Ислам әйел кісілерден білім үйренуді талап етіп, оған ерекше көңіл бөлетін дін. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз», – деп ілім ізденудің әйелдерге де тиісті екендігін сөз еткен. Алла Тағала Құран Кәрімнің мына аятын алға тартып: «Айт: білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп білімді және білімділерді ұлықтайды.

Алла Елшісі Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) әйелдерге арнайы бір күнді белгілеп қоятын. Сол күні пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) әйелдерді оқытатын. Сөйтіп, әйелдер пайғамбарымыз берген білімнің арқасында өте қабілетті оқушы болумен қатар, кейінірек басқалар үшін құрметті оқытушыларға да айналған-ды.

Жалпы, Ислам діні екі дүние бақыты мен жауапкершілігін тек ерлерге ғана емес, сондай-ақ, әйелдерге де белгілеген. Мұны «Ғафыр» сүресінің 40-аяты дәлелдей түседі. Онда «…Ал ер кісі не әйел, кімде-кім иман келтірген түрде ізгі амал істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», – дейді. Және бір келесі аятта: «…Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері бар сияқты, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында белгілі міндеттері бар…», – делінген («Бақара» сүресі, 228-аят).

Ислам әйел баласы үшін жеке мүлікке ие болу құқығын да берген дін. Шариғат заңы бойынша, әйел кісі мұрагер атануы және байлыққа ие болуы мүмкін. Жаратушы Алла Тағала былай дейді:

«Еркектер үшін ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Әйелдер үшін де ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Бұл мирастар – аз-көптігіне (қарамастан), парыз етілген ақылардан» («Ниса» сүресі, 7-аят).

Сағид ибн Джубайр мен Қатада осы аят хақында тоқталып: «Пұтқа табынушылар мирасқа ие болуды тек ересек ер адамға яғни, қолына қару алып, жауға қарсы күресе алатын адамға ғана рұқсат ететін. Ал әйелдер мен балаларында мирасқа ие болуға құқығы жоқ еді. Сол үшін Алла осы аятты түсіріп, әйелдерді де мұрагерлік құқыққа ие еткен», – деп айтады. Ата дініміз мирасқа мұрагер атануға ерде,  әйелде, жасы үлкенде, кішде құқылы деп таниды. Бұл туыстық жақындығына қарай бөлінетін іс. Сосын туысқандық қатынасты нығайтуға қаратылатын, әйел, бала шаға да өз хақ құқтарына ие екендігін түсіндіретін мағыналы, рухани, әділ шара. Умму Кахха деген әйел кісі Мұхаммед (саллалаһу аләйһи уасаллам) пайғамбарға келіп: «Уа Алла Елшісі! Сегіз қызым бар. Олардың әкесі дүние салды. Оларды бағатындай ештемем жоқ. Әкелерінен қалған мұраны күйеуімнің туыстары иеленіп отыр», деп келгенде Алла тағала жоғарыдағы аятты түсіріп, мұрагерлікке әйелдердің де, қыздарының да құқылы екенін баяндап, бекітті. Бір қызығы, бұл он төрт ғасыр бұрын айтылған ақиқат. Сол заманға қайтып, бұл мәселе салыстырмалы түреде қаралса, Ислам дінің қаншалықты әйел затына қамқорлығын, оның хақ құқықтарын қорғағанын, дәрежесін ұлықтағанын байқау қиын емес.   

Ислам ерлерге де, әйелдерге де бірдей діни парыздарды орындау қажеттігін алға тартқан дін. Әйел де сауап табады, күнә арқалайды.

Алла Құран аяттары арқылы мұсылман ерлер де, әйелдер де сақтанып, абай болуы керек болған шаралар жайлы да баяндайды. Қараңыз, «Нұр» сүресінің 30-31- аятында:

«(Әй, Мұхаммед) момын-мұсылмандарға айт, көздерін (бөгде әйелдерге сұқтанып қараудан) тоссын, абыройларын (харамнан) сақтасын. Міне, осы – олар үшін ең таза (жол). Шынында олардың не жасап жатқандарынан Алла хабардар. Момын-мұсылман  әйелдерге де айт, көздерін (бөгде ерлерге сұқтанып қараудан) тоссын, абыройларын (харамнан) сақтасын», – дейді.

Демек, рухани тазалықты сақтау барысында ер адам бөгде әйелге, әйел адам бөгде ер кісіге сұқ көздікпен, жаман ниетпен қараудан сақтануы әсте қажет. Өйткені көз көрмесе, жүрек жаманшылықты қаламайды. Ал, көз түссе, жүректі де әзәзіл тез түртеді, алдауына тез түсіреді. Сондықтан ислам әйел адамға ар-ұятын тосарлық ұзын көйлек киіп, басынан жаулығын тастамауды талап етеді.

Алла Тағала «Нұр» сүресі, 31-аятының соңында пайғамбарымызға (с.а.с.): «…Бүркеніштермен омырауларын жапсын…», – десе, «Ахзап» сүресінің 59-аятында: «Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: «Жамылғыларымен үстерін жауып алсын…», – деген әмірі арқылы мұсылман әйелдерді ұятты жерлерін бекітуге толығымен нұсқап отыр. Осы 59-аяттың жалғасында: «Осылай ету олардың (арлы, адал әйел ретінде) танылуларына жақын. Әрі қорлыққа ұшырамайды. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – делінді.

Әрине, арлы-ұятты болу әйел мен еркекке бірдей қасиет. Дегенмен, табиғи жаратылысы, тән түзілісі жағынан алғанда қоғамдық ортада әйел кісінің киім кигенде біршама жинақы болуы шарт. Негізі, Құранда шариғат бойынша киіну арнайы әйелдерден талап етілген. Арнайы әйелдер кімдер? «Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: «Жамылғыларымен үстерін жауып алсын…», – деген аятқа қарағанда Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне қаратылған үндеу. Олай екен, өзін «Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін» деп санаған мұсылман әйелдері бұл  аяттың талабын орындауы лазым.

Кезі келіп, аталмыш осы аят түсікенде мұсылман атанып, иманды болған әйелдердің көрінісі мен келбеттері түбегейлі өзгерді. Мұсылман әйелдер аяттың әміріне бағынып, ұятты жерлерін толығымен жапты. Мұсылманшылықта әйелдің көкірегі (төсі) әурет саналады. «Әурет» деп ұятты жерді айтамыз. Көкірегін көрсетіп жүру ұят, қала берді күнә. Әйелдердің жүріс-тұрысмен, ашық-шашық киімімен бөгде ерлерді өзіне қаратып, олардың шәһуат сезімдерін қоздыруы – зинаға жол ашуына себеп болады. Олай болса, әйел заты өзін және өзгені күнәға батыратын жат әдеттен абай болғаны жөн.

  Ардақты пайғамбарымыз бүгінгі ашық-шашық киім киген нәзік жандыларды сипаттай келе былай дейді: «Ақырзаман уағында менің үмбетімде киімі бар, алайда жалаңаш көрінетін әйелдер болады, олар лағнет етілген әйелдер».

Бұл ауыр айтылған сөз. Пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уасаллам) жұмсақ, мейірімді, рақымды еді. Ол тектен-текке ауыр айтпайтын. Мұның сыры әйел баласы бұзылса, қоғамның аман қалмайтындығын меңзесе  керек?!

Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбатты. Әйел орамалымен көрікті. Жарасымды түрде ұзын киінумен ибалы. Қазақтың: «Есті қыз етегін қамтып ұстайды», -деуі де бекер емес. Ал осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден-бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен  танытатын нышан.

Алла елшісі пағамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): «Шынында әр діннің өзіне тән мінез-құлқы болады, Исламның мінез-құлқы – ар-ұят», – деген. Сондай-ақ, бір сөзінде пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уасаллам): «Ұят пен иман бірге жүреді. Екеуінің бірі кісі бойынан кетсе, екіншісі де тұрмайды», – дейді.

Аяулы аналарымыз, ардақты әпке және сүйікті қарындастарымызға Алла Тағаладан тауфиқ әрі баянды да бақытты ғұмыр тілеймін! Елімізде ана мерейі әрқашан үстем болсын! Алла қарындастарымыз бен қыздарымызды тура жолдан тайдырмасын!

Бақтыбай  Қыдырбайұлы Бейсенбаев 
Шымкент қаласының бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38