Қазақ кеше көшпелі, бүгінде отырықшыланған өркениетті халық. Яғни отырықшылық мәдениетке көшкеніне бір ғасырдан астам уақыт болған жаңа қанды ұлт. Жалпы сайын далада, тұмса табиғаттың ортасында тіршілік жасаған номад халықтардың ұлттық санасы белгілі бір қорғанның қабырғасының ішінде қым-қуыт тіршілік еткен отырықшы жұрттардан өзгеше болған. Ол туралы тарихшылар мен әлеуметтанушылар айтып кеткен. Көшпелілер адами зат болып жаратылған әу бастағы жаратылыстық саф сипаттарға жақынырақ болса, отырықшыларға өркениеттенген мәдениет пен қу саудагерде болатын құбылмалы сипаттар тән. Бұл тақырып байланысты әлеуметтану ғылымының түп атасы Ибн Халдун өзінің әл-Муқаддима атты еңбегінде арнайы бір бөлім жазған. Ол былай дейді: «Дала жұрты қала жұртынан қарағанда фитраға[1] жақын. Адам жаны алғашқы жаратылыстық таза қалпында яки фитрада болғанда өзіне жеткен сөзді, үгітті қабыл алуға әзір тұрады, жақсылық пен жамандықты тез сезіп, ажыратады. Алла Елшісі (с.а.с.): «Әрбір нәресте әу бастағы жаратылыста, фитрада туылады. Алайда ата-анасы оны не яһуди етеді, не христиан етеді, не мәжуси етеді», – деген. Адамға жақсы, жаман сипаттың қайсысы бірінші жеткенде екіншісінен алыстайды да, оған қол жеткізу бара-бара қиынға айналады. Ізгілік иесі өзіне ізгілік әдеттері жеткенде бойында зұлымдықтан аулақ болу қасиеті қалыптасады да, жамандықтан ұзақтап, оған оралу қиын іске айналады. Керісінше, зұлымдық иесі де жамандыққа бой үйретіп алғаннан кейін жақсылықтан мүлде жырақ кетеді.

Қала халқы жайлы тіршілік, рахат өмірге, дүниеқұмарлыққа, өркениет қызықтарына көп бой үйреткендіктен жан дүниелерінде теріс мінездер, жаман қылықтар көп болып, соның себебінен ізгілік жолдарынан алыстайды. Олардың бойларынан қымсыну, ұялу сипаттары кетеді де, отырыстарында  былапыт сөздерді жиі айтатын болады. Үлкендері мен әйелдері мұндай теріс қылықтарға тәйт деп тоқтау салмайды. Сөздері мен істерінде бұзықтық белгілері байқалған соң олардағы ұялу сезімі жойылады.

Ал дала жұртында қалалықтар сияқты дүниеге құмарлық сипаты аздап болғанымен, тұрмыс жағдайларына қарай жайлы өмірдің шектеулі бөлігіне ғана қол жеткізеді. Қызықтар мен рахатшылықтың көріністері мұнда аз. Сондықтан жайлы тіршіліктен туындайтын теріс сипаттар да, бұзық мінездер де қала жұртына қарағанда азырақ. Сол себепті де олар фитраға жақынырақ…»[2].

Әрине, Ибн Халдунның бұл пікірін жоққа шығарғандар да болған. Олар мына аятты дәлелге келтірген.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: الأعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنْزَلَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

Алла Тағала былай дейді: «Бәдәуи арабтар күпірлік пен екіжүзділікте қаттырақ әрі Алланың Елшісіне түсірген шектеріннен мақұрым қалуға лайықтырақ. Алла Білуші һәм Дана»[3].

Алайда осы аяттан кейінгі аяттарда көшпелі арабтардың жақсылары да, жамандары да болатындығы жайлы айтылған. Сондықтан бұл мәселеге сыңаржақ көзқараспен қарауға болмайды.

Дала халқы табиғатқа етене жақын тіршілік ететіндіктен жандары да тазалыққа, фитралық қасиеттерге бай. Тілдері де, дәстүрлері де қала халқынікіндей көп бұзылмаған. Сондықтан ертедегі арабтар салт-дәстүр мен таза араб тілін үйрету үшін балаларын көшпелі туыстарының арасында тәрбиелеуге тырысқан. Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) өзі де араб тайпаларының арасында өсіп, олардың салт-дәстүрлерінен, тілі мен ділінен, шежіресінен жете хабардар болған. Әрбір тайпаның өкілімен өз тілінде ескі танысын көргендей емен-жарқын сұхбат құрған. Соның арқасында олармен ортақ тіл табыса алған. Мұның өзі жаратылыстың ең қайырлысына деген Жаратушының ерекше мейірімі, хикметі.

Қазақ халқы да сол арабтар сықылды көшпелі ел болды. Оған соншалықты көп уақыт өте де қойған жоқ. Сондықтан қала мәдениетімен тіршілік еткен көршілес туыс халықтарға қарағанда әлі де болса фитралық сипаттарға жақынырақ. Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеген араб ғалымынан қазақ қандай халық екен деп сұрағанда, ол қазақтың нағыз фитраға жақын таза пейілді ұлт екендігін айтып, пікірін білдіріпті.

Расымен де, халқымыз ата-бабасының жолынан ауытқи қоймаған фитраға жақын ел. Ал мұндай сипаттағы халықтардың бір қайнауы ішінде, болашағы әлі алда. Тарих парақтарынан осы сипаттағы халықтардың елеулі жаңалықтар жасап, өркениет дөңгелегін алға жылжытуға үлкен үлес қосқандығын білеміз.


Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті


[1] Фитра – адамзаттың алғашқы жаратылыстағы бұзылмаған таза қалпы, ділі.

[2] Әл-Муқаддима, 4-бөлім.

[3] Тәубе сүресі, 97-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38