2018 жылғы 11 мамыр күні Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Шардара қаласындағы «Абай» алаңында «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз», – атты акция өткізілді. Акцияның басты мақсаты жастар бойында кереғар діни ағымдар мен секталарға қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылады. Акцияға аудан жастары, №16 колледж студенттері, жалпы орта мектептің жоғары сынып оқушылары, ардагерлер, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты. Акцияда аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық прокуратураның прокуроры Н. Елшібеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теолог маманы Ұ. Алиакбарұлы, Шардара қаласындағы «Әбу Мансур әл-Матруди» мешітінің бас имамы Н. Шәдекұлы және Б. Соқпақбаев жалпы орта мектебінің мұғалімі Н. Ділдабековтер сөз сөйлеп, жастарды діни ағымдардан аулақ болуға, әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан діни сараптамадан өткізілмеген діни әдебиеттерден, әлеуметтік желілердегі діни уағыздардан сақ болуға шақырды.
Акция барысында №16 колледж студенттері тарапынан флешмоб ұйымдастырылса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, спорт мектебінің оқушылары әр түрлі спорттық жаттығулар көрсетілімін көрсетті.
Акцияның 2-ші бөлімінде алаңға жиналған жастар аудандық мәдениет сарайында дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алуға бағытталған «Адасқанның айыбы жоқ», – бейнефильмін тамашалады. Акция соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен дайындаған «Дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтанайық!», – тақырыбындағы брошюралар тарқатылды.
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің баспасөз қызметі