Бүгін, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсесіне «Ер Түріктің бесігі – рухани жаңғырған Түркістан» атты аймақтық діни семинары болып өтті.
ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсесі тарапынан алғаш ұйымдастырылған семинарды ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ашып, жүгізіп отырды.
Семинарға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Атынбек Ұтысханұлы, ҚМДБ-ның Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов, дінтанушы-ғалым, профессор Досай Кенжетай, Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Жұмабаев Данияр Әлимұхаммедұлы, Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Абуов Болатбек Ұласқанұлы және Дін істері басқармалары мен дін мәселелерін зерттеу орталықтарының басшылары, республикаға белгілі дінтанушы-теологтар, «Шымкент», «Сарыағаш» медресе-колледждерінің басшылары, облыстағы мешіттердің имамдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Семинардың негізгі мақсаты – еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту, деструктивті діни ұйымдардың алдын алу мақсатында облыстық жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ) мүшелерінің біліктілігін көтеру. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде сақтану шараларын жетілдіру. Қоғамда кереғар ағымдарға қарсы тұратын бірыңғай иммунитет қалыптастыру жөнінде өткізілді.
Семинар барысында арнайы баяндамалар тыңдалды. Жоғары деңгейде өткізілген семинардан қатысушылар өздеріне мол ақпарат жинап, алда атқарылатын жұмыстарын айқындап алды.
ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша баспасөз қызметі