Бұрынғы өткен заманда бір патшаның айдай сұлу көрікті қызы болыпты. Қыз бой жетіп тұрмыс құру жасына жетеді, алайда өзін айттырып келген ешбір жігітті көңілі ұнатпайды. Небір бегзадалар, небір бай-манаптар бағын сынауға келіп, таулары шағылып кері қайтып жүріпті.
Сол өлкеде тұратын сымбатты, бірақ жарлы жігіт бар екен. Ол да қызды айттырып көріпті, бірақ беті қайтарылыпты. Сонда бұл жігіт басқа қалаға кетіп, жұмыс істеп, өте бай болып қайтыпты. Келе салып, өзін бір кездері қайтарып тастаған қызды көргісі келіпті.
Сұрастырып жүріп қыздың үйін тауып алады. Қақпадан алыстау жерде отырып күтеді. Бір кезде есік ашылып, іштен түр-басы ұсқынсыздау кісі шығыпты. Көріксіз адам алыстап кеткен соң, жігіт қақпаны қағыпты. Есікті бұрынғы талғампаз қыздың өзі ашады. Жігіт сонша жүріп, ақырында неге әлгіндей сымбаты төмен кісіге тұрмысқа шыққанын сұрапты. Қыз жігітті үй артындағы тамаша бақшаға ертіп барыпты.
«Сұрағыңның жауабын өзің көресің. Бірақ алдымен маған осы бақшадағы ең әдемі гүлді әкеліп бер. Жалғыз-ақ шартым бар, тек алға жылжып отырасың, бір қадам да кері жүруіңе рұқсат жоқ» – дейді.
Жігіт келісіп, бақшаға алға кіріп кетіпті. Ең әдемі гүлді таптым-ау дегенде, одан да әдемірек көрінген тағы бір гүл көрініп қала беріпті. Оған да қолын жеткізе бергенде, одан да ажарлырағы жолығыпты. Одан соң әдемірегі… Одан соң тағы да …
Бір қараса, жігіт бақшаның ең соңына да келіп қалған екен, кері қайтуға жол жоқ. Сөйтіп бақшаның ең соңындағы сабағы майысқан, солғын тартқан бір гүлді қызға апаруға тура келіпті. Өйткені басқа гүлдердің бәрі артта қалып еді.
Сонда қыз: «Енді түсіндің бе, неге әлгі кісіні таңдағанымды,» – деп мәні терең өмірлік сабақтың сырын ашқан екен.
ОҚО Орталық мешіт