Пенденің дүниедегі ең басты дұшпаны – оның нәпсісі. Нәпсі дегеніміз бір сөзбен айтқанда адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің жиынтығы. Мысалы, дүниеге берілушілік, дүниеқоңыздық, шыдамсыздық, сараңдық, қорқақтық, ашкөздік, сабырсыздық, немқұрайдылық, дәрменсіздік, құмарлық, жалқаулық, тәкаппарлық, кердеңдік т.б. Шындығында адамның нәпсісі жамандыққа бұйырады. Құран Кәрімде былай делінген:
إِنَّ النَّفْسَ لأَمَّارَةٌ بِالسُّوءِ
«Расында нәпсі жамандыққа бастайды» (Жүсіп, 53).
Әу баста Жаратушы Алла Тағала адамзаттың тұла бойына, жанына екі жақты қасиеттерді дарытқан. Бұл туралы Ол былай дейді:
وَنَفْسٍ وَمَا سَوَّاهَا *فَأَلْهَمَهَا فُجُورَهَا وَتَقْوَاهَا *قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّاهَا*وَقَدْ خَابَ مَن دَسَّاهَا
«Жан мен оны Теңестіргенге серт. Ол оған бұзықтықты да, тақуалықты да ендіргенге. Кім оны тазартса құтылды. Ал кім кірлетсе ол тұтылды» (Шәміс, 7-10).
Осы аяттан аңғарғанымыздай араб тіліндегі нәпсі сөзі نَفْس «жан, рух» деген мағыналарды береді. Бұл сөздің мағыналары туралы көптеген кітаптар жазылған. Біздің қарастыратынымз оның жағымсыз мағынасы.
«Адам ақылды жануар», – дейді философтар. Аятта айтылғандай адам баласынан өзінің жанын таза ұстап, түрлі бұзықтық пен төмен әдеттерден бойын биік ұстауы талап етіледі. Яғни, бойындағы жануарларға тән инстинктер мен тағылық сипаттардан арылып, нәпсісін ақылына билетуі тиіс.
وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى * فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى
«Кім өзінің нәпсісін әуейіліктен тыйса, оның барар орны – жәннат» (Назиғат, 40, 41).
Керісінше жағдайда, яғни пенде нәпсісін тазартып, шыңдаудың орнына өзін оған билетіп, әуейілігі мен құмарлығының құлына болып, айтқанына көніп, айдауында кетсе, оның түбі орны толмас қасіретке айналады. Бұл – Алла Тағаланың заңы. Ол – Раббымыз былай дейді:
إِنَّ اللّهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنْفُسِهِمْ
«Шындығында, Алла бір қауымның жағдайын қашан олар өздерін-өздері өзгертпейінше өзгертпейді» (Рағыд, 11).
Нәпсімен күрес күрес, жиһад атаулының ең ұлығы. Өйткені нәпсі және оның шақыратын нәрселері – құмарлық түрлері адам үшін ең қымбатты, қызықты, сүйікті нәрселер. Жағымдының керағар ұғым жағымсыз. Яғни, нәпсінің қалауына қарсы күресу нәпсі үшін ұнамсыз. Нәпсімен күрестің ең ұлы күрес аталуының өзі соған байланысты.
وَجَاهِدُوا فِي اللَّهِ حَقَّ جِهَادِهِ
«Алланың жолында лайықты күреспен күресіңдер» (Хаж, 78).
Ибн Мүбарак Алла Тағаланың аталған аятындағы күресті нәпсімен күрес деп түсіндірген.
Алланың елшісі, ардақты пайғамбарымыз, дүниедегі жол бастаушымыз, ақыреттегі шапағатшымыз – Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) да өзінің үмбетіне айтқан өсиеттерінде нәпсінің жетегінде кетудің кесапаттылығын, керісінше, оны жеңудің жемістілігінің жай-жапсарын айқындап кеткен.
قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» وَالْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ، وَالعَاجِزُ مَنْ أتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا، وَتَمَنَّى عَلىَ اللهِ الأَمَانِي«. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَأَحْمَدُ.
Шәддад ибн Аус (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». Термези мен Ахмет.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» لَيْسَ الشَّدِيدُ مَنْ غَلَبَ النَّاسَ وَلَكِنَّ الشَّدِيدَ مَنْ غَلَبَ نَفْسَهُ«.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Күшті дегеніміз адамдарды жеңген емес, нағыз күшті нәпсісін жеңген адам», – деген.
عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ قَدِمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ غُزَاةٍ لَهُ فَقَالَ لَهُمْ رَسُولُ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »قَدِمْتُمْ خَيْرَ مُقَدَّمٍ وَقَدِمْتُمْ مِنَ الْجِهَادِ الأَصْغَرِ إِلَى الْجِهَاد الأَكْبَرِ«، قَالُواْ: »وَمَا الْجِهَادُ الأَكْبَرُ، يَا رَسُولَ اللهِ؟«، قَالَ:» مُجَاهَدَةُ الْعَبْدِ هَوَاهُ«. مِنْ كِتَابِ ذَمِّ الْهَوَى لِإِبْنِ الْجَوْزِيِّ.
Жәбірден жеткен риуаятта ғазауаттан оралған сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) келгенде ол (с.а.с.): «Жақсы келіспен келдіңдер! Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келдіңдер», – дейді. Олар: «Уа, Расулалла! Үлкен жиһад деген не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Ол – пенденің өзінің нәпсісімен күресі», – деген екен.
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ أَعْرَابيٌّ إِلَى النَّبيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: »يَا رَسُولَ اللهِ، أَيُّ النَّاسِ خَيْرٌ؟«، قَالَ: »مُؤْمِنٌ مُجَاهِدٌ بِنَفْسِهِ وَمَالِهِ فِي سَبِيلِ اللهِ، ثُمَّ رَجُلٌ مُعْتَزِلٌ فِي شِعْبٍ مِنَ الشِّعَابِ يَعْبُدُ رَبَّهُ«.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) таратқан риуаятта Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір бәдәуи араб келіп: «Уа, Расулалла! Адамдардың ең жақсысы кім?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Ол (яғни, ең жақсы адам) – нәпсісімен күрескен мүмін, сосын – тау аңғарларының бірінде оңашаланып Раббысына құлшылық еткен адам», – дейді.
عَنْ فُضَالَةَ بْنِ عُبَيْدٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: »الْمُجَاهِدُ مَنْ جَاهَدَ نَفْسَهُ فِي اللهِ عَزَّ وَجَلَّ«.
Фудала ибн Убайд Алланың елшісінің (с.а.с.): «Мужаһид (күрескер) дегеніміз даңқты әрі ұлық Алланың жолында өзінің нәпсісімен күрескен жан», – дегенін естігендігін жеткізген.
عَنْ سَعْدِ بْنِ أَنَسٍ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »لَيْسَ عَدُوُّكَ الَّذِي إِذَا قَتَلَكَ أَََدْخَلَكَ الْجَنَّةَ وَإِذَا قَتَلْتَهُ كَانَ نُورًا لَكَ وَإِنَّمَا أَعْدَى عَدُوِّكَ نَفْسُكَ الَّتِي بَيْنَ جَنْبَيْكَ«.
Сағыд ибн Әнес Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Шындығында сенің нағыз дұшпаның егер оны өлтірсең сенің жұмаққа кіріңе себеп болатын, егер оны өлтірсең саған нұр пайда болатын (кәпір) адам емес. Шындығында сенің ең адуынды дұшпаның – өзіңдегі нәпсің».
وَقَالَ أَبُو بَكْرٍ الصِّدِّيقِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ فِي وَصِيَّتِهِ لِعُمَرَ حِينَ اسْتَخْلَفَهُ: »إِنَّ أَوَّلَ مَا أُحَذِّرُكَ نَفْسُكَ الَّتِي بَيْنَ جَنْبَيْكَ«.
Пайғамбар (с.а.с.) осынау сөзін іс жүзіне асырған оның ардақты сахабасы Әбубәкір Сыддық (р.а.) өлерінің алдында өзінен кейін мүміндердің әміршісі болғалы тұрған Омарға (р.а.): «Уа, Омар! Сені ең әуелі өзіңдегі нәпсің сақтандырамын», – деп өсиет еткен.
Расында да нәпсінің кесапаттары туралы алдыңғы толқындағы мұсылмандар сахабалар, олардың ізбасарлары, олардан кейін келген ізгі мұсылмандар, тақуалар мен ғұламалар талай ой толғап, кейінгілерге өсиет айтып кеткен. Солардың бір парасы төмендегідей.
Әли (р.а.) мынадай өсиет қалдырыпты: «Алланың алдында адамдардың ең жақсысы бол, нәпсіңнің алдында адамдардың ең жаманы бол, адамдардың алдында адамдардың біреуі бол».
Даналардан мынадай сөз қалыпты: «Кімде-кім Алладан артық жанашырым, жақыным бар деп ойласа, бұл оның Алла жөніндегі танымының аздығын білдіреді. Кімде-кім өзінің нәпсісінен асқан дұшпаным бар деп ойласа, бұл оның өзінің нәпсісін танымағандығын білдіреді».
Мұхаммед ибн Ахмед «Мырза, нәпсісін жеңген және салихалылардан шыққан пайғамбар ретінде» (Әли Имран, 39) деген Жақия пайғамбар жайындағы аят туралы: «Алла Тағала Жақияны Өзінің құлы болса да «мырза» деп атауының сыры ол төрт нәрсені: нәпсісін, Ібілісті, тілін және ашуын жеңген болатын», – деген екен.
Бір хакімнен «халың қалай» деп сұрағанда ол: «Иемммен татумын, нәпсіммен аразбын, халайықпен ыстық ықыластымын, дүниемен тек зәру кездерде ғана кездесемін», – деген екен
Ескіден қалған тағы бір нақыл мынадай: «Ақылы көшбасшысы болып, нәпсісі тұтқыны болғанға нұр жаусын! Керісінше, нәпсісі көшбасшысы болып, ақылы тұтқыны болған қандай қасірет!».
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті