Әбу Яғла Шаддад ибн Аус р.а. «Пайғамбарымыз с.а.с. «Ақиқатында Аллаһ әр нәрсені (іс амалды) жақс істеуге бұйырған. Егер өлтіру (керек болса) жақсы тәсілмен өлтіріңдер. Тіпті мал соятын болсаңдар да жақсы орындаңдар. Пышақты (жақсылап) қайрап, (сойылатын) малды азаптан құтқарыңдар», деді» деген.

Қазақ халқы қашанда жеген тамағының адалдығы мен құнарына мән берген халық. Сойған малының семіздігіне ғана емес, халал жолмен ауыздалуына да аса көңіл өліп отырған. Адам баласының қажетіне жаратылған жануарлар шариғат жолымен сойылмайынша халал болмайды. Абдулла ибн Омардан келген хадисте былай делінген: «Бізге екі ғана өлексе халал етілген, екі өлексе дегеніміз: өлген шегіртке мен өлген балық».

Исламда әрбір мұсылман міндетті түрде орындауға тиіс мал союдың белгілі тәртібі бар. Ибн Омар р.а. Пайғамбарымыздың с.а.с. «Кімде кім малды соятын болса, тез сойсын» дегенін жеткізген. Бұл барлық істі мейірімділікпен жақсы орындау керек деген қағиданың іске асуы болмақ.

Исламда бұйырылғандай: мал соятын адам – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек. Жеті жастан асқан әрі союдың мәнісін түсінетін бала бауыздаса, сойғаны халал. Алла Тағала айтады: «Сендерге кітап берілгендердің тамағы халал етілді» Ал есін білмейтін бала немесе есі дұрыс емес адамның сойғаны харам.Сонымен қатар құбылаға қаратып сою да шарт.

Соңғы кездері ғаламтор бетінен жиі көрініп жүрген  тоққа салған немесе бастан ұрып өлтірілген малдың еті харам қылады. Бауыздалмай сойылған малдың қаны ақпай қалса, етті бұзады. Ондай етте адам ағзасына өте зиян ауру қоздырғыш бактериялардың жылдам көбейіп кету қаупі бар.

Малды сояр алдын  «Бисмиллаһ» деу керек. «Анғам» сүресінің 145-аятында Алла Тағала: «Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам»,-деп ескертеді.

Малды азаптауға, көзінше пышақ қайрауға, желкесінен бастап союға, электр тоғы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа құралдармен ауыр жарақат тигізіп талдыруға тиым салынған. 

Сондай-ақ, басын денесінен бөлуге, терісін сыпыруға, ыстық суға салуға, денесінің бір бөлшегін кесуге болмайды.

Мал сою ықтиари және мәжбүри деп бөлінеді. Ықтияри дегеніміз кез-келген адамның қажеттілігіне қарай сойылатын мал. Ондай малды бауыздағанда екі күре тамыры мен кеңірдек өңеші қатар кесіледі. Ықтияри сойылған малдың жаны шықпай жатып жұлынын үзуге болмайды.

Мәжбүри жағдай мал өлейін деп жатса, буынып қалса, ондай жағдайда іштей «Бісмилланы» айтып, кез-келген тұстан пышақ ұрып, қан шығарса болады.

Мұсылман адам мал сояр алдын тазалыққа да көңіл бөлгені жөн. Сойылатын жерді тазалап, тізе бойындай шұңқыр қазып, малды ұрмай апару қажет. Әбу Сағид әл-Қудри р.а. «бір күні Расулаллаһ с.а.с. қойдың құлағынан ұстап сүйреп бара жатқан адамды көргенде, оған: «қойдың құлағын қоя бер де желкесінен ұста» деді» деген.  Малды сояр алдын қыблаға қаратып сол жағымен жатқызып, екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлайды. Пышақты оған көрсетпей қайрап «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар»,-деп бауыздайды. Мойнын өңеш, кеңірдек және екі жағында екі тамырын бір мезетте кесіп, қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтеді. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.

Бауыздау қанын ұрттап ішу де харамға жатады. Қараңғылық дәуірінде адамдар қарындары ашса, түйені немесе кез келген малды өткір затпен кескілеп, аққан қанын жинап алып ішетін болған. Исламның келуімен аққан қан нәжіс болып оны ішу харамға есептелді.

Сондай-ақ, құстарды да пышақпен бауыздаған абзал. Балтамен шабуға, мойынын қолмен жұлып алуға шариғатта тыйым салынған. Олай істеген адам күнәхар болмақ.

Фиқһ ғалымы Әбу Абдулла Бажи: «Бес қасиетпен іс кемеліне жетеді: Аллаға иман ету, ақиқатты тану, ықыласпен еңбек (ғибадат) ету, құлшылық сүннетке сай болуы және адал ас. Осы бес қасиеттің бірі табылмаса, құлшылық Алла құзырында қабыл болмайды», – деген екен. Демек, адал ас құлшылыққа, адамның кемелденуіне ықпалы зор. Осы мағынаны һижри ІІІ ғасырдағы тасаууф ғұламасы Сәһл бин Абдулла Тустари: «Құтылу үш қасиетпен: адал ас, парыздарды өтеу және пайғамбар жолымен жүру», – деп өрбітеді.

«Арамдық қып ішкен ас, ішіңе барып болар тас» дейді ел даналығы. Әрбір түйір асына мән берген бабалар өсиеті бұл. Сондықтан әрбір тағамның адалдығына мән берген абзал.

Сарыбаев Қазыбек СұлтанбекұлыҚМДБ-ға қарасты «Халал Дамудың» Шымкент қаласы бойынша жауапты өкілі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38