Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын.
Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жыл ішінде Қазақстан халқы әуелі Алла Тағаланың мейірім-шапағатымен, ауызбіршілігінен айнымай, бірлігіне бекем ел екендігін таныта білді.
Осынау бірлікке ұйыған жүздеген ұлттардың ынтымақты мекеніне айналған елдің тыныштығын бұзғысы келетін топтар дінді желеу етіп, дүйім жұртты дүрліктіргені көңіл қынжылтады. Алды-артын ойламаған кейбір азаматтардың исламның атын жамылған дінбұзар ағымдардың арбауына еріп, ислам құндылықтарын аяқасты етіп, халықты әбігерге салғаны, расында, өкінішті жайт.
Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.
Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек.
Бүгінгі таңда тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын, «кәпір» есептейтін және өз отанын тәрк етуші адасқан ағымның көрініс тапқаны мәлім. Сондай ағымның бірі – «Әт-такфир уәл-хиджра» ағымы.
Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Әт-тәкфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шыққан болатын.
Осы шешімді шығару кезінде аталған ұйымның экстремистік бағыттағы қызметі жөніндегі қолда бар материалдармен қатар сотпен «Әт-такфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, АҚШ-та, Түрік Республикасында және Еуропалық одақта тыйым салынғандығы ескерілді.
«Тәкфир» – сөзінің мағынасы бір адамды күпірлікке шығару дегенді білдірсе, «Хижрат» – араб тіліндегі «хажара» деген түбірден шыққан «тәрк ету, қалдыру» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы мұсылмандардың діни сенімдері (мұсылман болғандықтары) үшін дінсіздер тарапынан қысым, зардап көріп отырған бір жерден басқа бір жерге қоныс аударуды білдіреді.
Осы ретте, өзінің діни ұстанымымен келіспегендерді күпірлікте айыптап, өз отанын тәрік етуші жанның әрекеті қаншалықты дұрыс, шариғат бұған байланысты не дейді? Осы мәселеге тоқталсақ.
Дінсіздікті діңгек еткен кеңестік дәуірдің бодауынан енді ғана шыққан халықты «кәпірсің» деп айыптау сауатты мұсылманнің ісіне жатпайды.
Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғана тән.
Имам Ибн Абидин (Алла оған разы болсын): «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Егер мен мүминнің күпірліклікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірліклікте айыптамас едім», – деген.
Қатардағы қарапайым адамның біреуді күпірлікте айыптауы үлкен күнә болып табылады. Сонымен қатар, сол айыптауы орынсыз болса өзіне оралатындығы жайында сүйікті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ескерткен.
Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алланың елшісі:
أَيُّمَا امْرِئٍ قَالَ لِأَخِيهِ: يَا كَافِرُ، فَقَدْ بَاءَ بِهَا أَحَدُهُمَا، إِنْ كَانَ كَمَا قَالَ وَإِلَّا رَجَعَتْ عَلَيْهِ
«Егер қандайда бір адам бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады».(Хадисті имам Бухари риуаят етті).
Әбу Зардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
مَنْ دَعَا رَجُلاً بِالْكُفْرِ أَوْ قَالَ: عَدُوَّ اللَّهِ، وَلَيْسَ كَذَلِكَ إِلَّا حَارَ عَلَيْهِ
«Кім бір кісіні күпірлікте айыптап: «Кәпір», немесе «Алланың дұшпаны», – десе, ал ол олай болып табылмаса, онда айтылған сөз оны айтқан иесіне қайта оралады!». (Хадисті имам Муслим риуаят етті).
Жаратушы Хақ Тағала:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَى إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا «Әй, мүміндер! Алла жолында шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Сен – кәпірсің», – демеңдер»,-деп айтты. (Ән-Нисә сүресі, 94 аят).
Тәпсірші сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала мүминдерге «лә иләһә илләлла» – деп куәлік айтқандарға: «Сен – кәпірсің!» деп айтуды, оларға өлексені тыйым салған сияқты, тыйым салды!», – деп айтқан.
Имам Заркәши (Алла оған разы болсын): «Күпірлікте айыптағыштың өзі, мұсылманды такфир жасауының себебінен, күпірлікке кіріп кетуден қорықсын!» – дейді.
Себебі, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«تَكْفِيرُ الْمُسْلِمِ كَقَتْلِهِ»
«Мұсылманды күпірлікте айыптау – оны өлтірген секілді».
«Іштен шыққан жау жаман» демекші бұл турасында Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген екен: «Мен бұл үммет үшін оны иман ұстап қалатын муминнен, немесе оның бұзақылығы айқын болған бұзақыдан қауіптенбеймін. Алайда, мен Құранды оқуын кемелдендіргенге дейін оқитын, ал содан соң оны шынайы мағынасына қарсы тәпсірлейтін адамнан қорқамын!».
Имам Әбу Аббас әл-Қуртуби (Алла оған разы болсын): «Күпірлікте айыптау – адамдардың көбі келіп сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында таңдаулылар ғана тоқтап, құтылады. Қандай іс құтылумен теңдесе алады десеңізші!», – деген.
Нағыз мұсылман пенде тырнақ астынан кір іздеп, басқаларды күпірлікте айыптаумен айналыспайды. Керсінше өзінің бойындағы кемшіліктермен күреске түседі.
Израйл әулетінде ағайынды, тетелес екі кісі болды. Ол екеуінің бірі ылғи күнә жасайды екен, ал екіншісі құлшылығына берік, ыждаһатты діндар еді. Ыждаһатты діндар өзінің тетелес бауырының күнә істеп жатқанын көрген сайын: «Доғарсайшы», – дейтін еді. Бір күні әлгі діндар өзінің тетелесінің күнә істеп жатқанын көріп қалып, оған: «Доғарсайшы», – деді. Сонда әлгі кісі: «Сен маған тыныштық берші, менің тағдырымды Құдай шешеді, сен маған бақылаушы болып келдің бе?», – деді. Ыждаһатты діндар оған: «Аллаға ант етейін! Алла сені кешірмейді де, жәннәтқа да кіргізбейді», – деді. Екеуінің ажалдары жетіп қайтыс болған кезде екеуінің жаны бүкіл әлемнің Жаратушы Иесінің алдына келеді. Құдай Тағала ыждаһатты діндарға: «Менің ішімдегіні біліп қойдыңба, әлде Мені райымнан қайтара алатындай құдірет иесі ме едің?» – деді.
Ал күнәһарға: «Бар, сен Менің рахымшылығыммен жәннатқа кір», – деді. Сосын тозақ періштелеріне діндарды меңзеп: «Ананы тозаққа апарыңдар», – деді. Әбу Хұрайра (Алла оған разы болсын): «Жанымды қолына ұстаған Алламен ант етемін! Ол бір-ақ ауыз сөз айтты, сол сөз оның бұл дүниеде де, ахиретте де түбіне жетті» – деді. (Хадисті имам Мүслим, Әбу Дәуіт, имам Ахмад риуаят етті).
Ал, енді хижрат дегеніміз не және оның үкімі мен шарттары қандай деген сауалға келсек, бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Шариғат және Пәтуа» бөлімі төмендегідей пәтуа шығарды.
Ислам ғұламалары хижрат етуді екі түрге бөліп қарастырған. Ғұламалардың сұлтаны деген атаққа ие болған Әл-Ғиз бин Абдуссалам хижраттың осы екі түріне былайша тоқтаған:
- 1. Рухани хижрат. Ол, дінсіздікті тастап исламға келу, бидағатты тастап сүнетке жету, серік қосуды тастап Алланы бір деп білу, күнәлардан арылып Аллаға бой ұсынуға көшу. Хижраттың осы түрін ғұламалар ең абзал және маңызды хижрат деп санап, әрбір мұсылманмын деген пендеге хижраттың осы түрін жасауды уәжіп деді. Мына хадис бұған нақты дәлел болып табылады:
الْمُسْلِمُ مَنْ سَلَمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ وَالْمُهَاجِرُ مِنْ هَجَرَ مَا نَهَى اللَّهُ عَنْهُ
Сахих Бұхариде риуаят етілген Абдулла ибн Амрдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деді:«Мұсылман деген оның тілінен және қолынан ешбір мұсылмандар зардап шекпесе сол нағыз мұсылман, ал нағыз хижрат етуші ол Алланың тыйған нәрселерін тәрк етуші».(Хадисті имам Бұхари риуаят етті).
- Шынайы хижрат.Ол бір жерден екінші жерге көшуді айтады. Хижрат етудің бұл түрінің үкімдері көшетін мемлекеттен көшіп баратын мемлекеттің діни нанымдарына байланысты өзгеріп отырады.
Пәтуа шығару Қазақстан халқының мұсылмандарына байланысты болғандықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғұламалар алқасының пәтуа бөлімінде талқылап шығарған пәтуасы ұсынылады.
Хижрат жасаудың негізгі шарттары, ол мұсылманның тәрк ететін отаны дінсіз қоғам болып, сонымен қатар сол елдің басшылығы мұсылман емес, ислам дінінің негізгі құндылықтарына қарсы келіп, мұсылмандарға исламның маңызды рәміздері мен рәсімдерін атқаруға тыйым салып, қысым көрсету жағдайы орын алуы шарт. Атап айтқанда: мұсылмандардың негізгі құндылығы исламның бес парызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасауды) тыйым салынуы, азан айттырмау, мешіттерді түгелімен жабу және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылған жағдайда ғана мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі.
Мұндай жағдайға мысал келтірер болсақ: Кеңес өкіметінің алғашқы атеиістік биліктің қысымына, зорлық-зомбылығына ұшыраған ата-бабаларымыз өзінің дінін, тілін, дәстүрін сақтап қалу үшін басқа жұрттарға қоныс аударуға мәжбүр болғандығы тарихтан мәлім.
Ал, қазір Аллаға сансыз шүкір, еліміз егеменді, басшымыз мұсылман, мешіттеріміз ашық, құлшылықтарымыз емін-еркін, діни мейрамдарымыз көңіл толтырарлықтай аталып өтілуде.
Жоғарыдағы хижрат амалының шариғаттағы ұғымы мен шарттарын ескере келе, кейбір қателескен ағымдардың «Елімізден басқа елдерге хижрат жасауды міндет деп санауы» хижрат амалының бастапқы шарттарына қайшы келеді. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Бұхари мен Муслимде риуаят еткен хадисінде:
لَا هِجْرَةَ بَعْدَ الْفَتْحِ
«Меккені ашқаннан кейін хижрат жасау жоқ» –деді.
Бұл хадистен мұсылман елінен өзге бір мұсылман елге хижрат жасаудың қажеті жоқ екенін түсінеміз. Өйткені Мекке қаласын мұсылмандар алғаннан кейін мұсылман өлкесіне айналып Мединеге және басқа мұсылман өлкелеріне көшу тоқтатылды. Осы хадиске сүйене отырып, исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен хижрат жасаудың ешбір қажеттілігі жоқ деген шешім шығарылады.
Бүгінде осы отырған барша жамағат куә, елімізде қаншама мешіттер бой көтеріп келеді. Қай өңірге барсаңыз да зәулім-зәулім мешіттер көз тартып, менмұндалайды. Жұма күндері құбылаға бет бұрып, бір сапта тәсбінің тасындай тізілген жұрттың санында есеп жоқ. Мінекей, осы мешітте, намазда қалайша бір сапта бой түзеп, қатар тұрған болсақ, мына қоғамның тыныштығы мен бейбітшілігі, ауызбіршілігі мен ынтымағы үшін баршамыз тонның ішкі бауындай болуымыз керек.
«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», – дейді дана халқымыз.
Имам әл-Ғазали (р.х.):
«وَالْبَشَرُ يَأْلَفُونَ أَرْضَهُمْ عَلَى مَا بِهَا، وَلَوْ كَانَتْ قَفْرًا مُسْتَوْحَشًا، وَحُبُّ الْوَطَنِ غَرِيزَةٌ مَتَأَصِّلَةٌ فِي النُّفُوسِ، تَجْعَلُ الْإِنْسَانَ يَسْتَرِيحُ إِلَى الْبَقَاءِ فِيهِ، وَيَحِنُّ إِلَيْهِ إِذَا غَابَ عَنْهُ، وَيُدَافِعُ عَنْهُ إِذَا هُوجِمَ، وَيَغْضَبُ لَهُ إِذَا انْتَقَصَ».
«Адамзат өз жерін қандай болсада жақсы көрері сөзсіз. Тіпті, ол қуаң шөл дала болсада. Отанды сүйю әу бастан адам табиғатында бар дүние. Онда қалу арқылы адамның көңілі жай табады. Одан қашық кетсе оны сағынып, көңілі жабырқайды. Оған шабуыл жасаса оны жан-тәнімен қорғайды. Біреу оған тіл тигізсе намыстанып ашуланады», – деп отанға деген сүйспеншілікке осылайша анықтама берген.
Кез-келген кісінің өз мемлекетін жақсы көріп бағалай білуде исламның атқарар рөлі ерекше. Себебі, туып өскен өлкеңді қадірлеп бағалай білу – ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сара жолы. Алла елшісі туып өскен елін өте қатты жақсы көретін.
Имам Бұхари мен Мүслим жеткізген хадисте; Пайғамбарымыз өз дұғасында:
اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ
«Аллаһым бізге Меккені сүйдіргендей немесе одан да артығырақ Мәдинаны жақсы көруімізді нәсіп ете көр!» – деп дұға жасайтын. Демек, бұл хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің кіндік қаны тамған отаны Меккені жақсы көргендігі және қоныс аударған екінші отаны Мәдинанға деген махаббатты арттыруын Жаратқаннан жалбарынып тілегені анық айтылып тұр.
Һижри жыл санағының сегізінші жылында мұсылмандар Меккені иеленді. Сол кезде ансарлар, яғни Мадиналық мұсылмандар Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) енді қайта Меккеге қайтып, соны мекендей ме деген ойға кетті. Алайда Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мадинада тұрақтайтынын айтып олардың көңілін жұбатты. Дегенмен, пайғамбарымыз өзі туып өскен, кіндік қаны тамған қасиетті қаланы қашанда сағынып тұратын. Бұған мына хадис дәлел: Сахаба Асыл әл-Һузали (Алла оған разы болсын) Мекке шаһарынан келген сәтінде пайғамбарымыз одан туған отаны Мекке жайында сұрайды. Сол кезде оның сөзін тыңдап тұрған пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге деген сағынышынан көзінен жас тамады. Сол сәтте көзіне жас алған Расулулла:
وَيْهًا يَا أَصِيلُ، دَعِ الْقُلُوبَ تُقِرُّ قَرَارَهُ
«Уа Асыл! Тұра тұршы! Жүрегімді толқытып жібердің ғой!»-деп Асылды тоқтатады.
Ғұлама әл-Хафиз әз-Зәһәби (р.х.) пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның жақсы көргендерін тізбектеп:
«وَكَانَ يُحِبُّ عَائِشَةَ، وَيُحِبُّ أَبَاهَا، وَيُحِبُّ أُسَامَةَ، وَيُحِبُّ سِبْطَيْهِ، وَيُحِبُّ الْحَلْوَاءَ وَالْعَسَلَ، وَيُحِبُّ جَبَلَ أُحُدٍ، وَيُحِبُّ وَطَنَهُ»
«Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша (р.һа) мен оның әкесін және Усәмәны, екі немересін, халуа мен балды, ухуд тауы мен оз отанын жақсы көретін еді»,-деп айтты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан сөздері мен істеріне терең ой жүгірткен әр пенде өзінің отанына, мемлекетіне деген шынайы махаббаттың дәмін сезіп, отан үшін отқа күюге дайын болары сөзсіз.
Аллаға шүкір, біз – бақытты заманның куәгерлеріміз. Елімізде дін, сенім еркіндігіне кепілдік берілген. Дін атын жамылып, халық арасында бүлік шығару, қару асынып адам өлтіру – кешірілмейтін үлкен күнә болып саналады. Күні кеше Сирияда болған қанды оқиға адам түгілі, жан-жануар мен жәндіктердің тіршілігіне ерекше мән берген дәстүрлі Ислам құндылықтарымен еш қиыспайды және де діндар ретінде біз бұл құбылысты қатаң айыптаймыз. Өйткені Сирияға кеткендердің көбі діни себептерге байланысты елді тастап кеткен. «Әйелдер ерлерінің соңына ере барған. Ал Сирияға барғаннан кейін мұсылмандар мұсылмандарды қалай қырып жатқанына куә болған. Ашықтан ашық дарға асу – күнделікті көретін жағдай болып кеткен. Тонаушылық кең етек жайған. Балаларды жауынгерлік лагерьлерде дайындаған. Ері қайтыс болған әйелдерді бірден басқаға бере салып отырған. Мұндаймен бетпе-бет келген кейбір қазақстандықтар қашып та кетпек болған. Алайда террористер қашқандарды ұстап, өлтіретін арнайы жазалау жасағын құрған. Осыған байланысты дер кезінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операция жасауды тапсырды.
Құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды. Оларға мемлекет тарапынан керекті көмек көрсетілуде. Олар да қателіктерін мойындап, екінші бармастай болып отыр. Сол секілді басқалардың да өздері секілді қиыншылықтарды көрмеуін тілеуде.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз.