Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аудан әкімшілігі мәжіліс залында семинарға қатысты. Жиынға Жетісай ауданы әкімі Ж. Бейсенбаев, аудан әкімі орынбасары М.Жолдасбеков, ішкі саясат бөлімі басшысының м.а О. Есенбеков, аудадық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Исаев, аудан ардагерлері, әжелер алқасы, ауданның имам- молдалары қатысты. Жиынды аудан әкімі Ж. Бейсенбаев ашып жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді алған Наурызбай қажы Тағанұлы жиынға қатысушы ардагерлер мен әжелер алқасына және имам- молдаларға алғыс айтуымен бастады. Сонымен қатар, «Исламдағы отбасы құру, некеге адал және жауапкершілікпен қарау жайында Құран аяттары және Пайғамбар (с.а.с) хадистері көптігін жеткізді. Одан кейін кейбір отбасы қиындықтарына шыдас бермей, ажырасуларға барып жатқан жас отбасылар көбейгендігін айтты. қазіргі елде болып жатқан жағдайларға тоқталды. Бала дүниеге келгеннен кейін оны Алладан өзге жетім қылуға ешкімнің ақысы жоқ. Егер ертең ажырасса, бала не әкесіз не анасыз қалса, оның көзінен аққан әрбір тамшы жас үшін Алла алдында жауап беретіндігін жеткізді.
«Ал енді құрметті ағайын! Отбасы құруға жастарды дайындау- Алла алдында және қоғам алдында әрбір ата- ананың міндеті. Осы жауапкершілікті сезінуге барлығыңызды шақырамын»- деп сөзін қорытындылады.
Келесі сөзге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдірахман Исаев шығып: «қазіргі таңда әр мұсылман мына істерді жасауы керек. Олар: ұлттық салт- дәстүрлерді берік ұстану, діни ағымға ілескендерге дәстүрлі Ислам дінін түсіндіру, жастарға тәлім- тәрбие беру, діни құндылықтардың қадіріне жете білу және қоғам тіршілігіне серпін беретін ең маңызды бөлшек- неке және отбасы ұғымдарын жете түсіну»- деді.
Жиын соңында аудан бас имамы Б. Сыздықов пен мешіт жамағаттарының ұйымдастыруымен алған төрт пәтер кілті тапсырылды. Пәтер кілтін алған- 3 жағдайы төмен отбасы және көп балалы мешіт имамы А. Нурматов болды. Бұдан кейін де мұндай игі іс- шаралар жалғасатындығы айтылды.
Аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі