Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған[1].
Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.
Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.
Терминдерге түсініктеме
Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.
Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі العرف«әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»[2].
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» العادةсөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.
Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.
«Дәстүр» сөзі де арабша دستور «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады[3]. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.
Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие. Қазіргі араб тілінде халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы «адат уа тақалид» عادات وتقاليد, «турас шағби» تراث شعبيдеген сөздер де қолданылады.
Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген.
Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.
Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфа атты еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»[4]. Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.
Әдет-ғұрып العرفжалпы және жалқы болып екіге бөлінеді. Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшеміндердегі айырмашылықтар.
Әдет-ғұрып сипаты жағынан іс-әрекет һәм сөз түріндегі болып екіге бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы төмендегідей.
الْعُرْفُ الْعَمَلِيُّ: هُوَ مَا جَرَى عَلَيْهِ النَّاسُ وَتَعَارَفُوهُ فِي مُعَامَلَتِهِمْ وَتصَرُّفَاتِهِمْ، كَتَعَارُفِ النَّاسِ الْبَيْعَ بِالتَّعَاطِي.
«Іс-әрекет түріндегі ғұрып, дағды дегеніміз адамдардың өзара қарым-қатынастары мен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер. Мысалы, адамдардың «сатып алдым», «саттым» деген сөздерді айтпай-ақ, сауданы қолма-қол жасауды әдет етуі»[5].
الْعُرْفُ الْقَوْلِيُّ: أَنْ يَتَعَارَفَ قوْمٌ إِطْلاَقَ لَفْظٍ عَلَى مَعْنَى، بِحَيْثُ لاَ يَتَبَادَرُ عِنْدَ سِمَاعِهِ إِلاَّ ذَلِكَ الْمَعْنَى، كَالدِّرْهَمِ عَلَى النَّقْدِ الْغَالِبِ.
«Сөз түріндегі ғұрып немесе үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы. Сол сөзді естіген кезде ойға аталмыш мағына ғана түсуі керек. Мысалы, дирхемді ақша мағынасында қолдану»[6].
Сол сияқты қазақ тілінде намаз дегенде құлшылықтың еске түсуі, Алла, Құдай, Тәңірі дегенде жалғыз Жаратушы Хақтың еске түсуі, теңге дегенде ақшаның еске түсуі, палау дегенде күріштен жасалған тағамның еске түсуі сияқты. Ал оларды осы қалпынан өзгертудің еш қисыны жоқ.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ﴾
Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар».[7]
Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Ағраф сүресі, 199-аят.
[2] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы.
[3] Әл-Муғжамул-уасит
[4] Ар-Расаил, 2-том.
[5] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 55-бет.
[6] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 54-бет; Әт-Тақрир уат-тахбир, 1/282.
[7] Рум сүресі, 22-аят.