Бақтыбай  Қыдырбайұлы Бейсенбаев 
Шымкент қаласының бас имамы

Қасиетті Құран кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمْ الَّذِي خَلَقَكُمْ مِنْ نَفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالاً كَثِيراً وَنِسَاءً

«Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», делінген. Бұл «Ниса» сүресінің, 1-аяты. «Ниса» яғни, «Әйелдер» деп аталатын сүре. Мұнан бөлек, қасиетті Құранда әйелдерге арналған Мәриям анамыздың атында «Мәриям» сүресі, «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб», «Нұр», «Мұмтахина» сүрелерінде әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттері ашық баяндалған. Біз бұл сүрелер мен аяттардан Ислам дінінің әйел затына қаншалықты көңіл бөлетінін анық аңғарамыз.  

Жоғарыдағы аятта «Әй, адам баласы!» деп, барша адамзатқа үндеу айтылып тұр. Сосын, жер бетінде әр түрлі күйде өмір сүріп жатқан, бірі-бірімен ұлт пен ұлысқа, дін мен тілге, түр-түске бөлінген адамзаттың түбі бір Адам атадан тарағанын, «одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып» деген сөйлеммен бір жанның өзінен оның жұбы яғни, әйелі жаралғанын айтады.

Ислам дінінің талаптары бойынша, мұсылмандар қыз балаларын аялап-әлпештеп, еркелетіп өсіреді. Ал, тұрмыс құрғаннан кейін мұсылман қыз бала күйеуінің үйінде–үй ханымына, құрметті адамға, үйдің бағы мен берекесіне айналады. Перзентті болғанда, балалары, анасының көңін аулап, құрметтеп, айтқанын тыңдап, қызметін жасайды, разылғын тілейді.

Асыл дініміз әйел баласын өмір бойы құрметтеп өтуге бұйырады. Ол бізге ана, әпке, жеңге, қарындасымыз не қызымыз болсын оны өмір соңына дейін құрметтеу – мұсылмандық міндетіміз.

Сондай-ақ, ислам діні ұрпақ тәрбиесіне мұқият қарауға, балаларымен жақсы қарым-қынаста, жақсы мәміледе болып, оларға қамқорлық жасауға шақырады. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм):

من كان له ثلاثُ بناتٍ، يُؤوِهن،ويَكْفيهُن، ويرْحمَهن، فقد وَجَبَتْ له الجنة البَتَّهْ، فقال له رجلٌ مِن بعضِ القومِ: واثنتَيْنِ يا رسول الله؟ قال: واثنتَيْنِ« 

«Кімде үш қызы болып, оларға жақсы тәрбие берсе, қамқорлығын олардан аямаса, мейірімімен аяласа, жәннат оған уәжіп болады», – дейді. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, олар екеу болса ше?» – деп сұрады. Сонда Ол: «Екеу болса да», – деп айтты», – делінеді хадис шәріпте (имам Әл-Бұхари риуаяты).

Мұсылманшылықта екі қыз өсірген адамның қиямет күнгі жағдайына тек қызығушылықпен қаралады. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) бұл жөнінде:

«مَن عال جارِيتَيْن، حتى تَبْلُغَا، جاء يوم القيامةِ أنا وهو كَهاتَيْنِ – وضَمَّ أصابِعَهُ»

«Кімде-кім екі қызына жақсы тәрбие беріп балиғат жасына жеткізсе, менімен ол қиямет күні былай (көрші) тұрамыз», – деп екі саусағын көрсетті», -делінгені айтылады имам Муслим риуаятында.

Қыз өсіп, тұрмыс құрғаннан кейін оған қамқорлық жасау – күйеуінің міндеті. Құдай қосқан қосағымен бірге өмір сүру бұл дүниедегі ең жақсы нығмет. Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм):

«الدنيا متاعٌ، وخيرُ متاعِها المرأةُ الصالحةُ»

 «Бұл дүние жалған, өткінші. Ал, мұндағы ең жақсы нығмет – салиқалы әйел»,дейдіимам Муслим жеткізген хадисте.

Дін бойынша, мейірімділік, шапағат пен махаббат ерлі- зайыптылық өмірдің тіреніші. Алла тағала Құран Кәрімде: «Бірге тұруларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып,  араларыңа сүйіспеншілік,  мейірім орнатқандығы да Оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көптеген ғибрат бар екені шүбәсіз», -деген «Рум» сүресі, 21-аят. Сондай-ақ, «Бақара» сүресі, 187-аятта: هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдердің киімдерісіңдер (яғни, аят теңеу аяты болып, бір-біріңмен араласып, «киім денеге жабысқандай ажырамастай ғұмыр кешіңдер. Киім денені қорғағандай, бір-біріңді қорғаңдар! Киім денені ұятқа қалдырмағандай біріңді-бірің ұятқа қалдырмаңдар!)», – дейді.

Ал, мына хадис шәріпте ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): «وخِيارُكم، خِيارُكم لِنسائِهِم» «Әйелдерімен жақсы (қарым-қатынаста) болғандар, (міне, солар) араларыңдағы жақсыларың», – десе, басқа бір риуаятта: «Әйелдердің хақ-құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп әйелзатқа ерлерге тапсырылған Алланың аманаты ретінде қарауға шақырады.

Ал, енді әйел баласы ана атанса, ислам бұл мәселеге өте ерекше көңіл бөлгендігін байқауға болады. Адамдардың ішінде, сый-құрметке ең лайықты жан ол әрине – ана. Мұны Мұхаммед пайғамбардың: «Жәннат анаңның табанының астында», – дегенімен бірге: «Әуелі анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла, және анаңды сыйла, сосын барып әкеңді сыйла», – деп айтқанан жақсы білесіздер.

Ата-анаға жақсылық жасауды қасиетті Құран кітабында Алла Тағала өзіне құлшылық қылудан кейінгі маңызды орынға қойған. Алла тағала былай дейді:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًاإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا(23)

«Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!» ,- делінген. («Әл-Исра» сүресі, 23-аят).

Құранның «Аһқаф» сүресінің 15-аятында Алланың өзі бізге әке-шешеге жақсылық жасауға тікелей бұйрық беріп былай дейді:

«Біз адамзатқа әке-шешесіне жақсылық істеуін өсиет еттік…».

Әмрә бинти Әбдуррахман руиаятында: Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): «Мен ұйықтап жатсам, өзімді жаннатта көріппін. Бір (құран оқып отырған) қариды көрдім де: «Бұл кім?»,-деп сұрадым. «Ол – Хариса ибн Ән-Нұғман. Жақсылық осылай бағаланады. Жақсылық осылай бағаланады», – дегенді етідім. Ол (Хариса ибн Ән-Нұғман) анасына басқа адамдарға қарағанда ең көп жақсылық жасайтын еді»,- деп баяндады».

Риуаяттарда айтылуынша, Хариса ибн Абдуррахман анасының басын сіркеден тазалаумен, анасына өз қолымен тамақ әзірлеп берумен көзге түскен екен. Ол кісі анасының бір сөзіне түсінбей қалса, не дедіңіз, деп қайта сұрамайтын, анасының алдынан тыс шыққанда, қасындағы адамнан анам недеген еді, деп сұраумен ерекшеленетін қасиеті болған кісі екен.

Әрине, ер кісіге бастың сіркесін тазалау оңайға соқпайтын іс. Оған сабыр мен ықылас керек. Қол, аяғы әлсіз, әлжуаз, кексе қарияны үнемі тамақтандырып отыру үшін болаттай шыдамдылық пен төзімділік, теңдесі жоқ сүйіспеншілік пен ізет, құрмет қажет. Анасының бір сөзін түсінбей қалса, анасының көзінше, «уф» немесе «не деп тұр?» деп сұрау құрметсіздік. Түсінбей қалғаны болса, анасына үндемей, сыртқа шығып қасындағы адамнан сұрау ананы сыйлау бойынша өнегелі үлгі, десем артық емес шығар. Міне, Пайғамбарымыздың сахабалары қандай адамдар болған?!

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) саңлақ сахабалары әрдайым өз ата-аналарына үлкен құрметпен қараған. Ибн Аббас (р.а): «Мен Аллаға жақындататын (ғибадат, амалдың ішінде), ананы сыйлаудан артық амалды білгенім жоқ», дейді. Яғни, «Аллаға жақын болайын деген адам анасын сыйласын», дегенді айтыр отыр. Сағад ибн Масғұдтан риуаят етіледі: «Мен Ибн Аббасқа: «Менің әскерге барғым келеді. Ал, ата-анам дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін?» – дедім. Сонда Ибн Аббас: «Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын», – деді. «Екеуіне де ме?» дедім. Ол: «Иә», – деді де: «Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер, түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал, түнде бір жақсылық жасап сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла Тағала разы болмайды», – деп айтты. Сонда әлгі кісі: «Ата-анасы залым болса ше?» – деп сұрады. Ол: «Залым болса да», – деп жауап беріпті. Демек, әке жәннаттың бір есігі болса, ана сол жәннаттың екінші есігі. Содан, ата-анасы жоқтан гөрі, ата-анасы бардың жәннаттық болуына мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, әкеміз тірі тұрса, жәннаттың әке есігі ашық, ал анамыз тірі тұрғанда жәннаттың ана есігі ашылады. Сондықтан, ата-анамыздың өмірде болуы бір ғанибет һәм жаннаттық болуымызға мүмкіндік екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): ата-анаға мейіріммен біррет қараған адамға бір қажылықтың сауабы жазылады, деген. Сонда мұны естіген сахабалары: бір күнде жүз рет мейіріммен қарасашы?,деген сұрағына, жүз рет қажылық жасағанның сауабын береді, деп жауап берген екен.   

Ислам діні екі дүние бақытын тек ерлерге ғана емес, сондай-ақ, әйелдерге де белгілеген. Мұны «Ғафыр» сүресінің 40-аяты дәлелдей түседі. Онда «…Ал ер кісі не әйел, кімде-кім иман келтірген түрде ізгі амал істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», – дейді. Және бір келесі аятта: َ وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар», – делінеді («Бақара» сүресі, 228-аят).

Ислам әйел баласы үшін жеке мүлікке ие болу құқығын да берген дін. Шариғат заңы бойынша әйел кісі өз мүлкін қалауынша жұмсай алады. Жаратушы Алла Тағала былай дейді:

«Еркектер үшін ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Әйелдер үшін де ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Бұл мирастар – аз-көптігіне (қарамастан), парыз етілген ақылардан» («Ниса» сүресі, 7-аят).

Сағид ибн Джубайр мен Қатада осы аят хақында тоқталып: «Пұтқа табынушылар мирасқа ие болуды тек ересек ер адамға рұқсат ететін. Ал әйелдер мен балаларында мирасқа ие болуға құқығы жоқ еді. Сол үшін Алла осы аятты түсіріп, әйелдерді де мұрагерлік құқыққа ие еткен», – дегенді айтады.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38