Шымкент қаласына екі күндік ресми сапармен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесті.
Бас мүфти бастаған делегацияны жылы қабылдаған шаhар басшысы кездесу барысында қала аумағындағы діни ахуал мәселелері, қайырымдылық бағытындағы жұмыстар, мешіттер төңірегінде сұхбаттасты.
Айта кетсек, биыл қала әкімінің тікелей қолдауымен 75 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді және ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің қолдауымен «Рамазан қайырымдылық айы» іс-шарасы өтті.
Өз кезегінде ел мұсылмандарының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қала әкіміне ризашылығын білдіріп, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарына жоғары баға берді.
«Шымкент – еліміздегі мешіттердің саны жағынан алдыңғы орында. Осы мешіттердің ісіне жәрдем беріп келе жатқан азаматтарға рахмет. Діни басқарма 7 жұмыс бағытынан бөлек «Зират пен зиярат әдебі», «Ас беру мәдениеті» сынды құжаттарды қабылдаған едік. Осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарымызға қолдау білдіргеніңізге алғыс айтамын. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында бірнеше жобаларымыз бар. Оны да жергілікті әкімдіктермен бірге атқармақпыз. Өзіңізге Рамазан айында көрсеткен қолдауыңызға ерекше ілтипатымды жеткіземін» – деді Бас мүфти екіжақты кездесуде.
Сондай-ақ жүздесу соңында Бас мүфти аймақ басшысына «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабын сыйға тартты.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 89 мешіт ҚМДБ-на филиал болып тіркелген. «Шымкент» медресе-колледжінде ерлер мен қыздар бөлімі қатар жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты 1 «Ықылас» қарилар дайындау орталығында 70 шәкірт, «Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti» жеке қайырымдылық мекемесінде 40 шәкірт онлайн тәлім алуда.
Еске салайық, бүгінгі кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдрахманов қатысты.