Бүгін, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе ғимаратында облыс, қала, аудан имамдарының кеңейтілген діни мәжілісі ұйымдастырылды.
Мәжіліс барысында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала, аудан имамдарының төрт бағыт бойынша жұмыстарының есептерін тыңдады.
Сондай-ақ, мәжіліске арнай келген ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Атынбек Ұтысханұлының «Уағызшының сипаттары» атты әдістемелік тұрғыда имамдарға дәріс оқыды. Осыдан кейін, ҚМДБ-ның Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов «Мешіттерді тіркеу және заңдастыру мәселелері» тақырыбы бойынша имамдарға мешіт салу, оны тіркеу заңдылықтарын түсіндірді.
Мұнымен қатар, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала, аудан имамдарына бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жергілікті ақпарттық-насихат тобы (ЖАНТ) жеке кездесу жұмысын жан-жақты дамыту, діни сауат ашу курстарын (ДСАК) күшейту, діни қызметкерлердің діни білімдерін көтеруге арналған курстарды ашып, жүргізу, мешіт тіркеу және мешіттердің мемлекеттік жер телімдері мен өзгеде құжаттарын тез арада діни басқарма меншігіне өткізу сынды айрықша тапсырмаларды міндеттеді. Осының ішінде тез арада тамыз айында «Мектепке жол» және Құрбан айт мерекесінде атқарылатын шаралар қатарында «Раббың үшін Құрбан шал» қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды ерекше атап өтті.
ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша баспасөз қызметі