Әлемдердің Жаратушысы, әрбір нәрсенің түпкілікті Иесі – Хақ Тағала осы пәни жалғанда бірі арқылы екіншісінің қадір-қасиетін, болмысын танитындай етіп бір-біріне қарама-қарсы заттар мен құбылыстарды, олардың ішінде өмір мен өлімді де жаратыпты. Соңғы екеуі адамдар үшін үлкен сынақ. Ол туралы Алла Тағала былай деген:

تَبَارَكَ الَّذِي بِيَدِهِ الْمُلْكُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ *الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلاً وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

«Бүкіл билік қолында болған (Алла) аса ұлық және әр нәрсеге құдіретті. Ол қайсыларыңның амалы ең жақсы екендігін сынау үшін өлім мен өмірді жаратқан. Ол Үстем әрі Кешірімді» (Мүлік, 1, 2)

Демек, өлім мен өмірдің жаратылуындағы басты себеп – үлкен сынақ, анықтап айтар болсақ, ол сынақ – дүние тіршілігінің қамшының сабындай қысқалығы, өлімнің күтпеген кезде кенеттен келіп қалу ықтималдығы әрі аятта аталғандай сол межелі мерзімде ізгі істер жасап, дүние тіршілігінде Алланың әмірімен жүру. Аталмыш аятта өлімнің өмірден бұрын айтылуын адам тіршілігінің ең бірінші өлімнен, яғни, жоқтан пайда болуы арқылы басталуымен байланысты деп түсінбек керек. Әрбір адам, қала берді, күллі ғалам, жаратылыс атаулы Жаратушы Хақ Тағаланың құдірет-қалауымен жоқтан бар болды. Ал жаратылуынан бұрын олар жоқ, яғни өлгенмен тең еді. Барлық абсолюттік кемелділік бір Аллаға ғана тән. Оның сипаттарының бірі – әл-Хайй, яғни Мәңгі Тірі. Ол – әл-Әууәл һәм әл-Ахир, яғни Оның бар болуының басталуы да аяқталуы да жоқ. Ондай дүниелік өлшемдер жұмыр басты пенделер үшін, жалпы жаратылыс үшін ғана жаратылған. Сондықтан да әрбір жаратылғанның, яғни махлұқтың, ол адам болсын, жын болсын, періште болсын, жан-жануар, аспан, жер – бәрінің тіршілігінің басталуы мен аяқталуының болуы хақ нәрсе. Алла Тағала былай деді:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ

«Барлық жан өлімді татады» (Әнбия, 35).

Демек, «жазмыштан озмыш жоқ», қалай болғанда да әрбір жан иесінің өмір тіршілігінің соңғы нүктесі – өлім. Ол сөзсіз болатын құбылыс. Сондай-ақ, өлім кез келген уақытта: күндіз де, түнде де, адам қандай халде жатса да келеді. Бұл адамның қалауына тәуелді емес, Алланың қалауына ғана байланысты. Яғни, туылмастан бұрын өзінің қай уақытта туылатыны туралы мүлде бейхабар болғаны сияқты пендеден қай уақытта қайтыс болатыны туралы да одан сұралынбайды. Мұның өзі адам баласының дәрменсіз жаратылыс екендігіне, барлық биліктің иесі – Жаратушы Хақ Тағала екендігіне айқын дәлел, айнымас ақиқат.

وَهُوَ الَّذِي يَتَوَفَّاكُم بِاللَّيْلِ وَيَعْلَمُ مَا جَرَحْتُم بِالنَّهَارِ ثُمَّ يَبْعَثُكُمْ فِيهِ لِيُقْضَى أَجَلٌ مُّسَمًّى ثُمَّ إِلَيْهِ مَرْجِعُكُمْ ثُمَّ يُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ *وَهُوَ الْقَاهِرُ فَوْقَ عِبَادِهِ وَيُرْسِلُ عَلَيْكُم حَفَظَةً حَتَّىَ إِذَا جَاء أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ تَوَفَّتْهُ رُسُلُنَا وَهُمْ لاَ يُفَرِّطُونَ

«Ол (Алла) сендердің жандарыңды түнде де алады әрі сендердің күндіз не істегендеріңді біледі. Сосын сендерді белгіленген мерзім бітуі үшін күндіз тірілтеді. Сосын сендер Оған қайтып барасыңдар да, Ол сендерге сендердің істеген істерің туралы айтып береді. Ол (Алла) Өзінің пенделеріне Өктем әрі сендерге қорғаушыларды жібереді. Сендердің біреулеріңе өлім жеткенде Біздің елшілеріміз оның жанын алады һәм олар еш қателік жасамайды» (Әнғам, 60, 61).

Өлім бір жағынан, өмірдің ақыры болса, екінші жағынан, жаңа өмірдің, мәңгілік өмірдің бастауы. Ол – не жұмақ, не тамұқ тіршілігі. Жұмақтағылар – нағыз бақыттылар, ал тамұқтағылар – нағыз бақытсыз бейбақтар. Шын мәнінде Алла Тағала оларға зәредей қиянат жасамаған, керісінше, олар өз-өздеріне қиянат жасаған.

Өмірдің соңғы нүктесі – өлімнің де соңғы нүктесі, яғни жойылатын, өлетін уақыты болады. Ол жағдай бүкіл адамзаттың, күллі жаратылыстың тағдыры шешіліп, жәннаттықтарға жәннатқа, тозақтықтар тозаққа кіргізілген соң орындалады. Бұл туралы Сахих кітаптарында Пайғамбардан (с.а.с.) жеткізілген мынадай хадис бар. «Жәннаттықтар жәннатқа, тозақтықтар тозаққа кіргізіліп болған соң жәннат пен тозақтың ортасына өлім әкелінеді. Сосын ол бауыздалады. Сонан соң «Ей, жәннаттықтар! Сендерге енді өлім жоқ, мәңгілік рахат! Ей, тозақтықтар! Сендерге енді өлім жоқ, мәңгілік азап!» делінеді. Сонда жәннаттықтардың қуаныштарында шек болмайды. Ал, тозақтықтардың қасіреттерінде шек болмайды».

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38