Татарстан мұсылмандарының діни басқармасы Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман әлеміне жасаған үндеуіне қолдау білдірді.Татарстан Діни басқармасы Қазақстан мүфтиінің коронавирус індетінің өршуіне байланысты әлемдегі барша мұсылман қауымын күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға шақыру жайлы бастамасына қосылды.Татарстан мүфтиі Камиль хазірет Самигуллин Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына осы хабарды жеткізіп, бірлесіп дұға ететінін мәлімдеді. Бауырлас елдің бас мүфтиі Ислам әлемінің барша жетекшілерін, медреселер ұстаздары, Құран білгірлері һәм барша мұсылман үмбетін 10 сәуір жұма күні бесін намазы уақытында «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі бастама аясында бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға шақырды. Осы мақсатта Камиль хазірет Самигуллин Татарстанның имамдары мен мұсылмандарында бір уақытта дұға жасау жайлы үндеуге атсалысуға үндеді. Ассалаумағалейкум, құрметті бауырларым мен қарындастарым!Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мұсылмандар бір қатарда сап түзеп, иық тірестіріп, Мейірімді де Рақымды, Құдіретті және Қамқор Алла Тағалаға дұға жасау мүмкіндігінен айырылып отыр. Алайда мұсылмандар әлемге қауіп төніп тұрған осындай қиын уақытта дұғасын тоқтатқаны дұрыс па? Жоқ, керісінше, біз, барша әлемнің мұсылмандары, қол жайып, ниетімізді біріктіріп, Алладан мейірім мен кешірім сұрап, дұға етуіміз керек. Өйткені Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – мұсылманның қалқаны» деген.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 10 сәуір жұма күні бесін намазы уақытында бір мезетте алақан жайып, дұға жасау жайлы үндеуін ықыласпен қабыл алдым. Бұл бастама «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген тақырыпта өтеді. Татарстанның барлық дін жетекшілерін, медреселер ұстаздарын, Құранның білгірлері мен республикамыздың барша мұсылманын ортақ дұғаға қосылуға шақырамын және осы бастама жайлы барлық бауырларға жеткізуді аманаттаймын. Себебі біздің бірлесіп жасаған дұғамыз адамзатты апаттан құтқаруы ғажап емес. Сіз де қосылыңыз!Татарстан мүфтиі Камиль хазірет Самигуллин Share Жазба навигациясы РЕСЕЙ МҮФТИІ ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІН ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ БАС МҮФТИ РЕСЕЙ МҮФТИІМЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ