Қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Қаріп-қасер, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды. Осындай мол пейіліне қарай Жаратқан Ие де қазақ жұртын жарылқауынан кенде етпеген. Оның бір дәлелі мынадай мақал-мәтелдері десе болады. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды».

Халқымызда қалыптасқан бауырмалдық, жанашырлықтың негізі қасиетті аяттар мен хадистерде жатыр десек қателеспейміз.

Алла Тағала былай дейді: «Шындығында, мүміндер – бауырлар»[1].

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мүміндердің ішіндегі иманы толығы – ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары»[2].

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Мүмін адам достасқыш. Достаспайтын, тіл табыспайтын жаннан қайыр жоқ», − деген[3].

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық та қылмайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде-кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады»[4].

Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Мұсылманның мұсылмандағы хағы бесеу: сәлеміне сәлем қайтару, ауру болса халін сұрап бару, қайтыс болса жаназасына қатысу, қонаққа шақырса бару, түшкірсе «Алла рахым етсін» деп айту»[5].


[1] Хужурат сүресі, 10-аят.

[2] Табарани риуаят еткен.

[3] Ахмет, Бәйһақи риуаят еткен.

[4] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[5] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38