Адам, білім алу арқылы дүниетанымын кеңейтеді, табысын арттырып, бәсекеге  қабілетті бола түседі. Алла тағала «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» дейді қасиетті Құранда. Білім – адам бойындағы  ақыл мен парасатты арттыра түсумен қатар, еліне, ұлтына тигізер пайдасының таусылмас қоры. Н.Назарбаевтың  «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ» деген сөзінде терең мән жатқаны анық.

Дінімізде білім алу міндетті парыз, себебі, Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз – деп нақты тапсырып кеткен.

Әрбір мұсылман баласы қай заманда, қай ортада болмасын білім үйренуге, сол арқылы ұлтына Отанына пайдасын тигізуге тиіс. Ақыл санасын біліммен толықтыра білген мұсылман бұл өмірде де, ақыретте де мейірімге бөленеді. Пайғамбарымыз с.а.с. хадистерінде білімнің жолына түскендерге Алла жаннатқа апарар жолды жеңілдетіп, періштелердің ризашылықпен қанаттарын жаятыны айтылған. Жер беті, тіпті, судағы балықтарға дейін ғалымдардың күнәсін кешіруді тілейтіні баяндалған.

Кәрі тарих ерте заманда-ақ мұсылман ғалымдарының ғылымға зор жаңалықтар енгізіп, әлемнің ғылыми тұрғыдан ілгерілеуіне атсалысқанын дәлелдеп отыр.  

Құранда білім және білімділердің артықшылығы жөнінде 375 аят келген. Хасан әл-Басри «Бақара» сүресі 201 аятындағы «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ахыретте жақсылық бер» деген аятта бұл дүниедегі жақсылық бізге білім және ғибадат, ал ахыреттегі жақсылық жәннәтқа кіргіз,- деген мағынадағы дұға дейді. 

«Егерде білім алушының ниеті тура болса, онда оған ешкім тең келе алмайды. Оның ниеті – білімсіздікті жойып, жақсылыққа шақыру болуы керек»  дейді белгілі мазхаб басшысы Имам Ахмад.

Бәдір соғысында тұтқынға түскендердің арасында оқу-жазу білетіндері бар еді. Пайғамбарымыздың с.а. с. соларға он мұсылманның сауатын ашса, бостандық беретінін айтып шарт қойды.Бұл Исламның қай мезгілде қай жерде, кімнен болса да ілім үйренуге деген құштарлығының белгісі.

Білім алудың өзектілігі күні бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше жаңа заманның көшіне ілесу үшін тереңдей түсу маңызды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Мәңгілік Ел» атты Жолдауында «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар » деген болатын. Жаһандану үрдісі көз ілеспес жылдамдықпен жүріп жатқанда әлемдік бәсекелестіктің күшейе түсері анық. Бұл бәсекеде білімді ұрпақ қана тізгін түйістіре алады. Болашақтың баянды болуына, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш білім. Қазақ елінің де өсіп – өркендеуі мен әлемде өзіндік орнын алуы бүгінгі ұрпақтың біліміне байланысты.

 Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Өз білімі арқылы игі, сауапты істер атқаруға ұмтылғандар адамзатқа тек пайда әкелетіні анық.

ҚАСЫМБЕКОВ НҰРЖАНҚМДБ, Шымкент қаласы орталық мешітінің азаншысы

Пайдаланған әдебиеттер

muftyat.kz

Бақара сүресі 201 аят

asyldin.kz

Зумар сүресі, 9-аят.

Тирмизи риуаяты

zkoipk.kz

asylarna.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38