Berekeli ramazan

Berekeli ramazan

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаушыны Алла Тағала қос қуанышпен сыйлайтыны белгілі. Алла елшісі (с.а.у.) «Ораза тұтушының екі қуанышы болады. Бірі – аузын ашқанда, екіншісі – Алланың құзырына барғанда», – деген. Бірінші қуанышы ақшам намазын хабарлап, азан шақырғанда болады. Ораза тұтушы күні бойы өзіне тыйым салынған нәрселердің барлығына рұқсат есігінің ашылғанын түйсінеді. Адам өзінің табиғатында ішіп-жеуге, сынақ үшін берілген түрлі қызықтарға құмартуға бейім келеді. Сол себепті ораза ұстаушының қуанышында шек болмайды. Өйткені біріншіден, ол таңнан күн батқанға дейін шөлге, аштыққа шыдап, басқа да қызықтардан өзін тыйып ұстап, Алла Тағаланың ризалығына бөленеді. Алла оған күш береді. Ақшам намазына азан айтылуымен, басқа ешкім емес, тек Алла ғана оның мойнынан тыйым салған нәрселерін алып тастайды. Сондықтан да ораза тұтушы Алланың әмірімен ғана ауыз бекітіп, Оның әмірімен ғана аузын ашады. Екінші қуанышы – сөзбен айтып жеткізе алмайтын, ақылмен ұғынып болмайтын орасан зор қуаныш! Ораза тұтушының ол қуанышы Қиямет күнінде Алла Тағаланың құзырына барғанда болады. Өзін күткен ғажап сыйлыққа тап болады. Алла елшісі: «Адам баласының жасаған барлық амалдарының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артып отырады. Алла Тағала «тек оразадан басқа. Өйткені ол (ораза) тек Мен үшін ғана. Сондықтан оның сауабын тек Мен ғана беремін. Себебі пендем ораза кезінде тамақ ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тек Мен үшін ғана тыйылады»»-дейді деген сүйінішті хабарды жеткізген. Осылайша Алла Тағала оразаның сауабын Өзінің есебіне жатқызады және ол үшін Өзінің құлын Өзіне ғана мәлім, басқа ешкім білмейтін ұлы сыйлықпен разы қылады. Сонымен қатар Қиямет күнінде ораза тұтқандарды жұмаққа тек солардың өздеріне ғана арналған арнаулы қақпа арқылы кіргізеді. Бұл туралы хадисте: «Жұмаққа кіретін бір қақпа бар, оны «әр-Райян» деп атайды. Ол қақпа арқылы Қиямт күнінде жұмаққа ораза тұтқандар ғана кіреді. Олардың ең соңғысы кірген кезде қақпа жабылады да басқа ешбір адам кіре алмайды» – делінген.
Тәубенің есігі ашылған ай. Аса рахымды, ерекше мейірімді Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға жалбарыныңдар, мүмкін табысқа жетерсіңдер», – деп бұйырады. (Нұр сүресі 31-аят) Міне, сондықтан да біз үшін қасиетті Рамазан айын күнәларымыз үшін тәубеге келіп, құдіретті Жаратушы Иемізден от азабынан құтқаруын тілеп қарсы алғанымыз әлдеқайда абзал. Осы бір мүбәрәк айға жетуді қаншама адам армандады екен десеңізші! Өкінішке орай, ажалы жеткендер тағдырдың жазуынан құтыла алмай, қабірлерінде барлық амалдары тыйылып, Барзақ әлемінің тұрғындарына айналды. Олар енді жақсы амалдарын арттыра да алмайды, жіберіп алған күнәлары мен қателіктері үшін тәубеге де келе алмайды. Ал, біз Алла Тағаланың мейір-шарапатының арқасында бұл айға аман есен жетіп, қателіктеріміз бен күнәларымызға кешірім сұрауға, құлшылығымызды арттырып, Алланың рахымынан үміт етуге мүмкіндік алып отырмыз. Қашан бұл дүниеден өтіп кеткенше әркімге тәубенің есігі ашық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Аса жоғары, шексіз ұлық Алла қашан құлының демі біткенше оның тәубесін қабыл етеді», – деген. Сондықтан кімде-кім қаншалықты үлкен күнә жасап қойса да, күнәларына кешірім сұрап, тәубеге келуден үмітін үзбесін. Шексіз үстем Алла күнәсі көп құлдарына өзінің дарқан пейілін танытып, оларды жарылқау тілеп жалбарынуға, тәубеге келуге шақырып: «Айт (ей Мұхаммед!): Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» – де (Зүмәр сүресі, 53 аят). Сондықтан біз құдіретті Алланың рахымынан еш уақытта үміт үзбестен және «біздің жасаған күнәларымыз бастан асып кетті, енді кешірім сұрап, жарылқануымыз нейғабыл» – деген сияқты жаңсақ ойлардан алыс болып, Алланың қаһарына ұшырап кетуден сақтануымыз қажет. Раббымыз аса Кешірімді, өте Мейірімді екенін есте ұстағанмыз жөн. Кім Аллаға шын ниетімен тәубеге келсе, Алла Тағала ол адамнан мейір-шарапатын аямайды, күнәларын кешіреді.Ендеше, қасиетті Рамазан айында мұсылмандар жаппай орза тұтатын осындай құрметті айда Алла Тағалаға шын ниетімізбен жалынып, жалбарынайық, біліп-білмей істеген барлық күнәларымыз үшін жарылқау сұрайық.
Құлшылық пен жалбарыну айы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Кімде-кім Рамазан айында құлшылықта сергек, соған сай сенімі мен үміті берік болса, бұрынғы күнәларының бәрі де кешіріледі», – деген хадисін негізге ала отырып осы Рамазан айының түндерін сергектікпен, тағат-ғибадатпен (намаз, Құран үйренумен) өткізейік. Бұла айдың әрбір күні мен түнін қадірлей білейік. Босқа өткізіп алмайық, әсіресе келе жатқан Қадір түнін. Рамазан айының түндері жылдың барлық түндерінен артық, ал Қадір түні – аса бір ерекше түн. Бұл түнді басқалардан айрықша етіп, бұл түні Құран Кәрімді түсіріп, орасан зор қасиет дарытты. Бұл түнді мың айдан артық қылып, орасан маңызға ие қылды. Бұл туралы Алла Тағала: «Негізінен Құранды қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед), Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жәбірейіл ол түні Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік түні, таң рауандағанға дейін жалғасады»,-деген (Қадір сүресі, 1-5 аяттар). Алла Елшісі (с.а.у.) Қадір түнін құлшылықпен, Оған жалбарынумен, күнәларға кешірім сұраумен және Құарн оқумен өткізуге шақырды. Алланың құлының бұрынғы күнәларын кешіретінін атап айтты: «Кім Қадір түнін сеніммен, артының қайырлы болатынына үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» – деген. Олай болса Қадір түнінде баға жетпес сыйлыққа ие болуға ұмтылайық! Қадірменді ағайын! Рамазан айында берілетін қос қуанышты уысымыздан шығарып алмайық, нәпсі-құлқынына тыйым салып, жиырма тоғыз күн оразаны ниетіміздегідей өткізейік. Алла разылығы үшін аштық пен шөлге, тіршіліктің басқа да баянсыз қызықтарына шыдамдылық танытайық. Рахымды Алла бізге осы дүниедегі және о дүниедегі екі қуанышты да нәсіп етсін, әрі «Райян» қақпасы арқылы жұмаққа кіруді баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

Созақ ауданының бас имамы Есіркеп Мейрамбек Құдайбергенұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38