Abuanifaninakesi Sabit

Abuanifaninakesi SabitӘбу Ханифаның әкесі Сәбит өте тақуа адам болған. Жас жігіт кезінде бірде дәрет алып жатқанда арықта ағып келе жатқан әдемі алмаға көзі түседі. Дереу алып бір тістейді. Артынша кісі ақысы есіне түсіп, алма иесін тауып кешірім сұрауды жөн көреді. Бағбанды тауып одан кешірім сұрағанда, бағбан «Мен кешірсін десең, үш жыл қызметімді істейсің.

Сонан кейін арғысын көре жатамыз», – дейді. Үш жылдан соң Сәбитке бағбан соңғы шартын айтады: «Менің бір қызым бар: көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал және мылқау. Соған үйленесің». Жігіт бұған да көнеді. Бірақ қыз сап-сау болып шығады. Мәнісін сұрағанда, әкесі былай деп түсіндіреді: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сол үшін ол көр; ұят әрі балағат сөздерді естімейді, сол үшін ол керең; тыйым салынған нәрсеге қол созбайды және бұзық жерлерге бармайды, сол үшін оның қол-аяғы сал; жаман сөз сөйлемейді, сол үшін ол мылқау. Қызымды сен сияқты құдайшыл, иман жүзді жігітке берсем, ол Алладан қорқатын, біреудің ақысын жемейтін таза адам болып, туған немерелірім де Ислам тағылымдарына сәйкес өмір сүрсе деген арманым бар еді. Алла маған сені жеткізді. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап бақсам артықтық етпес деп ойладым. Сен мен ойлағандай боп шықтың. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар», – деп батасын береді. Міне, осындай пәк, тақуа, текті отбасында әлемге әйгілі, ғалым Имам Ағзам дүниеге келеді»

 

/Әбсаттар Қажы Дербісәлі, Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа, А.,2007/

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38