Жуырда, Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, есесіне көршілес жатқан Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекені су астында қалып, үйлер мен егістіктерге т.б. орындарға зақым келді.
Осы жағдайға байланысты еліміздің барлық өңірлерінен Мақтаарал ауданына тиісті көмектер келіп жатыр. Аллаға шүкір. Бұл бірлігіміздің бекем екендігін көрсететін асыл құндылық деп санаймыз.
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында елімізге белгілі әнші-композитор Заттыбек Көпбосынұлы, Шымкент қаласы бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров, «Шейх Мұхаммад Садық» мешітінің бас имамы Бекайдар Әміре, Әл-Фараби аудан бас имамы Ахметжан Керімбек және Еңбекші аудан бас имамы Еркебұлан Қарақұловтар және Түркістан, Шымкент қаласы «Зекет» қорының өкілдері Мақатарал ауданына барып қайырымдылық шарасын өткізіп, халықты сабырға шақырып, жағдаймен танысып кездесулер өткізді.
Кездесу барысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі әрі ҚР Журналистер ордағының Түркістан облысы филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай мырза және Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді сөз сөйлеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің тынымсыз жасап жатқан қайырымдылық жұмыстарына алғыстарын білдіріп, жеңіс күнімен құттықтады.
Айта кету керек, қайырымдылық шара барысында Алла ризалығы үшін 21 ұсақ мал сойылып (500 кг ет өнімдерін) және 150 отбасыға ауызашарға арналған «Рамазан қоржыны» үлестіріліп, 2000 дана медициналық бетперде белгіленген орындарға таратылды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласыбойынша баспасөз қызметі