Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.
Жалпыұлттық аза тұту күніне орай бүгін еліміздің барлық мешітінде Құран хатым дұғасы жасалды. Бас мүфти бастамасы негізінде жүзеге асқан игі іске еліміздің барлық өңіріндегі құлшылық ордалары бірыңғай үн қосып, жергілікті уақыт есебімен сағат 10.00-де бір мезетте Құран оқылып, қазаға ұшыраған марқұмдардың рухына бағышталды.
Сауапты шараға ҚМДБ Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы арнайы қатысып, Құран хатым дұғасын жасады. Қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, жарылыстан зардап шеккен жамбылдық жерлестерімізге сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап бата жасады.
Шараға қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарындағы 89 мешіт имамдары мен ақсақалдары, жамағаты қатысты.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі