Араб тіліндегі дуъаа – дұға сөзінің мағынасы сұрау, жалбарыну дегенге келеді. Аллаға дұға ету деген сөз. Оған жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау дегенді білдіреді. Басқа бір адамға дұға ету ол адамға жақсылық тілеу дегенге саяды. Демек, дұға – пенденің Раббысынан жалбарынып сұрауын білдіреді екен. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ﴾
«Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын», – деді» (Ғафыр: 60).
﴿وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ﴾
«Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» (Бақара: 186).
Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Алланың құлдары дұға қылыңдар», – деген (Хаким және Ахмед).
Сәлманнан (Алла оған разы болсын) жеткен хабарда: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жазмышты тек дұға ғана қайтарады, ғұмырды ізгілік қана ұзартады», – деді» (Термези және Хаким).
Кейде дұғаның қабыл болуы біраз уақытқа кешігуі ықтимал. Оған Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың қиссалары дәлел бола алады. Алла Тағала ардақты пайғамбар болса да Жақып пайғамбардың (ғ.с.) баласына қайтарып беруі туралы ондаған жылдар бойы жасаған дұғасының жауабын кешіктірді. Сондай-ақ, Аййуб пайғамбардың (ғ.с.) дертін айықтыруы туралы тілеген дұғасы да бір мерзімге дейін кешіктірілген. Сондықтан да Алла тағала кейде сұраушыға сұраған жақсылығынан әлденеше есе қайырлы нәрсе сыйлауы мүмкін немесе сақтанған жамандығынан әлденеше есе үлкен апаттардан жамандықтардан сақауы ықтимал.
Шымкент қаласы орталық мешіті