Бүгінде әлем мұсылмандарының 90 пайызын сунниттер, қалған 10 пайызын шииттер құрайды. Статистикалық есепке сүйенсек, сол тоқсан пайыз сунниттің 87,2 пайызын Матуриди мен Әшғари мектебін ұстанатын «Әһли сүннет уәл-жамағат» жамағаты құрайды екен. Ал қалған 12,8 пайызы исламның ішіндегі түрлі ағымдарға тармақталады. Әһли сүннет фиқһта Ханафи, Шафиғи, Ханбали, Малики болып бөлінсе, сенім мәселесін Матуриди мен Әшғари мектептері қағидалары арқылы таниды. Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) Ханафи мазһабын ұстанады. Ал ханафилердің басым көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады.
Матуриди мектебінің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған. Әсіресе бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек таралған. Әрине оның ішінде Қазақстан мұсылмандары да бар.
Құран Кәрім мен Ардақты Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахих хадистерін ұстанып, Алланың елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен оның сахабаларының сенім (ақида) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілерді «Әһли сүннет уәл-жамағат» деп атайды. Қазақша «сүннет жұртшылығы және жамағат» дегенді білдіреді. Анас ибн Маликтен жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар болсаңыздар), міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» (Ибн Абу Асым, «Әс-суннә») деген өсиеті бүгінде сунниттердің 87,2 пайызын құрайтын Матуриди мен Әшғари мектебін ұстанатын Әһли сүннет уәл-жамағат жұртшылығын меңзейді. Бүгінде айналамызда Матуриди мен Әшғари мектебін ұстану дұрыс емес деп, оны адасушылық санап, тіпті оны Әһли сүннет уәл-жамағат қатарына жатпайды деп санайтын қате пікірдегі топтар пайда болды. Олардың мұндай көзқарасы жоғардағы хадистегі «міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» деген Пайғамбар өсиетіне қарсы келеді. Өйткені қазіргі таңдағы үлкен қара топ – сунниттердің 87,2 пайызын құрайтын Матуриди мен Әшғари мектебін ұстанатындар.
Исламда сенімді, илануды – «иғтиқад», сенім жүйесін – «ақида», ал осы салаға қатысты мәселелерді зерттейтін ғылымды «кәләм» дейді. Ақида –дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесі. Оны иманның негізі, сенімнің өзі десек болады. Иман негізі алты шарттан тұрады, оны «әмәнту билләһ» дейміз. Әһли сүннеттің сенімге (ақида) байланысты саласында алғаш зерттеу жүргізген ғұламалардың бірі 699 жылы Куфада дүниеге келген көрнекті ғалым Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит болатын. Имам Ағзам ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтқаны белгілі. Әбу Ханифаның ақидаға байланысты «әл-Фиқһул әкбар», «әл-Фиқһул әбсат», «әр-Рисалә», «әл-Алим уәл-мутааллим», «әл-Уасия» секілді еңбектер жазған. Осындағы «әл-Фиқһул әкбар» кітабын ғұламалар ерекше жоғары бағалады.
Имам Ағзам өмірінің өп бөлігін фиқһ ғылымын, яғни шариғат заңын зерттеп, оны бір жүйеге келтіріп, шәкірттер тәрбиелеумен айналысты. Соның нәтижесінде оның мазһабы – құқықтық мектебі құрылды. Ал ақида саласында Құран мен сүннетке сүйенген негізгі жүйені түзіп, өзінің шәкірттеріне, ізбасарларына жол көрсетіп кетті. Сол шәкірттерінің бірі, Әбу Ханифаның (р.а.) еңбектерін жалғастырушы Имам Матуриди болды.
Оның толық есімі – Мухаммад Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди. Самарқандағы көне Матурид ауылында шамамен 862 жылы дүниеге келген. Имам Матуриди мұсылмандардың жүрегінен үлкен орын алып, «Имам ул-һуда» (Тура жолдың имамы), «Имам ул-мутакаллимин» (Ақида ғалымдарының имамы) деген құрметке ие болды.
Имам Матуридидің еңбектерін оқи отырып, оның калам, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар ірі ғалым болғанын пайымдауға болады. Еңбектеріндегі тұжырымдарын жоғарыда айтылған әһли сүннеттің басты қағидаларын әрі нақли (Құран аяттары мен хадистерге), әрі ақли дәлелдерге сүйену арқылы жүйелеген. Әсіресе Матуриди муғтазила мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған.
Имам Матуриди Ханафи мазһабын ұстанатын ортада өскендіктен, әрі фиқһта, әрі ақидада Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Сондықтан Имам Матуриди Ханафи мазһабын ұстанып, ақидада Әбу Ханифаның пікірлерін одан ары дамытқан. Содан болар кәләм ғалымдары Матуриди мектебінің негізін қалаушы ретінде Әбу Ханифаны атайды. Ал Имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін ақли және нақли (аят пен хадис) дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған (әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд бин Хасан бин Синанеддин, «Ишаратул- мәрам», Мысыр, 1368/1949, 23-бет).
Һижра жыл санауының ІІ ғасырынан бастап пайда болған адасқан мәзһабтарға, соның ішінде ақылға көбірек көңіл бөлетін Муғтазила мәзһабына классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиын болды. Мұндай әдіспен әһли сүннет сенімін қорғау жеткіліксіз еді. Неге десеңіз, классикалық, яки дәстүрлі әдісте ақыл ақида мәселесінде негізгі рөл атқармайды. Осыдан келіп «һли сүннет сенімін қорғау жолында жаңа бір әдіске мұқтаждық туды. Яғни иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беру керек болды. Өйткені логикалық талдаулар жасалып, мәселенің мазмұнын ашу, мақсатын түсіндіре білу қажеттілігі туды. Осы бағытта Матуриди және Әшғари мектептері қалыптасты.
Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да қажетті қағида ретінде пайдаланды. Матуридилер бірқатар мәселелерде алғашқы ғұламалардың тәсілін ұстанғанымен, әшғарилерге қарағанда ақылға көбірек жүгінді.
Имам Матуридидің өмір сүрген кезеңі Ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақытына тұспа тұс келді. Мұсылмандардың мәзһабқа бөлінгені аздай, сырттан келген яхуди, христиан пәлсафашылары мен дінбасылары сенімге байланысты түрлі пікір айтып, халықтың санасына көптеген күмәнді мәселе ұялатып, жұртты дел-сал күйге түсірді. Осындай сәтте Исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисын қағидаларын пайдалану қажет болды. Нәтижесінде иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «кәләм» атты жаңа әдіс пайда болды. Мұның латынша ұғымы – теология. Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді.
Имам Матуриди Әһли сүннет уәл-жамағаттың ғұламасы әрі ұлы имамы болды. Ол жөнінде көптеген Ислам ғалымдары, тарихшылар өз еңбектерінде атап өткен. Соның бірі – Қазақ даласынан шыққан ғалым, 1230 жылдары Алмалық қаласында (қазіргі Жаркент өңірі) дүниеге келген Әбул-Фадл Мухаммад ибн Омар ибн Халид (лақаб аты Жамал Қарши). Ол «Мулхақат ас-сурах» («Сурах» сөздігіне толықтырулар) атты еңбегінде: «Жақын кезеңде өмір сүрген Құран тәпсіршілерінің ішінен біздің имамдарымыздың, мырзаларымыздың бірі, «әт-Тәуилатул – Құран» кітабының авторы – Мухаммад Абу Жағфар Мансур ибн Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди Әһли сүннет уәл-жамағат ғалымдарының ұлығы, тура жолдың биік байрағы (туы), заһид (тәркі дүние, тақуа) имам» деп жазды.
Әбу Мансур әл-Матуриди кәләм және ақида саласы бойынша «Китабут – таухид», «Китабул – мақалат», «Әр-Рәдду алал – Қарамита», «Китабу бәяни уәхмил – муғтазилә», «Рәдду китаб уаидил – фуссақ лил – Кағби», «Рәддул усулил – хамса ли Әби Мухаммад әл – Баһили», «Китабу рәдди тахзибил-жәдәл лил-Кағби», «Китабул рәдди әуаилил-әдиллә лил-Кағби», «Рәдду китабул – имамә», фиқһ негіздері (шариғат заңы) саласы бойынша «Китабул-жәдәл», «Мәхазу әш-шараиғ фи усулил-фиқһ», Құран Кәрім тәпсірі бойынша «Тәуилатул – Қуран», «Тәуилату әһлис-суннә» секілді көптеген еңбектер жазды. Имам Матуридидің елеулі еңбектерінің бірі – Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-әкбар» кітабына түсініктеме ретінде жазған «Шарх әл-Фиқһул-әкбар» еңбегі. Ұлық имамның жолын қуып, матуриди жүйесі мен әдісін ұстанып Хаким Самарқанди, Садрул-ислам Мұхаммед Пәздауи, Әбул Муин ән-Нәсәфи, Омар Нәсәфи, Әбул Бәракат Хафизуддин Нәсәфи, Сиражуддин Али ибн Осман әл-Уши, Нуреддин әс-Сабуни, Камалиддин Мұхаммед ибн Абдулуахид, Қады Желаледдинзаде Хызырбей, Муртаза Зәбиди секілді ғалымдар үлкен еңбектер жазды.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Құран мен сүннетке Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы мен Имам Матуриди сенім мектебін ұстану арқылы амал етіп, ел ынтымағын айрандай ұйытып, оны атадан балаға мұра етіп қалдырды. Ендеше сол мұраны бекем ұстанып, болашақ ұрпаққа аманат күйінде жеткізу – бізге міндет.
Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти
«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл