Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

 Ұят туралы

Халқымыздың түсінігінде «ұят болады» деген үлкен ұғым бар. Ата-әжелеріміз, ата-анамыз кішкентайымыздан бастап санамызға «ұят болады» деген ұғымды сіңіріп өсірді. Міне, дәстүр дегеніміз осы. Сол «ұят боладының» арқасында қаншама арсыз әдеттен сақтандық. Өзінен, адамдардан, Алладан ұялатын кісі жамандыққа әсте жол бермейді.

 Бірлік туралы

Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айырықша мәртебе берілді. Сондықтан бірлігіміз үшін бір мəзһабты ұстануымыз қажет.

Діни мектеп туралы

Орта азиялық мектеп – діни саладағы кешенді жүйе. Бұл – қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасқан жол, дала халқының болмысымен, табиғатымен бітеқайнасып кеткен мектеп, діннің түп негізіне сүйенген діни ережелердің ортақ жиынтығы. Осы аталған діни мектеп радикалды көзқарасты, дінде шектен шығуды (фанатизм) қолдамайды. Керісінше, гуманизмді насихаттайды. Тарихымыздан белгілі, қазақ даласында дінге қатысты ешқандай лаңкестік оқиға болмаған.

Тарихқа қарасақ, күшті жүйе мен қатал ережелер негізінде құрылған мемлекеттер мен хандықтар қанша қуатты болғанымен, бірнеше жүзжылдықта құлады. Ал діни құқықтық мектеп ғасырлар бойы тарихи тамырын сақтап, осы күнге дейін жетті. Өйткені, халықпен бірге оның дәстүрлі діні де бірге өмір сүреді. Осылайша, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Қазақ мұсылмандығымен бірге сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан орта азиялық мектебі бізді ғана емес, тарихы, тамыры һәм тағдыры ұқсас Орталық Азия халықтарын бірлікке ұйыстырады деген ойдамын.

Бұл – радикалды ағымға тойтарыс беруге ықпал ететін жол болар еді. Өйткені, дін мен дәстүрін құрметтеген адам ешкімге залалын тигізбейді. Ел ішінде бүлік шығармайды.

Бөлінбеу туралы

Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі: «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болуға шақырған. Халқымызда: «Тозған қазды топтанған қарға алады», – деген жақсы сөз бар.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадис-шарифінде: «Менің үмбетім адасудың үстінде бірікпейді. Жамағат арасында біріне-бірі қарама-қайшы келетін амалды көрсеңдер, көпшілік ұстанған жағына өтіңдер», – деп өсиет еткен. Өмір болған соң әр адамда дінге қатысты сауал туындауы мүмкін. Осындай түсінбеушілік болған кезде сол замат еш кідірместен, ешкімнің сөзіне алаңдамастан Діни басқарманың ғалымдарына, қызметкерлеріне, кез келген жергілікті имамдарға жолығып, сауалыңызды қойып, әрбір мәселенің мәні мен байыбын түсініп алғанымыз абзал. Бірлік деген осыдан басталады. Хадистегі: «…көпшілік ұстанған жағына өтіңдер», – деген сөздің мәні осында. Қазақтың мақалымен түйіндеп, тұжырымдап айтқанда, бұл: «Көнектен шошынған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас», – деген сөз.

Имамдар туралы 

Бір адамның радикалды діни көзқарасын өзгерту немесе райынан қайтару үшін онымен сағаттап отырып сұхбаттасуға, бірнеше күніңді сол кісіге арнауға тура келеді. Әйтпесе, жұмыс нәтиже бермейді.

Қазіргі имамдардың негізгі миссиясының бірі – байсалды, парасатты, зайырлы мұсылман жамағатын қалыптастыру. Жұрттың бәрінен молда шығару міндет емес. Әрбір азамат өзі таңдаған мамандығы бойынша елдің игілігі үшін қызмет етсе сонда ғана біз өркениетке қадам басамыз. Жастар арасында: «Біздің қоғамға əр саланың мықты мамандары, ізгілікке ұмтылған тұлғалар қажет», – деп ұран тастап жүргеніміз сондықтан.

Жақсы адам туралы

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның…  Әрбір мұсылман азамат бейнебір «Қазақстан» атты алып ғимаратқа бір кірпіш болып қаланып, сол орында өз миссиясын ұқыпты, мұқият, адал атқаруы ләзім.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38