الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،
Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды білдіреді. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.
Алла Тағала жексенбіні Исаның (ғ.с.) қауымына, сенбіні Мұсаның (ғ.с.) қауымына, ал жұманы Мұхаммедтiң (ﷺ): үмметiне мейрам күні етiп бердi.
Пайғамбарымыз (ﷺ):
خَيْرُ يَوْمٍ طَلَعَتْ عَلَيْهِ الشَّمْسُ يَوْمُ الْجُمْعَةِ فِيْهِ خُلِقَ آدَمُ وَ فِيْهِ أُدْخِلَ الْجَنَّةَ وَ فِيْهِ أُخْرِجَ مِنْهَا وَ لا تَقُومُ السَّاعَةُ إلاَّ فِي يَوْمِ الْجُمْعَةِ
«Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ»[1], – деп хабар береді .
Шынында, жұма күні Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (ғ.с.) жаратты. Жұма күні Адам (ғ.с.) жұмаққа кірді. Осы күні Адам (ғ.с.) жұмақтан шығарылып, жерге түсірілді. Қиямет күні де жұмаға сәйкес келеді екен. Бұл күні мұсылмандар үшін ең ұлы қуаныш – олар Алла Тағаламен қауышады.
Мұхаммед (ﷺ) үмметі біріншілердің қатарында жәннатқа кіреді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген мына бір хадисте (ﷺ):
نَحْنُ الآخِرُونَ الأَوَّلُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَ نَحْنُ أَوَّلُ مَنْ يَدْخُلُ الْجَنَّةَ
«Біз (бұл дүниеде) – ең соңы, қиямет күні ең алдымыз. Жәннатқа кірушілердің алғашы да – біз»,– делінген[2].
Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Алла Тағала иманды құлдарына:
يأَيّهَا الَّذِينَ ءَامَنُواْ إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمْعَةِ فَاسْعَوْا إِلَي ذِكْرِ اللهِ وَ ذَرُوا الْبَيْعَ ذَالِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ«Уа, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы»[3],– деп бұйырады.
Жұма намазына екі рет азан шақырылады. Мұның да тарихы, әрі себебі бар. Аяттағы «азан» жұма күні айтылатын екінші азан. Пайғамбарымыз (ﷺ): бен оның сахабалары: Әбу Бәкір (р.а.) және Омардың (р.а.) заманында, шынында, жұма намазына азан бір рет шақырылатын. Османның (р.а.) халифалық дәуірінде мұсылман қауымы көбейді. Жұма күндері алыс тұратын кейбір тіршілік қамында жүрген мұсылмандар азан шақырғанын естімей қалатын, ал есіткендері де намазға үлгере алмайтын.
Ислам әу бастан бірлік пен ынтымақ діні. Бұл айтылғандардың көбі намаз арқылы амалға асады. Мысалы, дініміз күнделікті бес уақыт намазды үйлерімізде немесе өзімізге жақын мешіттерде жамағат болып оқуды бұйырады. Бір ауыл немесе көшеде тұратын мұсылмандар күнде бес рет кездесіп, бір-бірімен сәлемдеседі, бір мешіттің ішінде отырып, Аллаға мінәжат етеді.
Жұма намазын оқу үшін мұсылмандар мешітте бас қосады. Бірге ғибадат етіп, үгіт-насихат тыңдайды, дін және дүние істері бойынша ақыл-кеңес алады, бір-бірімен танысады, бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды.
Жұма намазында мемлекет қайраткері мен қарапайым жұмысшы, бай мен кедей, ақ пен қара өңді мұсылмандар бір сапта тұрып, Аллаға сәжде етеді. Осылайша намаз адамдарды теңдікке, әрі бірлікке шақырады.
Расында, аптасына бір рет келетін жұма намазы дүниелік істерінен абзал. Аяттағы «Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» деген сөздің мән-мағынасы да – осы. Бір жұмада Пайғамбарымыз (ﷺ): жұма намазының хұтбасын оқып тұр еді. Сол сәтте алыс сапардан қалаға сауда керуені кіріп келді. Мешітте отырған мұсылмандардың кейбіреулері орындарынан тұра ұмтылып, керуенді қарсы алуға шығып кетті. Сол кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) төмендегі аяттарды түсірді:
وَ إِذَا رَأَوْا تِجَارَةً أَوْ لَهْوًا انْفَضُّواْ إِلَيْهَا وَ تَرَكُوْكَ قَائِمًا قُلْ مَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ اللَّهْوِ وَ مِنَ التِّجَارَةِ وَ اللَّهُ خَيْرُ الرَّازِقِي«(Ей, Мұхаммед!) Бірер кәсіпті немесе тамашаны көре қалса, олар сені тік тұрып (хұтпа оқыған) бетінде тастап, саудасына жүгіріп кете береді. Сен айт: «Тамашадан да, саудадан да Алланың қарамағындағы сауап артық. Алла – ризық берушінің ең жақсысы»[4] .
Құрметті бауырлар! Ендеше, Алла Тағаланың алдыңдағы сауаптың артық екендігін ұмытпай, үнемі жақсылыққа, әрі сауапты істерге асығу керек. Тариқ ибн Шиһабтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):
الْجُمُعَةُ حَقٌّ وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ فِى جَمَاعَةٍ إِلاَّ أَرْبَعَةً عَبْدٌ مَمْلُوكٌ أَوِ امْرَأَةٌ أَوْ صَبِىٌّ أَوْ مَرِيضٌ
«Жамағат болып жұма намаз оқу – әрбір мұсылман үшін парыз. Бұл үкім төрт адамға жүрмейді. Олар: құл, әйел, сәби және науқас адамдар»[5],– деді.
Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, жүрегінде иманы бар әрбір мұсылманға жұма намазын оқу – парыз. Хадисте көрсетілген төрт адамға – құл, әйел, сәби және науқасқа жұма намазы бұйырылмайды. Өйткені, жұма намазы жамағатпен мешітте оқылады. Оған да біршама күш және әрекет керек. Ислам діні адамдарға жеңілдікті қалайды. Бұл топтағы кісілер шарасыз, әрі шамасыз болғандықтан, шариғат оларға мүмкіндіктен тыс ауырлық пен қиыншылықты жүктемейді. Алла Тағала:
وَ مَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِى الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ«…Сондай-ақ, Алла сендерге дінде ешқандай ауырлық түсірмеді»[6], – деді.
Бұл дүниедегi әрбiр нәрсенiң жақсылық қасиеттерi болатыны сияқты, жұма күнiнiң де Алла Тағаланың жасырып қойған қасиеттерi бар. Яғни, Алла Тағала қайсы пендем осы жасырын сырға жетсе, ол үшiн ұлық нығметтерiмнен берер едiм деп тұрғандай. Пенделеріне Алла Тағала ненi бұйырса, оның пайда-зиянын тексерiп жатуымыздың қажетi жоқ. Дегенмен, Пайғамбарымыз (ﷺ): үмметiн ғибадатқа қызықтырып, кейбiреулерiнiң сырларын ашып көрсетiп кеткен.
Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етіледі:
إنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ ذَكَرَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَقَالَ: فِيهِ سَاعَةٌ لاَ يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ وَ هُوَ قَائِمٌ يُصَلِّى يَسْأَلُ اللَّهَ تَعَالَى شَيْئًا إِلاَّ أَعْطَاهُ إِيَّاهُ وَ أَشَارَ بِيَدِهِ يُقَلِّلُهَا
«Пайғамбарымыз (ﷺ): жұма күні туралы сөз сөйлеп: «Онда бір сағат бар. Мұсылмандардан кімде-кім сол сағат ішінде намаз оқып, Алладан қажетін сұрайтын болса, Алла оған береді»,– деді және қолымен оның (сағаттың) аздығына ишара етті»[7].
«Сағат» деп былайғы жұрт алпыс минуттық уақыт деп қабылдайды, ал хадисте келген сағат сөзі «аз уақыт» деген ұғымды білдіреді. Бұл уақыт аз болғандықтан, оны дұрыс, әрі ұтымды пайдалану керек. Дүние тіршілігі үшін өтетін күндер мен жылдар осы аз ғана сағатқа арзымайды. Өйткені, Алла Тағала пенденің осы уақытта жасаған дұғасы мен ғибадатын қабыл етемін және тілеген тілегі мен сұраған қажетін өтеймін деп тұр.
Бір хадисте сол сағат жұма күннің ішінде деп айтылса, басқа хадисте имам мінберге шығып хұтба оқитын уақыттан бастап жұма намазын оқып бітіргенше деп айтылады. Енді бір хабарда намазға тәкбир айтылғаннан бастап намазды оқып бітіргенше делінген басқа бір риуаятта екінті уақытынан күн батқанға дейін делінеді.
Егер Алла Тағала жұма күндегі сағатты анық айтса, пенделер сол уақытта ғибадат етіп, қалған уақытта ықылас көрсетпес еді. Сол сағатты білмеген соң, оны табу үшін мұсылман адам күні бойы ғибадатқа құштарлы болып өтеді. Осылайша Алла Тағала мұсылмандарды жұма күнгі құлшылыққа қызықтырады.
Жұма күнiнiң қасиеттерi жайындағы хабарлардың бiрiнде: «Алла Тағала әр жұмада алты жүз мың адамды тозақтан босатады»,– деп айтқан.
Пайғамбарымыз (ﷺ): хадисінде:
مَنْ مَاتَ يَوْمَ الْجُمْعَةِ أَوْ لَيْلَةَ الْجُمْعَةِ كَتَبَ اللهُ لَهُ أَجْرَ شَهِيْدٍ وَ وَقَي فِتْنَةَ الْقَبْرِ
«Кiмде-кiм жұма күнi немесе жұма түнiнде дүние салса, Алла Тағала оған шәһидтiң сауабын жазады және қабiр сынағынан сақтайды»[8],– дейді.
Ия, Алла Тағала адамдарды қабiрде де сынайды. Нәкiр мен Мункир атты екi перiште келіп, қабірдегі мәйітті сұрақ-жауапқа тартады. Ол сынақ бұл дүниенiң сынағынан да қиын.
Сахабалардың бірі – Каъб жұма жайында былай деген: «Алла Тағала қалалардан – Мекке қаласын, айлардан – Рамазан айын, күндерден – Жұма күнiн, түндерден – Қадір түнiн ұлық еттi».
Жұма күнiнiң мархаматын, сауабын iздемеген кiсi көп жақсылықтан мақрұм қалады. Жүрегі қатып, мейір-шапағат пен қайырымдылық сияқты ізгіліктер өшеді. Соңында иманына қауіп төніп, жападан жалғыз қалып, бейшара күйге түседі. Шайтан мен нәпсі үлкен, әрі қауіпті сынақтар арқылы мұсылмандардың иман саламаттығына көп зиян келтіреді. Иманның әлсіздеуіне жол ашатын және оның күшейуіне кедергі жасайтын әртүрлі нәрселерден мұсылман адамның сақтанып жүргені абзал. Үнемі жұма намазына барып, уағыз-насихат тыңдап, ғибадатын атқаратын адам бұл секілді қауіптерден аулақ болады. Ал жұма намазына бармайтындардың жүректері қатып, қарая бастайды. Бұл – жүректегі иман нұрының сөніп бара жатқандығының дәлелі.
Әбу әл-Жағд ад-Дамрийден (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (ﷺ):
«Кiмде-кiм жұма намазын үш рет себепсiз (елемей) қалдырса, Алла оның жүрегiн мөрлеп қояды»,– деген[9].
Адамның жүрегі мөрленсе, оған бірде-бір жақсылық кірмейтін болып қалады. Ондай адамдар жақсылық істеуді де, жақсылықтың не екенін де білмейді. Ол өзі үшін және отбасы мен қоғам үшін де зиян келтіріп, айналасына қауіп төндіреді. Бұл – үлкен апат.
Жұма намаз оқитын мұсыл-мандары көп болған қоғамда жақсылық та мол болады. Жұма намаз оқымайтын мұсылмандар көбейген ортаға әртүрлі жамандықтар мен қиыншылық тез көбейе бастайды.ЖҰМА КҮНІНІҢ ШАРИҒАТ КӨРСЕТКЕН ТӘРТІП ПЕН ӘДЕПТЕРІ
- Жұма күнгі ғибадатты бейсенбi күннің екінті намаз уақытынан бастаған дұрыс.Сол уақыттан Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат және истиғфар айтуды, қосымша намаздар мен дұға жасауды бастау тақуалыққа жатады. Ғұламаларымыздың айтуынша: «Алла Тағала пенделерiне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбi күннiң кешiнде, жұманың күндiзiнде сұраған пендесiне тиеді. Жұма күнiнiң қасиетiн бейсенбi күннен бастап күткен адамның несiбесi мол болады екен»,–дейдi.
- Мұсылман адам аптасына бір рет шомылып тұруы керек. Өйткені, ислам діні тазалыққа шақырады. Жұма күнi шомылған жақсы.
Сәмраның (р.а.) риуаятында: «Кімде-кiм жұма күнi дәрет алса, дәрет алғанның сауабын алады. Ал кiмде-кiм жұма күнi ғұсыл алса (шомылса), оның сауабы одан да көп»,– деген[10].
Ханафи мазһабы бұл күні ғұсыл құйыну «мустахаб» деп алған.
- Жұмаға тісі мен аузын тазалап, үстіне иіс сеуіп барған дұрыс. Әнәстың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (ﷺ):
“Егер үмметіме қиындық бермейтіндігін білгенімде, әр намаз үшін дәрет алуды және әр дәретте мисуак қолдануды әмір етер едім.”[11],– деген.
- Жұма күнгі ғибадатқа арнайы жаңа немесе таза, әдемі киім киген жақсы.Өйткені, жұма намазы көпшілік мұсылмандар жиналатын апталық мереке. Шырайлы болып көріну – мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятады.
- Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барған абзал.Ерте барған адам құлшылғын ерте бастайды: тәспі тартып, зікір айтады, қаза немесе қосымша намаздарын оқиды, уағыз тыңдайды. Оның сауабы да молырақ болады.
Әбу Һұрайра (р.а.) былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып, мешітке келген намазхандарды жазып отырады. Жұмаға ерте келген адам құрбандыққа түйе сойғанның сауабын алады. Кейін келген сиыр құрбандық еткеннiң сауабын алады. Үшiншi келген адам қой құрбандық еткеннiң сауабын алады. Төртiншi келген адам бiр тауық сойғанның сауабын алады. Бесінші келген адам жұмыртқа садақа еткеннің сауабын алады.
Мешіт имамы келген уақытта періштелер амал кітаптарын жауып, имамның сөзін (уағызын) тыңдауға өтеді»,– деді»[12].
Мешіт имамы хұтба үшін минберге шықпай тұрып, ерте келген адамдарға қосымша сауаптар жазылады. Осы уақыттан кейiн келгендерге тек намаздың ғана сауабы беріледі.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенiң сауабы қаншалықты екенiн бiлсе, олар сауап iздеп, түйенiң желгенiндей жүгiрер едi. Бiрiншiсi – азан айту, екiншiсi – алдыңғы сапта тұру, үшiншiсi – жұмаға ерте бару»[13],– деп хабар береді. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару»,– деген екен.
Ғұламаларымыз айтады: «Жұма күнi болғанда перiштелер мешiттердiң есiгiнiң алдында тұрып, келгендерді келгендей жазып отырады. Егер бiр кiсi жұма намазына кеш қалатын болса, перiштелер осы кiсi жайлы: «Пәленше неге өз уақтынан кешiктi екен?»–деп сұрап: «Ей, Жаратқан Иемiз, егер ол пенденің жұмаға келуiне кедейшілік кедергi еткен болса, оны бай қыл. Егер науқас болса, шипа бер. Басына бiр iс түскен болса, мүшкілін жеңіл ет. Ниет-ойын пайдасыз дүние iсі улаған болса, оның жүрегiн Өзiңе бұр»,– деп дұға етіп, истиғфар айтады».
- Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс.Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді. Бұл жайында Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте:
«Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, жұма намазына барса, мешітте имамға жақын отырса, оның уағызын тыңдаса, бос сөз сөйлемесе, ол адамның осы жұма мен алдынғы жұма арасындағы және қосымша үш күндік күнәлары кешіріледі. Кімде-кім алдында (жайнамазда) жатқан ұсақ тастарды теріп алса, ол адам сауап іс істепті»,– деді»[14].
Пайғамбарымыз (ﷺ) жұма күнi хұтпа оқып тұрғанда бiр кiсiнiң адамдардың үстiнен аттап келiп отырғанын көредi. Пайғамбарымыз (ﷺ) жұма намазды оқып болғаннан кейiн анау кiсiге:«Ей, пәленше! Бүгін неге сен бізбен бірге намаз оқымадың?» – дейдi. Ол: «Намаз оқыдым ғой»,– деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бiз сенiң адамдардың үстінен аттап бара жатқаныңды көрмедiк пе?!» – деп, оның жақсы iс істемегеніне ишара етеді. Мешiтте отырған жамағаттың үстiнен ат-тап өту – үлкен айып, әрі оларды құрметтемеу болып саналады.Құрметтi жамағат, Алла Тағала барлығымызға мызғымас иман, пайдалы iлiм, адал ризық, таза жүрек берiп, екi дүниеде де ізгі пенделерiнiң қатарына қосқай! Әмин!
اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *
رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.
[1] Муслим хадистер жинағы
[2] Муслим хадистер жинағы
[3] Жұма» сүресi, 9-аят
[4] «Жұма» сүресi, 11-аят
[5] Байһақи хадистер жинағы
[6] «Хаж» сүресі, 78-аят
[7] Бұхари мен Муслим жеткізді
[8] «Дуррат ән-насихин» кітабы
[9] Тирмизи мен Ахмад жеткізген
[10] Әбу Дәуд пен Тирмизи жеткізді
[11] Бұхари хадистер жинағы
[12] Муслим хадистер жинағы
[13] Ахмад хадистер жинағы
[14] Муслим мен Тирмизи жеткізді