Алла Тағала айлардан бір айды ұлық етті, ол- Рамазан айы. Күндерден бір күнді ұлық етті, ол- Жұма күні. Түндерден бір түнді ұлық етті- Ол Қадір түні. Өйткені, бұл түнде бүткіл мұсылманның Қасиетті кітабы Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түсе бастаған түн. Кеше, яғни 11-12 маусым түнінде дүйім жұрт асыға күткен, сауабы мың айға тең келер қасиетті де қадірлі Қадір түні Мақтарал ауданында жоғары деңгейде аталып өтілді. Мыңдаған адамдар бұл түнді жақсылықпен өткізу үшін аудандық орталық «Нұғман» мешітіне келді. Әуелі Мақтарал ауданының бас имамы Сыздықов Бекзат «Қадір түні» тақырыбында жиналған жамағатқа насихат айтып, тарауих намазы алдында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Қадір түні келуімен құттықтау хатын оқып, таныстырды. Құран хатым соңғы аяттары оқылып, дұға етілді. Сонымен қатар, қасиетті айдағы іс- шараларға қатысып, құлшылықтарда белсенділік танытқан аудан аудан ақсақалдары М. Бейсенбаевқа, А. Картоновқа және шектеулілігіне қарамастан Алла парызын толық орындап жүрген Абиболла есімді бауырымызға аудан имамы шынайы ықылас ниетін білдіріп, алғыс хат табыстады. Кейіннен аудандық «Нұғман» мешітінің найб имамы Б. Шаймерден «Құлшылықтағы ұқыптылық» тақырыбында жамағатқа уағыз жүргізіп, бұл кешті қалай ұтымды пайдалану жөнінде түсіндіріп өтті. Жиналған жастар мен жамағаттарды құлшылыққа құлшындыру мақсатымен «40 парыз, Пайғамбар (с.а.с) өмірбаяны және діни тақырыптарда» сұрақ- жауап болып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. 3000- нан астам жиналған адамдарға аудандық «Нұғман» мешіті атынан сәресі асы берілді. Қадір түні кеші соңында жамағатпен жиылып, ел амандығы мен тыныштығы, бейбітшілігі үшін дұға жасалынды.
Алла Тағала бұл түнде жасаған құлшылық- ғибадаттарымыз бен дұғаларымызды қабыл еткей! Әмин!
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі