Ислам діні адамзат баласын екі дүниенің бақытына жетелейтін ізгі қасиеттерге үндейді. Соның бірі – адал еңбек ету. Еңбек ету арқылы кез келген жан өзінің көздеген мақсатына, асқақ армандарына қол жеткізеді.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, қайсыбіріңнің болмасын бір құшақ отын шауып, оны өзі арқалап, сатып күн көруі – беруі де, бермеуі де мүмкін әлдебіреуден қол жайып қайыр-садақа тілегеннен әлдеқайда қайырлы»,[1] – деп адал еңбек етуге бұйырған. Халқымыздың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің бір өлеңінде:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған – өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп, адал еңбектің маңыздылығына тоқталады.
Ал, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы болса: «Тірлікте еңбек тірек болмаса, ойға омалып, қырдан аса алмайсың», – деген екен. Сондықтан да болса керек, «бейнет түбін зейнет» деп білген бабаларымыз:
Еңбек деген байлық бар,
Ерінбеген жететін.
Жоқшылық деген жебірді,
Жермен-жексен ететін, – дейді.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Алла сендерге өз мәрхаметінен түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкірлік етерсіңдер»,[2] – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім де табан ақы, маңдай терімен тапқан тағамынан қайырлы ас ішкен емес. Шынында, Алланың пайғамбары Дәуіт те (ғ.с.) ризығын өз еңбегімен табатын еді»[3], – деген екен. Адам баласы еңбектену арқылы өзіне, отбасына, халқына пайдасын тигізеді. Жүсіп Баласағұн бабамыз:
Басым көкке жетсін десең армандап,
Әр жұмысты біліп істе, қарма ондап.
Әдіс-айла қолданып жүр қайда да,
Өзі келер сонда құт та, пайда да.
Барлық істі сарапқа сап істегін,
Қисаппенен қазаныңды үстегін, – деп адам баласын адал жолмен ақша тауып, еңбек етуге үндейді. Ал, «Даламыз – дәнге, өрісіміз – малға, үй-ішіміз – жанға толсын» деген ата-бабаларымыз да еңбек етіп қана қоймай, оны өскелең ұрпаққа дәріптеуді де мақсат тұтқан. Мәселен, «Еңбегің сайлы болса, жегенің майлы болады», «Еңбекпен ер өседі, егізден төл өседі», «Еңбектің түбі – қуаныш, сауда түбі – борыш», «Еңбек ет те, егін ек, жарымасаң – маған кел, Белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел», – деген секілді тағы да басқа мақал-мәтелдерінен білуге болады. Бұдан шығатын қортынды кез келген жақсы істе тәукелге бел байлап, адал еңбек ету керектігін ұғамыз. Абай Құнанбайұлы:
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек көтін жусаң да мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, – деп, еңбек етуде тәуекелмен қатар, қайсарлықтың да керек екенін тілге тиек етеді.
Данышпан бабамыз өзінің бір қара сөзінде: «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» – деген екен. Расында, адам баласы енжарлық пен жалқаулыққа бой алдырмай еңбектенсе, көздеген мақсатына қол жеткізетіні анық. Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «Еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды». Ал, халқымыздың алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин: «Байлық – қанағат пен еңбекте», – деп, қолдағы барға шүкіршілік етіп, ерінбей еңбек қылсаң, Алла Тағала берекетін беріп қоятынын баяндайды.
Орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой: «Еңбек етпесең, не қорлықта қаласың, не ұрлыққа барасың», – деп, еріншектің ертеңін анықтап береді. Сол себептен де өзің үшін де, өзгелер үшін де еңбек етіп, тер төгу – заман талабы. Сонда ғана өзгенің алдында мерейің өсіп, абыройлы боласың, еліңе пайдаң тиіп, мәртебең артады. Бұл туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек, – деп, қай кезеңде болсын ел үшін еңбек етсең, артыңда жақсы атың мен игі ісің қалатынын тілге тиек ететі. Ал, Сәбит Дөнентаев болса:
Қызмет қылсаң халқыңа,
Игі ат қалар артыңда.
Пайдалы басқа еңбектен,
Бас кетсе де тартынба, – деп, еңбегің ел кәдесіне жарап жатса оның үлкен бақыт екенін айтып өтеді. Сөз соңында айтарымыз, Махмұт Қашқари бабамыз: «Еріншекке есік те асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер», – деген екен. Алла Тағала адал еңбек етіп, салиқалы өмір сүруімізді нәсіп етсін!
Ерболат Айтбайұлы
[1] Бұхари, зәкәт 50-53; Муслим, зәкәт 106.
[2] «Қасас» сүресі, 73-аят.
[3] Бұхари, буйуғ 15 / әнбия 37