Садақа деген не? Садақа Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген зат. Берілген садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі керек.

Құран Кәрімде намазбен біргеде бөлекте көп жерде Алла жолында садақа беру, мал сарып ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында барын бөліп беру, өзгеге жәрдем ету сезімін жаратқан. 

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін үш ерекшелікте болуы;

– Мұқтаж жандарға беру;

– Алланың разылығы үшін берілуі;

– Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуға тиіс.

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихында, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған екен. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, (оған) шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Құранда былай дейді:

 «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (51.Зарият-19).

Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсауымыз керектігі жайында мына аят баян етеді:

«Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», (2.Бақара-215).

Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайды. Ал шайтан болса, бізге сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады.

«Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады» (3.Али Имран-180).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, – деді.  Сонда сахабалардан бірі:

– Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, – деді. Сахабалар:

– Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Мұқтаж болған жанға қандайда бір қолынан келген көмегін береді, – деді. Сахабалар:

– Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, – деді. (Бухари, Муслим риуаяты)

Пенде мұқтаждарға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.)

Бір хадисте: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», – десе, ал екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», – деп дұға етеді», – дейді. (Бухари, Зәкат 27; Муслим, Зәкат 57).

Садақа Алланың ашуын басады:

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ. أخرجه والترمذي.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28)

Садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты құдай разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге болад.

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرّاً وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ

«Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы-қасырет болмайды» (2.Бақара-274).                                                                           

Садақаның қайтарымы еселеп қайтады

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады. Бұған қатысты аяттарда былай дейді:

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші» (2.Бақара-261).

مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160)

Бірде Фатима анамыз көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті бармай отырған сәтінде Хз. Али бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп жарына: «Ей, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Ей, Али, анар жегім келеді», – деді. Хазреті Али ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Али оған жақындап: «Не қалайсыз?» – деп сұрайды. Ол адам: «Ей, Али. Бес күн болды осында тастап кетті. Адамдар өтіп кетіп жатыр. Ешкім маған көмектеспеді. Анар жегім келіп тұр», – дейді. Хазреті Али сәл ойланып: «Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фатима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Тағаланың мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» (93.Духа-10) және Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сұраушыны бос қайтармаңдар», – деген сөзіне қарсы шыққан болам деп, анарды әлгі қарияға береді.

Хазреті Али Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фатима анамыз Алиді көрген кезде орынан тұрып қарсы алады. Али анар оқиғасын айтып бергенде Фатима анамыз: «Ей, Али. Сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», – дейді. Хазреті Али осы сөзді естіген соң, көңілі жайланып орнына түсті.

Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хз. Али есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Алидің алдына қояды. Хз. Али: «Бұны кім жіберді?» – деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла елшісіне (с.а.у.) жіберген. Алла Елшісі (с.а.у.) саған жолдады», – деді. Али табақтың бетін ашып қарағанда 9 анарды көреді. Сонда ол: «Ей, Салман. Бұл әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», – деген» дейді (6.Әнғам-160). Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табаққа қояды: «Ей, Али! Аллаға ант етейін анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», – дейді. (Мақасидут-Талибиин. 300-бет).

Ал мына аятта болса:

«Кімде кім Алла үшін қарызды көп берсе, оның бодауын Алла әлденеше есе көп етіп қайтарады. Алла біреуді кең, біреуді тар қылады. Сендер Алла құзырына қайтып барасыңдар» (2.Бақара-245) дейді.

Садақа тек қаржымен шектелмейді. Сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде: 

«Әрбір жақсылық садақа» (Тирмизи)

«Жақсы сөз садақа» (Ахмад б. Ханбал)

«Күлімсіреген жүзбен сәлем беру садақа» (Бәйхақи)

«Дін бауырына күлімдеп сәлем беру садақа» (Тирмизи)

«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу садақа» (Муслим)

«Бауырына қарап күлімсіреу  садақа.Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

Сөз соңын осы оқиғамен аяқтауды жөн көрдік.

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады.Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн көріп, сөз береді. Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан «Ей, Алла! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», – дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін беріп дәрежесін көтереді.

Береген қол алушы қолдан қайырлы.

Дәуітұлы Шыңғысбай мешіті имамы Есенгелдиев Ералы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38