 50