Бүгін Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттерде ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды.
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен сағат: 11.00-де бір мезетте барлық өкілдіктермен бірге «Бір мезетте 30 000 түп тал отырғызу» акциясы өткізілді.
Акция барысында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов ағаш отырғызу сауап һәм ізгі амал екендігіне айрықша тоқталды. «Баршаға үлгі- өнеге бола білген Пайғамбарымыз (с.а.с) Мәдинада шалғайдағы орманнан қажеттілік үшін ағаш кескісі келгендерге жаңа ағаш отырғызу шартымен рұқсат еткен, сөйтіп табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуына жол бермеген. Саңлақ сахабалардың ғұмырына назар аударсаңыз да дәл осы көріністі байқауға болады. Бір хадисте: Әбу Дарда (р.а) Дамаск қаласында көшет отырғызып жатса, оны бір кісі көріп: Пайғамбардың сахабасы бола тұра бұл істі істегенің қалай?- дейді. Ол уақытта сахабалардың көбі дүниеден өтіп, қалғандарын ел- жұрт патшадайын құрметтейтін. Оған Әбу Дарда (р.а): Асықпа, сабыр ет! Мен Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Кім бір тал ексе, одан біреу келіп жесе немесе саясында дем алса, сол себепті ол адамға садақа болып жетіп тұрады»- дегенін естідім,- дейді.[5] Сондай- ақ Расулалла (с.а.с) тек айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдей білген . Тарихқа көз жүгіртсек, Расулалла (с.а.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда Мәдина шаһарының батпағын кептіру үшін айналдыра ағаш еккізгені дәлел», деді – қала Бас имамы.
Акцияға қаладағы 106 емішт имамдары, мешіт жанындағы ерікті топ мүшелері қатысты.
Жалпы, қайырымдылық акция барысында қала көлемінде үш мың ағаш көшеті отырғызылды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі