Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Ресейдің мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинмен телефон арқылы сөйлесті.
Екеуара әңгіме барысында коронавирус пандемиясының әлем жұртшылығына тигізіп отырған зияны, індеттен сақтанудың алғышарттары, осындай кезде және қасиетті Рамазан айындағы жұмыстарды үйлестіру жайын талқылады.
Қазақстан мен Ресей мүфтилері коронавирус індетіне қарсы барлық тиімді шараларды жасап, мәселенің тиімді шешілуіне бар күшін салатынын атап өтті. Сондай-ақ телефон арқылы әңгіме барысында екі елдің үкіметтерінің инфекцияның таралмауы, халықтың денсаулығы мен дертке шалдыққандарды емдеу бағытында жасап жатқан жұмыстарына жоғары баға берді.
ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен Ресейдің мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин осындай қиын кезеңде ел үшін Алла Тағалаға көбірек дұға қылудың маңызы туралы әңгімеледі. Осыған байланысты жұма күні бірлесіп дұға жасау туралы шешімге тоқталды.
«Сіздің «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» атты игі бастамаңызды қолдаймыз. Сол үшін 10 сәуір, жұма күні намаз кезінде бәріміз бір мезетте алақан жайып, дұға жасап, Жаратушы Алладан мейірім-пана тілейміз» деп атап өтті Равиль Гайнутдин.