Құран Кәрімде: «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін (яғни көңілін иман нұрымен нұрландырып) Исламға айқара ашады», – делінген («Әнғам» сүресі, 125-аят).
Басқа діндегі адам мұсылман болу үшін шаһадат кәлимасын, яғни «Әшһаду ән ләә иләәһа илләллааһу, уә әшһаду әннә мухаммадән абдуһу уә расуулүһу» деп айтады. Мағынасы, «Мен Алладан басқа құлшылық етуге лайық ешбір құдай жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін». Иман сөзін тілмен айтып, жүрегімен бекітуі шарт.Ислам дінін қабылдаған адам алдымен таңдаған жолы (діні) хақ екеніне және оның әрбір үкіміне сеніп, иман келтіруі, өзінің сенгенін тілмен айтып, иқрар етуі парыз. Иманның шарттары жетеу: Алла Тағалаға, періштелерге, түскен қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне, тағдырға, яғни жақсы-жаман істердің әрбірі Алла Тағаладан екеніне, Қиямет күні қайта тірілуге кәміл сену, илану.
Құран Кәрімде: «Уа, иман еткендер! Аллаға, Пайғамбарына һәм пайғамбарына бірте-бірте түсірген Кітапқа, сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға лайықты түрде иман келтіріңдер. Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иланбай, күпірлік қылса, онда шүбәсіз, хақ жолдан мүлдем алыстап, қатты адасқан болады, – делінген («Ниса» сүресі, 136-аят).
Ислам дінін қабыл еткен адамның өткен барлық күнәсы кешіріледі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бұрынғы күнәларды өшіреді», – деген (Мүслім).
Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған адамның ғұсыл құйынуы мұстахаб («әл-Жәуһарат ун-Нәйира», 1/146). Оған Ислам дініне қатысты керекті ілімдерді үйренуі, намаз оқуы, бай болса, зекет беруі, Рамазан айының оразасын ұстауы, шамасы келсе, қажылық сапарына баруы міндет болады.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ