Зекет – Құран Кәрімде намазбенен бірге қосарланып айтылатын Алла әмірлерінің бірі. Зекет – адамның өзгеге қарым-қатынасын түзеп реттеуші, тәнге де жанға да шипа амал болып табылады. Ауданның бас имамы Б. Сыздықовтың тапсырмасымен «Көмек көрсет, ақыреттік сауабыңды молайт» акциясы жұмысын бастады. Дәл осындай тақырыпта Мақтарал аудандық «Нұғман» мешіті «Зекет қоры» бөлімі мамандары аудандағы жеке кәсіпкерлерге Қасиетті Рамазан айының ұлықтығы мен қасиеттілігі, бұл айда атқарылған игі істердің сауабын Алла еселеп беретіндігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Осыған орай, Жетісай қаласында орналасқан бірнеше супермаркет иесі, жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген Б. есімді азамат (атын атамауды өтінді) Қалада орналасқан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созды. Жетісай қаласы, Дайрашев-Мұсабаев көшесі қиылысында орналасқан ғимаратта 36 жанға 20,000 теңгеден жалпы құны 720,000 теңге зекет үлестірілді. Жаны жомарт азамат Зекет қоры мамандарының сұқбатымен «Бұның баршасы расымен де Алланыкі. Біздер тек себепкер жандармыз» – деп, осындай шешімге келген. «Зекет жиып егін сап, тойдырған ғаріп, жатақты» – деп ата- бабаларымыз жырлағандай жетімін жылатпай, аштықтың дәмін татқан адамдардың көкірегінен итермей, керісінше демеп қолдау көрсету – мұсылмандық белгісі болары анық. Алла баршамыздың ғибадаттарымызды, ізгі амалдарымызды қабыл еткей.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі