Хасан мен Хұсейін қуаласпақ ойнап жүрген еді. Бір кезде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп немерелерінің ойынына қосыла кетті. Хасанға болысып ол да Хұсейінді қуа жөнелісті. Осылайша Пайғамбарымыз бен үлкен немересі бір жақ, ал кіші немересі жалғыз өзі бір жақ болды. Бұл әрекет әдеттен тыс жағдай еді. Себебі, Пайғамбарымыз үнемі әлсіздерге қамқорлық көрсететін. Бұл жолы үлкеніне болысып, кіші немересін жалғызсыратқан тәрізді. Ойынды сырттай бақылап тұрған мейірбан әке Әли (р.а.) де осыны байқап қалды. Кіші ұлы қорғансыз қалғандай көрінді. Уайымын сейілткісі келген оймен:

–         Уа, Алланың елшісі! Неліктен Хасанға жақтасасыз? Хұсейін одан да кіші емес пе? – деді.

Пайғамбарымыздың жауабы оның уайымын су сепкендей басты:

–         Хұсейінге Жәбірейіл жақтасып жүр!

Алла тағаланың балаларға деген мейірімінің кеңдігіне қараңыз! Өзінің елшісі мен мәртебелі періштесін балаларға серік етіп ойнатуда.

Иә, шындығында періштедей пәк көңіл балалардың ойындарына періштелер де қосыла ойнайды. Осыны сезіну үшін сіз де балаңызбен бірге ойнап көріңіз!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38