Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғаны Оңтүстік Қазақстан облысының мұсылмандары да үлкен күйзеліспен қабылдады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы лаңкестік оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасады.
Ол Ислам адамның ұстанатын дініне немесе ұлтына қарамастан жазықсыз жанның қанын төгуге ешқашан рұқсат етпейтінін, орын алған оқиғаны мүфтияттың қатаң айыптайтынын жеткізді.
Расында, Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің 32-ші аятында: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, яғни өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» делінген. Ислам – бейбітшілік пен тыныштықтың, татулық пен мейірімнің діні. Ал, лаңкестердің бұл ісі шектен шыққан азғындықтың, жауыздық пен қатыгедіктің көрінісі. Олай болса, радикалды ағым өкілдерінің Ақтөбедегі опасыз әрекеті Ислам дініне мүлде қайшы. Әрі бұл арсыздықтың қасиетті Рамазан айы басталар сәтте жасалуы – қаскөйлердің мақсаты асыл дінімізге күйе жағып, елдің ынтымағын ыдырату болғанын дәлелдейді. Қаныпезер қылмыскерлердің қиямет күні Алланың құзырында да, заң алдында да ең қатаң жазаға тартылатынына сенеміз.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің бірі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екенін ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Елінің амандығы жолында опат болған барша азаматтардың, оның ішінде ерлікпен қаза болған жерлесіміздің отбасына, ата-анасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Оларға Алладан сабыр тілейміз. Жарақат алғандарға Жаратушы Иемізден шипа сұраймыз.
Жазықсыз жандардың қанын төккен мұндай зұлымдық елімізде енді қайталанбасын. Ол үшін әрбір мұсылман бейбіт өмірдің қадірін сезініп, ел бірлігін көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Облыс тұрғындарын әртүрлі арандатудан, бүлік пен жанжалдан іргемізді аулақ салып, зұлымдыққа қарсы бірлесіп күресуге шақырамын.
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары