ҚМДБ, ОҚО бойынша өкілдігіне қарасты Түркістан қаласы орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің ұйымдастыруымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында 21 қаңтар 2017 жылы «Сағындым сені, йа, Расулалла!» атты рухани кеш өтті. Мәуліт кешіне 1000-нан аса Түркістан қаласының тұрғындары жиналды.
Рухани кеш басын Қасиетті Құран мен салауат айтумен ашып, ары қарай Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театр өнерпаздары дайындаған «Пайғамбарымыздың өмірге келуі» атты сахналық қойылым жалғады. Одан әрі ҚМДБ, ОҚО бойынша өкіл имам Ахметжан қажы Керімбек мырза және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев, облыстық мәслихат депутаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы Рахым Тәңірбергенов мырза сөз алып, жүрек жарды тілегін айтты.
Кешті Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат әндермен арнаулар жалғады. Сахналық қойылымды ары қарай «Өнер қырандары» театрының «Шүкіршілік» атты қойылымдары жалғаса, кешті Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Рысбай Асыл ақын жүргізсе, терме, «Тәубеге келу», «Пайғамбарды аңсау» атты көріністер көрермен жүрегін елжіретіп, көңілден орын алды. Кеш соңында Түркістан қаласы орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Омар қажы Елеуұлы ағамыз сөз алып, барша жамағаттарға алғысын айтты.
Өкілдіктен келген және барлық кеште өнер көрсеткен өнерпаздарға арнап орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің имандылық асханасында арнайы дастархан жайылып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар үлестірілді.

Орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің баспасөз бөлімі

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38