Ел мұсылмандарының сүйіп оқитын «Иман» журналының кезекті санына материал дайындап отырғанмын. Ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. Кім екен деп қарасам Ләтифулла екен. Сонау алпысыншы жылдары ҚазҰУ-де бірге оқыған курстас досым. Амандық сұрастық. Дауысы әлсіздеу естіледі, ентігіңкіреп сөйлейді. Сырқаттанып жүргенін айтты. Бір кездегі бір топ курстастарымнан көзі тірі мен білетін екеуі ғана қалған. Бірі осы Латифулла Қабашев. Екіншісі Астанадағы Табыл Қулиясов. Осыларды көрсем дүниеден ертерек өтіп кеткен Оралхан Бөкеев, Сейіт Кенжеахметов, Сабыржан Шүкіров көз алдыма келеді. Аудиторияда баяғыша қалжыңдасып жүргендей болады. Солардың бәрінің басын қосып, қалжыңға қарқ ететін осы Латифулла ғой. Сонау Астрахань өңірінде туып өскен. Ең алғаш Алматыда Қазақстан тұтынушылар қоғамында қызмет етті. Кейінірек «Қазақфильмнің» деректі фильмдер түсіретін жағында басшылықта болды. Бірнеше деректі фильмдер түсірді. Зейнетке шыққан соң күй атасы Құрманғазы мен кеңес заманының алғашқы кезеңінде жала жабылып, қызылдардың қуғындауына ұшыраған Аманғали деген ұлтшыл тұлғамыздың өмір жолы туралы кітаптар жазып, оқырмандардың жүрегіне жол тапқан еді. Үнемі деректер жинаумен еліміздің Орал және Атырау аймақтарын жиі аралайтын. Жасы жетпістен асқанда сүйікті жары Бақытжамал дүние салды. Бақытжамал намазхан еді. Бес уақыт намазын үзбейтін. Үйінде бас қосқанымызда екі ұлы, бір қызы және сүйікті жары үшін Аллаға шүкір деп отыратын. Латифулла болса діни басқарма жанындағы діни сауат ашу курсында дәріс алды. Қасиетті Құранды түпнұсқада оқу бақытына ие болды. Бақытжамалдың жетісі, қырқы мен жылын ұлттық-мұсылмандық дәстүрімізге орай көп кісінің басын қосып, имамға Құран оқытып әрі хатым еткізіп өткізді. Онда ағайындары Әнес Сараев, Ғазиз Алдамжаров, Мереке Құлкенов, Самат Ыбырайымов, Қали Сәрсенбай және т.б. да белгілі көпке танымал тұлғалар қатысты.
Әлі есімде, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында қызмет етіп жүрген кезімнің бір кешінде Латифулла кіші ұлы Марғұланды маған ертіп келді. Іргеміздегі қалалық Орталық мешітке қадір түнін сонда өткізуге ниет еткен екен. Діндарлығына, ұлтжандылығына сүйсіндім: «Дұға-тілектерің қабыл болсын!» деп ақжарма батамды берген едім…
Оның бұл хабарласуының жөні бөлек екен. Үлкен қуанышқа кенелген. Кіші ұлы Марғұланнан келіні Жанар бірден үшемді дүниеге келтірген. Үшеуі де ұл! Қандай қуаныш, қандай бақыт десеңізші?! Үшемдерге халқымыздың дара нартұлғалары Исатай, Махамбет, Құрмаш (Құрманғазы) есімдерін қойыпты. Ниеттері қабыл болып, сол даңқты да атақты бабаларымыздай халқымыздың абыройын көтергей! Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен ақиретте үмметімнің көптігімен мақтанамын» деген емес пе?!
Қуанышына ортақтастым. Бауы берік, болсын дестім. Ия, бұл бір Латифулла отбасының ғана емес, түсіне білсек барша қазағымыздың қуанышы деп білеміз. Бүгінгідей шығыстан батысқа, оңтүстіктен теріскейге созылып жатқан ұлан ғайыр тәуелсіз елімізге иелік ететін қандастарымыздың көбейе түсуін Құдайдан жатсақ та, тұрсақ та тілеп жүрген жоқпыз ба?! Бір шаңырақта бірден үш ұлдың дүниеге келуі қуаныштың нағыз көкесі емес пе?! Мұндай қуаныш пен бақытты әр қазағымыздың отбасына тілейік! Маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың: «Әр қазағым – жалғызым» деген қанатты сөзі әр қандасымыздың бір-бірін сыйлап, қадіріне жетіп, тату-тәтті жүруі үшін жадында тұруы тиіс. Бірақ, мына жәйт есте мықтап сақталуы қажет: қазіргі таңда үлкен өкінішімізге орай қазақ тіліне, дініне, ондағы түрлі ағымдарға қарай бөлінетіні арқамызға аяздай батады. Сан ғасыр бойы Ислам дініндегі Ханафи мәзһабын ұстанып, ұлттық салт-дәстүрімізді танытқан қазақ дінде бөлінушілікке, алауыздыққа ұшырамаған. Соны жалғастыра алсақ ғана түрлі келеңсіздіктен: дау-дамай, қантөгіс, лаңкестіктен іргемізді аулақ сала аламыз.
Латифулла досым көңіліндегі бір қимас қынжылысын білдірді. Пәтеріндегі отбасы мүшелерінің осы қуанышты толығуы тағы бір қиындықты туғызған көрінеді. Пәтердің тарлық етуінен ұлы мен келіні үш немересімен бірге қайынжұртына Абай еліне жүрмек. Қысты сонда өткізіп қайтпақ. Әрине, қолдан келер басқа шарасы жоқ. Немерелерін де, ұлын да, келінін де қимайды. Іштей ойладым: «Елімізде үшемнің дүниеге келуі өте сирек. Ондай бола қалған жағдайда сол қуанышты оқиғаны телеарналар мен баспасөзіміз іле-шала хабарлап, оған жергілікті әкімшіліктер тарапынан пәтер беру секілді қамқорлық жасалғаны да жұртқа айтылып жатады. Мұның өзі үшемге деген құлшынысты да туғызбай ма?! Бәлкім, көпті елең еткізер осы қуанышты хабар Алматы қаласы мен аудан әкімшіліктеріне әлі жетпей жатқан шығар» деп. Мұны Латифуллаға сыпайылап құлаққағыс еткенімде бұл қуаныштарын әлі ешкімге жеткізбегенін аңғартты.
Мұнысын өзіне тән сабырлығы мен кішіпейілділігіне, қарапайымдылығына баладым. Дегенмен оның қуанышын көпшілікке жеткізуді өзіме парыз санадым. Қуанышты бөліссе көбеймей ме?!
Оңғар Өмірбек,

Қазақстанның құрметті журналисі,
«Иман» журналының Бас редакторы.

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38