Ислам діні – адамзат баласына өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсететін таптырмас тәрбие тетігі. Ондағы әрбір бұйырық пен тыйымның негізінде жеке тұлғаның таным-түсінігі мен тұлғалық келбетінің қалыптасуындағы рөлі ерек. Соның ішінде сабыр ұғымының мәні мен маңызы зор. Ендеше өмірдің түрлі тауқыметі мен сынақтарына сабырлықты серік етудің артықшылықтары жайлы аз-кем ой бөлісейік.
Асты асығыс асасаң түйілесің, сөзді асығыс сөйлесең күйінесің» деп бабаларымыз айтпақшы адам болмысындағы байлықтың үлкені байсалды мінез. Күнделікті өмірдегі әрбір амал-әрекетімізде осы қасиеттің ауадай қажеттілігі сәт сайын сезіліп жатады. Сондықтан ақ пен қараның ара жігін ажыратып, адамзат баласына тура жол нұсқау үшін түсірілген қасиетті Құранның көптеген аяттарында Алла Тағала мұсылмандарды жиі сабырға шақырады.
«Саған уахи етілгенге ер. Сондай-ақ Алла бір үкім бергенге дейін сабыр ет. Ол үкім берушілердің хайырлысы» (Жүніс сүресі, 10/109 – аят).
«(Мұхаммед с.а.у.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет…» (Кәһф сүресі, 18/28 – аят).
Адамдарды сабырға шақыратын аяттардың Құранда жиі кездесуі осы асыл қасиеттің мұсылмандар үшін маңызын арттыра түседі.
«Алла сендерден (жүкті) жеңілдетті. Расында сендерде осалдық барлығын білетін еді. Сондықтан егер сендерден сабырлы жүз кісі болса, екі жүзді жеңеді. Ал егер сендерден мың болса, Алланың рұқсатымен екі мыңды жеңеді. Өйткені Алла сабырлылармен бірге (Әнфал сүресі, 8/66 – аят).
Хазіреті Пайғамбардан «Иман дегеніміз не?» – деп сұрағанда, «Сабырлы әрі сыпайы болу», – деп жауап берген. (Ибн Хaнбәл, IV, 386.) Осыған орай, Абдулла ибн Мәсғұд «Сабыр – иманның жартысы», – деген. (Хаким, Мүстәдрак, IV, 1374 (2/446)) Ал хазіреті Әли болса, сабырды денедегі басқа ұқсатқан. Ендеше, бассыз дене өмір сүре алмайтын болса, сабырсыз иманның толық болуы мүмкін емес. (Абдураззақ, Мусаннәф, ХІ, 469)
Біреу байлықпен, біреу кедейлікпен, біреу денінің саулығымен, ал біреулер кеселмен сыналады. Қайғысы мен қуанышы қатар жүретін өмірде адамдар қимасынан айырылып, жақындарынан ажырап жатады. Сондай сәттерде қатты қайғыға беріліп, өзін-өзі жоғалтып, тіпті көптеген күпір сөздерге де баратын жандар аз емес. Өмірдің осындай сынақтарымен бетпе-бет келгенде сабырлық таныту сіздің Алладан келген ақиқатты терең түсінгеніңізді айғақтайды. Адамдардың кейбірі болары болып, бояуы сіңіп, көндіккеннен басқа амалдарының жоқтығына көздері жеткен соң тағдырына мойынсұнады. Алайда Құран Кәрімде сол сынақты сәттердің соққысына төтеп беріп, сабырлық танытқандарға сый берілетіндігі былай баяндалған:
«Әрине, сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед с.а.у. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!» (Бақара сүресі, 2/155 – аят).
Сабыр етушіні Жаратушы жақсы көреді. Бұл сөзіміздің айғағы Алланың түсірген ақиқатына былай баяндалған: «Алла сабыр етушілерді жақсы көреді» (Әли-Имран сүресі, 3/146 – аят). Алланың сүйіспеншілігіне бөлейтін амалдың астарына үңілген адамның өміріне өң кіреді. Өйткені адам сабыр ету арқылы өзіне де өзгеге де қыруар пайда әкеледі.
Сабыр – өмірде кездесетін түрлі сынаққа мойынсұнып, қол қусырып көндігу емес, керісінше амалын іздестіріп, тиімді шешімін іздеу, тынымсыз күресудің үлгісі. Себебі жақсы мен жаманның арасындағы арпалыста жеңіске жетудің жолы сабырлықта екенін Құранда былай баяндаған: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең жақсы нәрсемен қайтар (Жамандыққа қарсы жақсылық жаса). Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу жақын достай болып кетеді. Бұл сипатқа сабыр етушілер ғана жетеді әрі бұған тек ұлы үлеске ие болғандар ғана жетеді» (Фуссилат сүресі, 41/34-35 – аяттар).
Сынақтардың үлкенін Жаратушының тарапынан адамдарға ақиқатты жеткізу үшін жіберілген пайғамбарлар көрді. Алла Тағала мұңға мұқалмайтын, жоққа жұқалмайтын сол ең ардақты достарының қиындыққа тап болғандағы болаттай беріктігін, өнегелі сөздерін күллі мұсылман қауымға мысал етеді. Олар бастарына ауыр сынақ түскенде сабырлық танытып, Аллаға иек артып адамдарға үлгі бола білді. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай баяндалған:
«Тура жолға бастаған Аллаға қалайша сенім артпаймыз? Бізге тарттырған бейнеттеріңе, әрине, сабыр сақтаймыз, тәуекел етушілер Аллаға тәуекел етсін!» – деді» (Ибраһим сүресі, 14/12 – аят).
Осылайша сабырдың сырлы сандығынан сыбағасын сарқыта жұмсаған пайғамбарлар өздеріне берілген міндетті тиісті деңгейде атқарып, жеңіске жетті. Дүниеге адам болып келгендіктен адамдық қалыбын сақтап қалудың сауытын сақтап қалуға мүмкіндік беретін сабырдың қасиетін терең түйсінді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы сабырдың адамшылықты арттыратын қасиетін былай жеткізеді:
Сабыр деген – әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ізденеді,
Осыдан көп шығады адамшылық.
Сабыр жайлы айтқанда Құран Кәрімдегі мына бір маңызды жайтқа назар аудармауға болмас. Адамға сабыр ету күшін беретін де Алла екендігін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені Құран Кәрімде бұл жайлы былай баяндалған:
«(Мұхаммед с.а.у.), сабыр ет! Сабыр етуің тек Алланың ғана жәрдемімен болады. Оларға кейіме де, олардың істеген қулық-сұмдығына бола тарылма!» (Нахл сүресі, 16/127 – аят). Сондықтан да адамның басына ауыр іс түскенде қазақтың «Алла сабыр берсін» деп көңіл жұбатуының төркіні осы бір ақиқатты түсінгендігінің айғағы болса керек.
Сабыр – адами кемелдіктің белгісі ретінде ақылды — азық, қайратты — қару, иманды — серік еткен әрбір адамның бойынан байсалдылық, ар-ұят, ынсап, төзімділік ретінде табылатын асыл қасиет. Сондықтан да сабыр өмірдің әрбір сәтінде қажетті басты негіз. Өйткені Лұқман хакім ұлына әкелік насихатын жеткізгенде сабырға шақыруды ұмыт қалдырмады.
«Ей, ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып қырындама да жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» (Лұқман сүресі, 31/13-16-19 – аяттар).
Сабыр – өз-өзін тәрбиелеудегі таптырмас тәрбие құралы. Кеудені ыза кернеп, қатты ашуға мініп тұрған кезде, ашуландырған адамға тиісті жазасын бермей ашуды басып, сабырлық сақтаудың маңызы зор. Алла тағала Құран Кәрімде ашуын жеңгендерді жақсы көретінін былай баяндаған: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді». (Әли-Имран сүресі, 3/134-аят) Құранның тағы бір жерінде, бойын ашу кернеп тұрғанда өзін басып сабырлы болу «жамандықты ең көркем түрде жөнге салудың жолы» (Фуссилат сүресі, 41/34). Әзірет Пайғамбар адамның төзімі таусылған кезде байқалатын ашудың кесірінен мұсылмандарды үнемі сақтандырып отырған. Мұндай жағдайда ашуды жеңудің артықшылығы жайлы да әрдайым ескерткен. Оның алдына келіп, «Маған насихат айтыңыз», – деген бір сахабаға, «Ашуланба!» – дейді. Әлгі адам насихат айт деп сөзін қайталаған сайын, Алла Елшісі әрбір сұрағына сол жауапты береді. (Бұхари, Әдеп, 76.) Сондай-ақ Алла Елшісі (с.а.у.); «Нағыз балуан – күресте жеңген емес, ашуланған кезде өзін ұстай алған адам», – деп бұйырған. (Мүслім, Бирр, 107; Бұхари, Әдеп, 76.) Ал ашуды басудың тәсілі ретінде мынадай тамаша кеңес берген; ашуланған адам аяқта тұрса отырсын, оған да басылмаса жатсын.( Әбу Дәуіт, Әдеп, 3.)
Әділетсіздікке немесе жалаға ұшырау, жаман сөз естіп, таяқ жеу сияқты жағдайларда адам өз құқығын қорғай отырып, сабырлық пен салмақтылық танытуы аса маңызды. Өзіне жағылған орынсыз жаланың салдарынан қаншама күн бойы егіліп жылаған әзірет Айшаның да, сабыр етуден басқа амалы болмады. Оның күнәсіз екенін білдіретін аяттар әлі түспеген еді. Ол осы қиын сәтте былай деді: «Уаллаһи, арамыздағы жағдайды Жүсіптің әкесі Жақыптың (сол бір қиыншылыққа) тап болғанда айтқан мына сөзінен басқа түсіндіре алатын сөз таппай тұрмын. Ол былай деген: «Енді сабыр қылғаным жөн. Сендердің (өтірік) айтқан істерің жайлы Алладан жәрдем тілеймін». (Юсуф, 12/18; Бұхари, Мағaзи, 35) Расында да, Алла әзірет Айшаның күнәсіз екенін білдірген аяттарды түсіріп, оған ең үлкен жәрдемін тигізген. (Нұр, 24/11-19.)
Сабыр – өмірдің әрбір сәтінде мұсылманға жол сілтейтін асыл қасиет екені аңғаруымызға болады. Әзірет Пайғамбардың сөзімен айтқанда, сабырлық – (мұсылманның жолына нұр шашатын) жарық. (Мүслім, Тaхарат, 1.) Сондықтан Аллаға құлшылық жасағанда, бұйрығына бағынып, тыйымдарынан тыйылғанда, нәпсінің қалауларын тізгіндеуде әрдайым сабырды тұғыр еткен жөн. Мұсылман басқа түскен қиыншылықтарға сабыр етіп, өмірдің түрлі тауқыметіне төзімділік танытып, кескестеген кедергілерін асқан сабырлықпен асып өткен жөн. Десек те, бұл кедергілер тек қана қиыншылықтармен шектелмейді. Аллаға құлшылық ету барысында, ең басты кедергілер мен асулар тек қана қиыншылықтардан емес, керісінше молшылық пен кеңшіліктерден тұрады. Мұнадай жағдайда, сабыр – дүниенің жылтырағына құнықпай, иман байлығын сақтау арқылы бағытынан айнымау. Абдуррахман ибн Ауфтың мына сөзі бұл жайтты тамаша түйіндеп берген:
«Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге қиыншылықтармен сыналып, сабыр сақтадық. Әзірет Пайғамбар өмірден өткеннен кейін молшылықпен сыналып, сабыр ете алмадық». (Термези, Сыфaтул-қиямет, 30.)
Сабыр – әділетсіздікке көндігіп, қол қусырып отыру емес. Нағыз сабыр –дүниенің жылтырағы мен нәпсінің құмарлығы, теріс пиғылдылардың басымдығына қарамай жақсылықта жарысу, шындықты айту, бұл жолда кездескен зорлық-зомбылықтарға төзімділік таныту. Ендігі сөзбен айтқанда, сабыр – озбырлықтың алдында тізе бүгу емес, мұндай жағдайға түспеу үшін мәселенің алдын-алуға тырысу. Мәселен, надандықтың құрсауына түспеу үшін – ғылым-білім алуға ұмтылып, көркейту; дұшпанның езгісінде қалмау үшін – тапжылмай күресу, нағыз сабырдың үлгісі.
Алланың уәдесі хақ. Иман келтіріп, сауапты амалдар атқарып, жаны жақсылықтарға құмартқан құлдарына Оның тарапынан көптеген сыйлықтар бар. Оған тек сабырлылар ғана жетеді. Раббымыз баршамыздың бойымызға осы бір қасиетті қондырып, сабырлылардан болуымызды нәсіп еткей!
«Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгесіледі де, Алланың қасындағы қалады. Әрине, сабыр еткендердің сыйлығын істеген істерінен де жақсырақ береміз» (Нахл сүресі, 16/96 – аят).
Берік Қалдаров
Шымкент қаласы,
Еңбекші ауданының бас имамы