Тазалық Исламның
талаптарынан. «Алла Тағала таза, барынша
таза құлдарын жақсы көреді» – деген. Ислам діні тазалықты екіге бөліп
қарастырады. Ол – сыртқы тазалық және рухани тазалық. Осы сыртқы
тазалықтың өзі бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Мысалы, отырған жердің
тазалығы, киімнің тазалығы, дененің тазалығы, ішер астың тазалығы т.б.с.с.
Отырған жердің тазалығына келсек Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдар жүретiн жолдың үстiне, тынығатын
көлеңкелерде, әсiресе жемiстi ағаштардың түбiнде дәрет сындыруға болмайтындығы
жөнiнде сахабаларға: «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!»
дегенде, олар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi
қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретiн жолға немесе
тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген. (Мүслим риуаяты).
Демек, бiз мұсылмандарға түскен мiндет – айналамыздағы
қоршаған ортаны таза ұстау. Ағаш отырғызып, табиғатты аялау. Негiзiнде мұсылман
бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес,
пайда әкелушi. Дінімізде қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi
насихатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда
мақталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi: «Кiмде-кiмнiң
қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет қайым басталып кеткенше
қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн»
– дейдi (Бухари риуаяты). Ардақты пайғамбарымыз үш нәрсе көздiң
нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға
және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан. Пайғамбарымыз
(с.ғ.с.) өз қолымен құрма ағашын егiп, мұсылмандарды солай iстеуге шақырып: «Қандайда
бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар,
құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса-дағы, мiндеттi түрде өзiне
сауап ретiнде керi қайтады», – деген. Өкiнiшке қарай,
мұсылманшылықты бiлмегеннiң кесiрiнен керiсiнше болып жатады. Көшелерде қалай
болса солай қолындағы қоқыстарын кез келген жерге тастай салу, темекінің
қалдықтарын лақтыра салу, талды сындыру секілді келеңсіз жабайы көрністің куәсі
болып жүрміз. Бұл жағдайлар тіпті алланың үйлері болған мешіттердің ауласында
да орын алатыны жаныңды сыздатады.
Сол сияқты намаздың парыздары он екі болса соның бірі намаз
оқитын жердің тазалығы. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Намаздың кілті – тазалық!» – деп
бұйырған. Онсыз намаз қабыл болмақ емес.
Ал,
енді тәннің тазалығы деп – тырнақ, беті – қол, аяқ, тіс, көз, құлақ, мұрын
тазалығы, шаш пен сақал – мұрттың күтімі, әурет тазалығы т.т айтуға болады.
Хадисте айтылғандай ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Он нәрсе жаратылыстан бар. Олар:
мұрт қысқарту, сақалды өсіру, мисуак пайдалану, мұрынға (кеңсірікке) су жіберу
арқылы жуу, ауыздың тазалығы, тырнақ алу, саусақ араларын салалап жуу, қолтықты
түктен арылту, белден төменгі жерді (ұятты жерін) қыру, истинжа жасау» – деген. Құран кәрімде: «Ей иман келтіргендер!
Намазға тұрғыларың келгенде беттеріңді, шынтаққа дейін қолдарыңды жуыңдар,
бастарыңа масих тартып, тобықпен бірге аяқтарыңды да жуыңдар» деген (Маидә
5/6). Мінекей әр намаз алдында жуынуды алла өзі бұйырып тұр. Осындай тазалық
қандай жолда бар. Әрине тек ислам талаптарында. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.с)
хадистерінде: «Аллаһ кіршіксіз таза, әрі тазалықты сүйеді» деп айтқан. Дін
дұшпандары Исламға тазалық жағынан ештеңе айта алмаған. Ал Француздардың дүние
жүзіне жар салып мақтан тұтатын Версаль сарайында бірде-бір монша болмаған
көрінеді.
Мысалы жұма намазына барарда бейсенбі күні ғұсыл (толықтай
жуыну) шариғат талаптарынан. Мұның мақсаты жұма намазына барғанда көпшілік
арасында үстіннен шыққан жағымсыз иістен басқаларға жиіркенішті болудың алдын
алу. Керсінше ислам үстің таза, жұпар иістер шығып тұрсын деген мәдениетке
шақырады. Құранда: «Аллаһ көп тәубе етушілерді және көп тазарғандарды ұнатады»
– делінген.
Және Абу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) келген тағы бір
хадисте: «Барша мұсылманға Аллаһ үшін әрбір жеті күнде бір жолы толық
жуыну керек. Сол жуынуында басы, денесін жууы қажет»-делінген. (Бухари,
Муслим).
Дінімізде тазалық және тазалану мағыналарын білдіретін
негізгі ұғым – бұл «тахарат». Құран Кәрімде тазалық қатысты 31 жерде кездесетін
негізгі терминдер осы сөзден тарайды. Олар сумен немесе өзге де жолдармен
тазалануды, күнәдан, харамнан бойды аулақ ұстауды, сонымен қатар, мінез-құлық
пен ахлақ тазалығын, пәктікті білдіреді.
Бұған
қоса тазалық мағынасына келетін басқа да арабша терминдер бар. Мысалы,
«нәзафат» асқан тазалықты, ал «зәрафат» сөзі тазалықта талғампаздықты білдіреді.
Дүние-мүлікті кірден тазарту мағынасында «зекет», нәпсіні күнәдан арылту
мағынасында «тәзкия» сөзі қолданылады.
Ал киген киімнің тазалығына келетін болсақ. Алғаш түскен
аяттардың бірінде: «Киіміңді таза ұста! Әр түрлі лас істерден аулақ бол», – делінген.
Сонымен қатар «Ей адам балалары! Әрбір құлшылық орынында
зейнеттеріңді алыңдар!». – деген. (Ағраф:31). Бұл аят арқылы зейнеттерің
деп отырғаны таза, пәк, жарасымды киімдеріңді киіңдер дегені.
Ішер асымызды арамнан сақтау бұл астың тазалығы болмақ.
Мысалы арақ, ішімдік ішу. Ол нәрсе арқылы адам есін жоғалтып ластанаса,
өлексенің, доңыздың етін жеу арқылы денсаулығына зиян келтіреді. Құран кәрімде
былай бұйырылған: «Өлексе, сұйық қан, доңыз және Аллаһтан басқаның атымен
сойылған жануарларды жеу харам болады.» делінген.((Әнам 145)
Бұл нәрселерді жеудің адам денсаулығына зиянды жақтарын
медицинаның өзі айғақтап берген. Олай болса тазалықтан мақсат денсаулықты
сақтау болса, онда мұндай нәрселерді қолану да тазалық нормаларына қайшы
келетіні анық.
Тазалыққа қатысты тағы бір айта кетерлік мәселе, аяттар мен
хадистердің түпкі мәніне үңіліп, зерттеп, зерделеген ғалымдар дінімізде жүрек
тазалығының бәрінен жоғары тұратындығы жайлы тоқтамға келген. Өйткені, ардақты
пайғамбарымыздың жоғарыда айтылған хадисінде тек сумен атқарылатын сыртқы
тазалық айтылмаған. Су арқылы тән кірден арылғанымен жүрек күнәға белшесінен
батса, бұның толыққанды тазалыққа жатпасы белгілі. Демек, ішкі және сыртқы
тазалық өзара үндескенде ғана ол иманның жарты бөлігін құрайды.