Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы орталық мешітінің бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлынан дін турасында аз-кем сұхбат жүргізген болатынбыз. http://today.kz

Адам үшін бастысы денсаулық болса, мемлекет үшін бейбітшілік пен тыныштық, оның ішінде дінаралық татулық басты орында. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде әлемдік қауымдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты ілгерілетуде бірегей тәжірибесі бар егемен мемлекет ретінде қалыптаса білді. Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байыта түсті. Ел Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты. 

Десек те, қоғам арасында іріткі салғысы келетіндер, кері ағымдағылардың салқыны толық кете қойған жоқ. Осыған орай, біз Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы орталық мешітінің бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлынан дін турасында аз-кем сұхбат жүргізген болатынбыз.  

– Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында халықтың діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы іс-қимыл туралы хабардар болуының өсу деңгейі 2018 жылы – 76 %, 2020 жылы 78 %-ға жетеді делінген. Осы саланың маманы, дін өкілі ретінде не айтасыз, расында халық қаншалықты діни сауатты?

– Діни сауатымыз жылдан жылға Аллаға шүкір артып келе жатыр деп ойлаймын. Неге десеңіз, себебі жыл өте ҚМДБ-ға қарасты медреселерді жас, білімді азаматтар бітіріп имам, азаншы секілді діни қызметтерге тағайындалып жатыр. Бұған дейін шыны керек, кирилл әріптерімен Құран аяттарын жаттаған аға буын молдалар діни рәсімдерді атқарып келді. Өз шама-шарқында діни сауат ашу істері бойынша да қызмет етті. 

Қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Тараз, Шымкент, Сарығаш қалаларында, Үшқоңыр және Әбу Ханифа медреселері жұмыс істеп тұр. Бұл медресе-колледжді бітірген азаматтар діни қызметке келіп жатыр. Сондай-ақ сауатты, құранды мәнерлеп оқуды үйретіп, өзінің тағайындалған мешітінде діни сауат ашу курстарын жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, имамдардың білімін жетілдіру институты және Нұр-Мүбәрак университетінде оқуларын жалғастыра алады.

– Діни экстремизм мен радикализм идеологияларын қоғамда қабылдамауға және оған қарсы насихаттауға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми білім беруде қандай кешенді жобаларды іске асырдыңыздар?

– Жалғыз өзім жеке жобалар іске асырдым дей алмаймын. Бұған дейін Дін мәселелерін зерттеу орталығында жұмыс істеп жүрген уақытта әріптестеріммен бірге ақпараттық түсіндірме жұмыстарымен айналыстым, БАҚ беттерінде мақалалар жазып, әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға тырыстым. Сондай-ақ, өткен жылдың 10 айында ҚМДБ Шымкент өкілдігіне қарасты Sharigat.kz сайтын жүргіздім. Бәйдібек ауданына тағайындалуыма байланысты ол қызметті басқа азаматқа тапсырып кеттім.

– Имам ретінде дінтану және діни білім беру жүйесін жетілдіру бойынша Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылғанын айтып бере аласыз ба?

–  Бұл сұраққа облыс имамының жауап бергені дұрыс деп есептеймін. Өз басыма келсем, аудан бойынша қолымнан келгенше діни сауаттандыруға бар ықылас, жігерімді саламын деп ниеттемін деп отырмын.

– Діни құндылықтар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ете ала ма?

– Жалппы қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айтады ғой. Дінтанушы ретінде оң әсер тигізе алады деп есептеймін, әрине ол дәстүрлі дін. Деструктивті керағар діни ағымдар өзінің насихатын қалай сіңіруге тырысса, соған қарама-қарсы біз де өз тарапымыздан діни құндылықтарымызды, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жоққа шығарушыларға тойтарыс бере отырып, еңбек етеміз деген ойдамын. 

– Жастар арасында экстремизм мен радикализм идеологияларын таратуға қарсы іс-қимыл жөнінде мемлекет пен қоғам қандай шара қолданып, көмек көрсету қажет?

– Өз басым жоғарыдан бер деп сұрай бергенше өз отбасыңа, бала-шағаңа еге бол дегенді құп көремін. Дінді өзгеден емес өзіңнен үйренсең, сен Құдайға құлшылық етсең бала-шағаң сенен асып кетпейді деп ойлаймын. Жалпы тәжірибемнен байқағаным, радикалды көзқарастағы азаматтар отбасында мүлде дінге қатысы болмаған ортадан шыққан. Үй ішінде діни жоралғылар яки діни құлшылықтар орындалмаған отбасынан шыққандығынан хабарым бар.

– Білім беру ұйымдарында «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту оқушылардың рухани танымына қаншалықты әсер етуі мүмкін? 

– Бұл факультативтік пән әрі оны тарих пәнінің мұғалімдері оқытып, сабақ береді. Бұл пәнде діндердің шығу тарихы, жалпы тарихы оқытылады. Жалпы, белгілі бір дінге байланысты тереңдетіліп оқытылмайды. Біз өз тарапымыздан діни білім аламын деушілерге мешітіміздегі діни сауат ашу курсына, медреселерге оқуға шақырамыз.

Фото -

– Бәйдібек аудандық орталық мешітіне жақында ғана бас имам болып келдіңіз. Ауданның дін саласына қатысты қандай жоспарыңыз бар? 

– Ауданда 47 ауыл округі және 37 мешіт бар, халқы 50 мың тұрғынды құрайды. Аллаға шүкір мешіттерде имам-молдалар жетерлік. Негізгі ауданға келудегі мақсатым – Жастар жылы болғаннан кейін ҚМДб өкілдігіне қарасты аудан жастарын жинап, соларға қатысты іс-шара өткізу. Осында колледж бар, облыс бойынша қаншама жастар келіп білім алуда. Сол себепті, жастар секторын ашып, студенттермен жұмыс істеймін деп отырмын. 

Жастармен басқосуда, жиындарда есірткінің алдын алу, қауіпті сайттардан сақтандыру, қандай сайттарға кіру керек, қандай уағыз тыңдауға болады, жол көрсетіп отырмақпын

 Бұдан басқа, аудандық білім бөліміне барып, ауданның ақпараттық түсіндірме тобының мүшесіне кіріп, мектептерде кездесу өткізу. Сонымен қатар, Бәйдібек аудандық жастар орталығымен де келісу керек. Олар кесте түзіп, бекіткен соң, ауыл жастарымен кездесу өткізу ойымда бар. Бұл кездесулер не береді? Қанша дегенмен жастарымызды жаман әдеттер мен кері ағымдағы діни топтардың арбауына түсуден сақтанады, ақпаратқа қанық болады деп сенемін. 

– Мұсылман болу мен араб болуды шатастырып алатындар көбейіп кетті. Айырмашылығы қандай болу керек негізі?

– Мұсылман болу деген ол – ислам дінінің жолымен жүру. Қазақстан мұсылмандары ұстанатын жол Ханафи мазхабы әрі Матуриди ақидасы. Жалпы, басқа мазхабтар бар, біз оны жоққа шығармаймыз. Дегенмен біз ханафи мазхабын ұстанамыз әрі соны өз шәкірттерімізге үйретеміз. Ал араб дегеніміз бір ұлт қой, ол ұлттың да өзінің салты, дәстүрі бар. Киім кию үлгісі бар дегендей. Керек десеңіз, тамақтану әдебі де бізге ұқсамайды. Демек мұсылман болу мен араб болу дегеніміз екі бөлек дүние екен. 

– Әртүрлі ағымдар мен теріс діннің жетегінде жүргендер бізге қауіп туғыза ала ма?

– Алдын мүмкін солай болған шығар. Бірақ қазіргі кезде білімді ұстаздарымыз, ҚМДБ пәтуа бөлімі бар. Білікті имам-молдаларымыз да жетерлік. Қазір сыртқы елдің ғалымдарына емес, өз ғалымдарымыздың пәтуларымен жүріп келеміз. Ол да болса Ханафи мазхабының, Матуруди ақидасының білгірлері. 

– Еліміздегі діни шиеленіс мәселесін реттеудің қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

– Жолы көп шығар, дегенмен де діни сауат ашу курстарын реттеп алдық. Жылда жаз айларында мыңдаған балалар сауаттарын мешіт жанындағы курстардан ашып келеді. Осылайша шиеленіскен мәселелерді шеше аламыз деп ойлаймын. Себебі білімді жан қай уақытта болмасын алдынан шыққан мәселені шеше алады.

– Уахабилер рух, әруақ дегенге неге қарсы?

– Олардың түсінігінде бұл әрекетті адасушылық деп біледі. Бірақ, бұл қате түсінік. Біз әруақты сыйлай білген халықпыз. Біз оларға сыйынбаймыз, алайда оқыған Құранымызды бағыштап, артында қалған ұрпақ ретінде дұға жасаймыз. Егер марқұмдарымызды құрметтей білмесек, ол тарихымызды ұмытумен тең деп есептеймін. Әруақтарға дұға ету де мұсылманның бір міндеті.

– Сұхбатыңызға рахмет. 

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38