Жаратқан  Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

 Ұлы ер жете бастағаннан халқымыз айналасынан өздеріне лайықты қыз іздеп, бір байламға келген кезде «Пәленшенің үйінде өсіп қалған қызы бар екен айттырып қояйық» деп, айттыру рәсіміне кірісе бастайды. Екі ауылдың арасын жол қосады, екі елдің арасын қыз қосады-дегендей. Халқымыздың салт дәстүрі бойынша, көбінесе үйленудің алдында екі жақтың келісімін алу үшін, әрі тойға дайындалу мақсатымен ең бірінші құда түсіп, қызды айттыру салты орындалады. Мұсылмандық салт-дәстүріне көз жүгірткенімізде қызды айттырудың бірнеше түрін кездестіреміз. Қазақ халқында да осы дәстүрлер кеңінен таралғанын тарқатып айтар болсақ.

Бірінші: Қызды ата-анасынан сұрату.

  Жігіт жағы қалауы түскен бойжеткеннің ата-анасынан барып қызын сұрайды. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) Айша анамызбен (р.а.) үйленерде Әбу Бәкірдің (р.а.) өзінен сұраған. Еліміздегі қыз айттыру дәстүрі де көбінесе осы түрде өтеді. Ілгеріде  қазақ халқының әдет-ғұрпы бойынша жігіт әкесі тарапынан қыз таңдау, қыз көру аяқталғаннан кейін, айттырылатын қызға құда түсуге кіріседі. Оны қыздың әкесіне «жаушы» ретінде кісі жіберуден басталатын ,«Жаушының негізгі міндеті – қыздың басы бос болса, қыз әкесінің ниетін біліп, егер ол қарсы болмаса, құдалыққа қай уақытта келетіндігі туралы келісіп қайту. Сондықтан жаушы ретінде әрдайым тапсырманы орындап, біреуден сөз алып, сыр тартып келуге жарайтын пысық адамды жұмсайды.

Екінші: Айттыру.

   Айттыруды «Үкі тағу» ғұрпы деп те атайды. «Бұрынғы кезде де, қазір де құда түсуді, қыздың басы байланғанын білдіретін «үкі тағу» ғұрпы атқарады. Сірә, атауына қарағанда, бастапқы кезде қызға, болашақ келінге үкінің қауырсынын тағып, кейін келе оны сырға алмастырған сияқты. Сондықтан қазіргі кезде бұл атаумен бірге «сырға салу», «маңдайға тиын тағу» секілді сөздер кең таралған»

Үшінші: Қыздың өзіне ұсыныс білдіру.

 Үйлену туралы ұсыныс қыздың тікелей өзіне жасалса да ағаттығы жоқ. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Үммү Сәләмә анамызбен (р.а.) үйленерде тікелей өзіне тілегін білдірген. Үммү Сәләмә анамыз ұсынысын қабыл алып, некелерін қидырған. Осындай жағдай қазақ даласында бірін-бірі ұнатқан жастардың да арасында орын алған, Қыз бен жігіттің бір-бірін ұнатып, өздері үйленуге шешім қабылдаған соң жігіттің ата-анасы қыздың үйіне құда түседі. Бұл дәстүр ислам дінінде де және сондай-ақ қазақ халқының ғұрпында да көрініс тапқан.

Төртінші: Қыздың ата-анасы немесе жақындарының жігітке қолқа салуы

   Пайғамбарымыздың (с.а.с. ): «Кісінің қызын немесе қарындасын тұрмысқа беру үшін жақсы адамдарға өзінің ұсыныс жасауы» деп атаған. Омар (р.а.) қызы Хафсаның (р.а.) күйеуі қайтыс болып жесір қалғанда алдымен Осман ибн Аффанға ұсыныс жасайды. Осман «Ойланып көрейін» дейді. Бір күн өткен соң: «Мен онымен отау құра алмайтын сияқтымын», – дейді. Одан кейін әзірет Омар (р.а) Әбу Бәкірге (р.а)барып: «Қызымды сен ал. Хафсаны саған берейін», – дейді. Әбу Бәкір(р.а) бұл ұсынысқа жауап қатпайды. Ертеңінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хафса анамызды айттырады. Әзірет Омар бұл ұсынысқа қуана келісімін беріп, оларды үйлендіреді.

Сондай-ақ, Құран кәрімде де «Қасас» сүресінің 27-28-аяттарында Мұса пайғамбардың (а.с.) Мәдиан деген жерде қойларын суғара алмай тұрған екі қызға жәрдем еткені айтылады. Қыздар үйлеріне келген соң өздеріне көмектескен кісі жайлы әкелеріне баяндайды. Сонда қыздардың әкесі Мұса пайғамбарға (а.с.) қыздарының біреуін ұсынып үйлендіреді. Осы оқиғалардан көріп отырғанымыздай, мінез-құлқы жақсы, сенімді кісілерге қыз жағы да ұсыныстарын айтып, екі жастың қосылуына мұрындық болуы дінмен құпталған. 

 Ал қазақ ғұрпында бұл дәстүрдің Домалақ ананың тұрмысқа шығуы оқиғасында көреміз. «Мақтым Ағзамның жалғыз немере қызы, азан шақырып қойған шын есімі Нұрила деп аталған Домалақ ана жайлы деректерде сегіз жасынан мешітте дәріс алғаны, бой жетіп, он бес жасқа келгенде қазақ халқындағы ұлы жүзге тиесілі көптеген рудың бабасы саналатын Бәйдібек батырға ұзатылатындығы айтылады. Бұған Мақтым Ағзамның көрген түсі себеп. Онда бабаларының бірі осы көзінің қарашығындай болған жалғыз немере қызының білегін алғаш рет кім ұстаса, сол кісіге некелестіріп, ұзату керектігін айтқан сөздерін жақсылыққа жориды. Күндердің күнінде, он төрт жасқа толып, бой түзеген Нұрила су әкелу үшін құдыққа барғанда, құдыққа түсіп кеткен. Оны көрген ауыл балалары шулап, ел-жұртқа хабарлағанда алғашқы болып жәрдемге Бәйдібек батыр келіп, қызды құдықтан құтқарып алған. Оқиғаның мән-жайын білген атасы, көкейінде сақтаған, илаһи түске балаған жағдайды ескеріп, Нұрила немересінің білегіне алғаш қолы тиген ер-азамат Бәйдібек батырға ұзатқандығы жөнінде айтылады».

  Бесінші: Бірін –бірі көру.

  Атастырылған жастардың бірін-бірі көруіне және сөйлесуіне болады. Өмір бойы бір жастықты жастанып, қиын белестерден қол ұстасып бірге өтетін екі жастың некеден бұрын міндетті түрде бір-бірін көріп, бір-бірі жайы мәліметтері болуы керек. Бұл шаңырақтың беріктігі үшін маңызды. Жігіттің қалыңдықты, қалыңдықтың жігітті көруі керектігі хадистерде де айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйленетін кезінде сахаба Муғира ибн Шуьбәға: «Үйленетін қызыңды көр. Өйткені үйленбей тұрып оны көру бір-біріңе деген сүйіспеншіліктің баянды болуына септігін тигізеді», деген. Осы өсиетке сай үйленбей тұрып қалыңдығын көрген Муғира (р.а.) отбасылық өмірінде өте бақытты болғанын, екеуінің жақсы тіл табысқанын айтады. Осыған орай фиқһ ғалымдары үйлену ниетімен қалыңдықтың жүзіне, қолына, көзіне қарауға рұқсат деген. Бірақ үйленетін екі жастың бір-бірімен жолығысуы үшін қастарында қыз жағынан немесе жігіт жағынан бір туыс әйел жүруі керек. Себебі дніміз бойынша некесі қиылмаған қыз бен жігіттің оңаша  қалуына рұқсат етілмейді. Олар бір-бірін тануы үшін әңгімелесуі де қажет. Бұл кезде екі жас бір-бірінің сұрақтарына еш нәрсені жасырмай, бүкпесіз жауап беруі керек. Әрі өздерінің талап-тілектерін де білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мәліметтер ала алады. Қалыңдық пен жігіттің сөйлесуіне дініміз рұқсат бергенін мына оқиғадан көре аламыз. Халифа Омар (р.а.) әзірет Алидің қызы Үммү Күлсімді айттырмақ болады. Сонда әзірет Али (р.а.): «Қызымның пікірін сұрап көрейін, ол не дейді екен?» деп, қызына болған жайды баяндайды. Үммү Күлсім: «Халифа Омарды жақыннан көрген емеспін, оны танымаймын ғой», – дегенде, әкесі: «Олай болса сені халифа Омардың үйіне жіберейін, кездесіп, танысыңдар», – дейді. Үммү Күлсім халифа Омардың үйіне барып, онымен танысады. Екеуі сөйлескеннен кейін халифаның ұсынысын қабыл алып, оған тұрмысқа шығуға келіседі. Қазақ халқында да осыған сәйкес күйеу жігіт жағы қалыңмалын төлеген соң, қалыңдығын көруіне, онымен тілдесуіне рұқсат етіледі. Бірақ бұл кезде қызды жалғыз қалдырмай, қасында жеңгелері мен ауылдың қыздары болады.

Насрулла мешітінің имамы: Юсупов Талғат Абдукәрімұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38