Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға және Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) салауаттар мен сәлемі болсын.
Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтай білген мол парасат егесі. Қазақ халқы талайлы тағдырында сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, арына дақ түсірмеген текті халық. Артық күлкі, артық ұйқы, артық тамақтың өзін арсыздыққа балаған ата-бабаларымыз ар тазалығына өткір сынмен қараған. Ел ішінде кең тараған «Мал сақтама, ар сақта», «Ердің құны бір ділдә, абыройы мың ділдә», «Ар иманның жолдасы», «Ақылың болса, арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деген нақыл сөздер соның белгісі.
Ар-ұят, намысты сақтау әдептіліктің белгісі. Әдептілік деген – үлкенге қамқоршы, кішіге мейірімді бола білу. Ұяты бар адам әдеп сақтай алады. Адам баласының бәрі бұл өмірде бақытты болсам дейді. Сол бақытқа жету үшін қолынан келген бар мүмкіндігін істеп бағады. Бірақ өкінішке орай көбісі ақырет бақытына апарар жолды ұмытып жатады.
Намысты болу барша көркем мінез-құлықтардың күре тамыры. Абырой, тұлғалық, құрмет секілді қасиеттер дәл осы намысты болумен байланысты. Алла Тағала намыс тұрғысынан екі тұлғаны мүміндерге ғибрат болулары үшін Құранда атап өтіп, оларды мақтаған. Олар «Юсуф» сүресіндегі Жүсіп (ғ.с.) және Исаның (ғ.с) анасы Мариям анамыз.
وَالَّتىِ أَحْصَنَتْ فَرْجَهاَ فَنَفَخْنَا فِيهَا مِن رُّوحِنَا وَ جَعَلْنَها وَابْنَهَآ ءَايَةً لِّلْعَلَمِينَ
Сондай абыройын қорғаған (Мариямға) рухымыздан үрледік. Сондай-ақ, өзін де ұлын да бүкіл әлемге ғибрат қылдық. (Әнбия сүресі, 91-аят). Намыстарын қорғағандар, мейлі әйел болсын, мейлі еркек болсын олар Алла Тағаланың нағыз кешірімі мен үлкен сауабына ие болады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген. (Бухари, Риқақ 23) Сонымен қатар, еркектер мен әйелдер арасында ұят, ар-намыс, нәзіктік сияқты сезімдердің орын алуы да өте маңызды. Өйткені, Ислам діні барлық арсыздықтар мен ұятсыздықтарды, бүкіл жаман қасиеттерді харам деп бекіткен ұлық дін.
Хазреті Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде ұятты болуға шақыратын ұлағатты сөздерін көп кездестіреміз.
قَالَ رَسُولُ اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ: «إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا وَ إنَّ خُلُقَ الإسْلامِ اَلْحَيَاءُ»
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (ﷺ): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық,»-деген. (Ибн Мәжә)
قَالَ رَسُولُ اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ:»اَلْحَيَاءُ لاَيَاءْتِي إِلّا بِخَيْرٍ» وَ فِي رِوَايَةٍ : «اَلْحَيَاءُ خَيْرٌ كُلُّهُ»
Имран ибн Хусайннан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (ﷺ) : «Ұят тек жақсылық әкеледі»,-деген. Басқа риуаятта: Ұяттың барлығы да қайырлы,-делінген. (Бухари, Муслим)
Ұят дегенді қолға ұстауға болмаса да, сезінуге, көзбен көруге әбден болады. Ар-намысына тырысып, ұялғанын жүзінен байқауға болады. Беті не құлағы қызарып немесе төмен қарап ұяттық белгісін көрсетеді. Мұндай іс-қимылдармен ұялу, қуану, ашулану, қайғыру, шошыну секілді істерді білдіріп отырады.
قَالَ رَسُولُ اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ: «الْحَيَاءُ مِنْ الإِيمَانِ وَ الإِمَنُ فِي الْجَنَّةِ وَ الْبَذَاءُ مِنْ الْجَقَاءِ وَ الْجَقَاءُ قَي النَّرِ»
Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (ﷺ) былай деген: «Ұят-иманнан, ал иман жәннатта болады. Бұзық сөз-дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады». (Тирмизи) Сонымен қатар көп күлу, қалжыңдау да адамдардан ұялмаудың көрінісі. Бұл туралы хазірет Омардың (р.а.) мынадай сөзі бар: «Күлкісі көбейгеннің сұсы азаяды. Көп қалжыңдасатын адам келекеге ұшырайды. Кім нені көп істесе, сонысымен танылады. Көп сөйлеген адам – көп қателік жібереді. Қателікті көп істейтін адамның ұяты азаяды. Ұяты азайған адам күнәлі нәрселерге үйірсек келеді, ондай адамның жүрегі өледі» – деген.
Егер адамдарда әдеп пен ұяты, қоғамдық пікірі болмаса, әрине, жер беті тек тәртіпсіздердің мекені болар еді. Жіберген қателіктері мен күналары үшін ұялмаса, адамдардан қымсылмаса, Алладан қорықпаса оны келеңсіз жаман істерден тыю мүмкін болмас еді. Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған. «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ұяң адам-ұялшақ, ұятсыз адам-сұраншақ» тағы көптеген басқа да халық мақал-мәтелдері жиі кездесетіні бізге мәлім. Кезінде бабаларымыз көшіп-қонып, дала жұрты болғанының өзінде дүние, мал-жанға қарамастан, ар-намысты аяқ-асты таптатпай бекем ұстаған. Өйткені, ата-бабаларымыз «өлімнен ұят күшті» дейтін, бұл бір имандылықтың белгісі.
Намысшыл ата-бабаларымыз кез келген мәселеде ар-ұятты болуға тырысып, «Ұят – ар сақтайды, арлыны ел мақтайды. Кімде ұят болса, иман сонда» – деген қазақ мақалында терең ой жатқанын байқауға болады.
Ар-ұятың тұрса бойда жаңғырып,
Бұл парасат – әдептіге тән қылық.
Болу керек қасиетті ұстаным…
Ар мен ұят әр жүректе мәңгілік…
Жалпы қазақ әдеп-ибасының тең жартысы әйелге байланысты айтылады екен. Қызға 40 үйден тыйым салатын бабаларымыз «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, әйел затын ардақтауға шақырған. Дүниеде ұяттан сұлу нәрсе жоқ. Әдеп-иба адамдықтың белгісі деп, ар-ұят имандылықтың шарты еткен. Ұл жаманы үйге, одан қалса ауылға залал салады, ал қыз жаманы бір елді емес, екі елді бірдей шулатады деп, қыздың әдеп-ибасының ел әдебімен байланысты екенін жақсы қорытындылаған. Ұлттың болашағы әйелдер қауымы, өлімнен ұят күшті деп атадан балаға жалғасқан әдеп-ибамызды әспеттей берейік.
Дәстүрімізде әйелдер де күйеулерінің атын атамай «Отағасы», «әкесі» деп сыпайы сөйлеген. Сондай-ақ, ата-енесінің, қайын інілері мен сіңлілерінің есімдерін атамаған. Үлкен кісілердің алдын кесіп өтпеген. Қазіргі кездегі әйелдердің діндарлық, әдептілік, ар-намыс жайындағы түсініктерімен бірге, жағасы ашық көйлек киюі, ашық-шашық жүруі шариғатқа тура келмейді. Мұсылман әйел қашан да Алланың бұйрығына сай әурет жерлерін жауып киінуімен, қай кезде де ұятын сақтаған имандылығымен ерекшеленген.
Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген:
وَ قُل لِّلْ مُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَ يَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَ لاَ يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إلّاَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا
«Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдептіліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін.» (Нұр сүресі, 31-аят)
Әйел баласына тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы көріп, көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) ұятсыздық пен жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн.
Мысыр елін Перғауындар әулеті билеп жатқан еді. Олар өте залым әрі тәкәппар адамдар болатын. Шекарадан қандай да бір бөтен әрі сұлу әйел өтсе, дереу Перғауынға білдірілетін. Егер тұрмысқа шыққан болса, сол мезетте күйеуі өлтірілетін, ал егер ағасы немесе інісі болса, одан әлгі әйелді сұрап алатын. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) қасында Сара анамызбен бірге шекарадан өткенде, дереу сарайға хабар жеткізілді. Өте көрікті бір әйелдің сарайға келгендігі білдірілді. Олар Сара анамызды алып, сарайға әкелді. Осы жайында хадисте былай делінген: «Сара сарайға кірген кезде дереу дәрет алып, екі ракағат намаз оқу үшін Алланың құзырында тұрды. Намазды бітірген соң Алла Тағалаға былайша жалбарынды: Ей, Аллам! Мен Саған әрі Сенің пайғамбарыңа иман келтірген, намысымды күйеуімнен өзге барлық адамдардан мұқияттылықпен қорғаған әйел болсам, онда мені мына бір кәпірге қорлатпа…» деді.
Перғауын Сараның қасына жақындамақшы болды. Алайда бірден тынысы тарылды. Тіпті аяқ-қолы да істемей қалды. Өйткені, Алла Сара анамызды оның жамандығынан қорғап тұрған еді. Осы жайт бірнеше рет қайталанды.
Перғауын қорыққаннан оны еркіне жіберді. Өзінің сарайындағы қызметші әйел Хажарды да оған сыйлық ретінде беріп жіберді. Бұған таңқалған айналасындағыларға: «Мына әйел жынды. Қасымда тағы біраз уақыт болғанда, өліп кететін едім. Зиянынан сақтау үшін оған Хажарды да бердім» деді.
Қазақ иманын өмір сүрудің тірегі, ар-ожданның асыл ақиқаты деп ұққан. Сол себепті жүректен иман шыққаннан кеудеден жанның шығуын артық санаған. Оған халқымыздың мына бір сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде қазақтың «арым» деп, отырғаны – иман. «Ұят кімде болса, иман сонда» деуі де осыған саяды. Ұятын сатқан жанды «иманын сатты», арсыз жанды «имансыз» деп бір сөзбен жеткізген. Бұл қазақтың аса иманды, момын-мұсылман екендігінің белгісі.
Пайғамбарымыз (ﷺ) «Иманның 60 бұтағы бар. Соның бірі ұяттылық». «Ұятты болу – иманнан». «Иман және ұят ажырамайтын егіздер, бірі жоғалса екіншісі де кетеді» – деген.
Халқымыз «Ұялмағаннан өзің ұял» деген. Ұят не үшін керек? Ұяттылық адамгершіліктің ең жоғарғы санаты болған соң, иман сияқты жақсылыққа бастап, жаманшылықтан сақтайды.
Хазірет Осман (р.а.) ұяты жағынан бізге үлгі боларлықтай теңдессіз тұлға болатын. Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) тіпті періштелердің өзі одан ұялатынын айтқан. Ұяттан жұрдай болып, қоғамда да ұятсыздық пен арсыздықты жаюды қалайтындарды Алла Тағала былайша сынға алған:
إِنَّ الَّذِينَ يُحِبُّنَ أَن تَشِيعَ الْفَحِشَةُ فِي الَّذِينَ ءَامَنُوا لَهُمْ عَذَبٌ أَلِيمٌ فِي الدُّنْيَا وَ الْأَخِرَةِ
«Расында сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге: дүние, ахиретте күйзелтуші азап бар». (Нұр сүресі, 19-аят) Сондай-ақ, намаз оқу да Алладан ұялу сезімін күшейтеді. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде:
اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَ أَقِمِ الصَّلاَةَ إَنَّ الصَّلاَةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَ الْمُنْكَرِ وَ لَذِكْرُ اللّهِ أَكْبَرُ
«Кітаптан саған уахи етілгенді оқы және намазды орында. Шын мәнінде, намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Ал Алланы еске алу-аса ірі нәрсе». (Әнкабут сүресі, 45-аят)
Сол себепті намаз арсыздық пен ұятсыздыққа бөгет болады. Ұлы құстың ұясы биік болады дегендей, ұлы адамның ұяты биік болады.
«لَيْسَ الْمُؤمِنُ بِالطَّعَّانِ وَ لاَ اللَّعَّانِ وَ لاَ الْفَاحِشِ وَ لاَ البَذِيِ»
«Мүмін басқаларды масқараламайды, әдепсіз, ұятсыз болмайды және лағынет айтпайды» – деген. (Тирмизи)
«لَمْ يَكُنْ رَسُولُ اللَّهِ صلى اللَّه عليه و سلم فَاحِشًا وَ لاَ مُتَفَحِّشًا وَ كَانَ يَقُولُ: إِنَّ مِنْ خِيارِكُمْ أَحسَنُكُمْ أَخْلاَقًا»
«Расулулла (ﷺ) бейпіл сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін. Әрі сендердің абзалдарың мінез-құлығы жақсы болғандарың» дейтін. (Бухари, Муслим)
Жаным арымның садақасы деп, ар-намыс жолында шыбын жанның да құрбан екенін ескерткен екен дана халқымыз. Өлімнен ұят күшті – деп, атадан балаға жалғасқан әдеп, ар-намысымызды әспеттей берейік. Иә, арлылық ең ізгі қасиет десек, арсыздық адамға ешқашанда жақсылық, опа әкелмейді. Арсыз адамның екі дүниесі де қараңғы. Ел де арсыз адамнан қашады. Өзінің қара сөзінде «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалдың дұрыс еместігін сынаған Абай атамыз да «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын!» демеп пе еді?
Ар Алладан берілетін қасиет. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген. Қазақтың ар-намысын қай жағынан бағалап қарасаңыз да асқақ тұғырынан таймаған. Елбасымыз атап айтқандай, дамыған елу елдің қатарына кіруіміз керек. Егер біз намысқа тырыспасақ, ол мақсатқа жете алмаймыз. Ар-намыс осындайда керек. Ар-намыс спортта, білім мен ғылымда керек. Халқымыздың ар-намысы асқақтай түссін. Ұлттығымызды, елдігімізді жоғалтпайық. Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы дейтін ата тағылымы қашанда жадыңызда болсын, ардақты ағайын!
Батырбек ҚАСЫМАЛИЕВ,
Жамбыл облысы Меркі ауданының бас имамы