Бүкіл әлемнің белгілі бір заңдылықтарымен өмір сүретінін қазіргі заман ғылымы жан-жақты дәлелдеп отырғаны мәлім. Шаң-тозаңның түйірінен бастап, әлемдегі күллі жанды-жансыз заттардың барлығы да Алла тағаланың белгілеген тәртібі негізінде тіршілік етуде.
Алла тағала жаратылыстың әрбіріне сай заңдылықтар адамзаттың жан дүниесі мен рухани ішкі өмірінде қамтиды. Кешегі өткен ата-бабаларымыз бұл өмірдегі кішкене қиыншылықтан бастап, үлкен қасіреттің дәмін татып, бір жай арманға қолы жетпеген жастан бастап, өмірлік төсекке таңылған науқасқа дейін қайғы-дерті шалғандарға: «Күніне мың бір бәле көрсеңдағы, жігіттер күдер үзбе бір Алладан»,-деп шын мұсылманның қаншалықты қиналғанына қарамастан, ешбір жағдайда Жаратушыға деген сенімнен айрылып, қайғы-мұңға шомып, жаншылмайтынын еске ала отырып, өзіне иман келтірген, ешқашан жалғыз көмексіз қалдырмайтын Алладан үміт үзбеуге шақырады.
Адам өмірінде қуаныш, шаттық, есендік-саулық сияқты жағымды сәттермен қоса, қайғы-мұң, ауру сияқты түрлі қиыншылықты кезеңдер болып тұрады. Бұл заңдылық нәрсе. Бұл заманда есептеулі өмірде үлкенді-кішілі қиыншылыққа ұшырап, басына іс түспеген адамды табу қиын. Міне, осындай сәттерде кейбір мұсылман бауырларымыздың жазмышқа қарсы төтеп бере алмай сабырсыздық танытып, қателікке ұрынуы қайғы үстіне қайғы қосып, өздеріне имандарына үлкен зиян тигізуі мүмкін. Ал кейбірмұсылмандар қиыншылыққа берілмей, мәрттікпен қарсы тұрудың орнына «мен не жаздым саған»,- деп Жаратушының үстінен шағым айтып, тіл тигізеді. Осы бір сөзде қаншалық ауыр күнә жатқанын білгенде ғой.
Пайғамбарымыз ﷺ-дың хадис шарифінде: «Бұл ұшыраған бақытсыздық сені айналып өтпек емес, ал айналып өткен саған келмек емес. Кімде-кім тағдырға иман келтірмесе оған ешбір төлем де, шалған құрбандықта жәрдем бермейді. Және оған азаптаушы қорлық дайындалған»,-деген.
Ислам іліміне бет бұрып, дініміздің құндылықтарын зерделеп, заңдылықтарын жүрегімізге ұялатып үйренсек, сөзсіз біз үлкен жетістікке қол жеткізген болар едік. Бұл сын өмірдегі кез-келген қиыншылық, қайғы-қасіретке, аса Қамқор Раббымыз сабыр, сын, шүкіршілік заңдылығын қарсы қойған. Бұл заңдылықтың мәні мен маңызына назар аударған әрбір мұсылман кез-келген қиыншылықтың шешімін дұрыс таба алады.
Ауруға немесе бір қайғыға душар болған пенделерге: «сабырлы болыңыздар, сол сабырлық еткеніңіз үшін Аллаһтан сіздерді күтіп тұрған сыйлықтан үміт етіңіздер. Ол сондай сыйлық, көлемін Аллаһтан басқа ешкім білмейді» деп басу айту керек. Пайғамбарымыз ﷺбір хадисінде «Иман келтіргеннің жағдайы таңғажайып. Күдіксіз кез келген жағдайда оны жақсылық күтіп тұр. Және бұл тек иман келтіргенге ғана тән. Оған қуаныш келсе шүкір етеді. Бұл ол үшін жақсылық. Ал қиыншылық келсе сабыр етеді, бұлда ол үшін жақсылық»,-деген. «Бір қиыншылықтың соңынан жеңілдік келеді, бір жамандықтың артынан жақсылық келеді» – деп Алладан үміт үзбеуіміз керек. Үмітсіздікке берілсек, шайтанның азғыруына жол ашамыз. Аллаһ тағала байлық берсе шектен шығып, тұмсық көтермей, жоқшылық берсе, басымызды төмен салбыратпай, сабырлы болсақ бәріде жақсы болады.
Мұхаммед ﷺ-ның хадисінде: «Иманның абзалы сабырлылық және кішіпейілділікте», – деген.
Денсаулық пен сабырың,
Ең үлкен сый бауырым.
Ал бірақта барша жұрт,
Білеме оның қадірін! – деп қалай тауып айтқан.
Дүние өзі осындай,
Қайғылардан құралған.
Дайын емес әрдайым,
Көңілінде сұралған.
От сұрасаң су келеді,
Бал сұрасаң у келеді.
Тыныштықты сұрасаң,
Аттандаған шу келеді.
Қайран көңіл осындай,
Қайғыларға дөп келеді.
Өткінші дүниенің табиғаты осындай, әр нәрсе өз уақытымен, Аллаһтың қалауымен болады.
Мұхаммед пайғамбарымызﷺ-ның бір хадисінде айтқан: «Сабырмен шыдамдылық – Алладан, асығыстық – шайтаннан».
Мұсылман адам нәпсісін жеңсе сабыр етушілерден болады.
Мына бір хикая өз нәпсісіне ие бола алмай, сұлу қыз көрсе қырғидай тиетін ойы бұзық адамдарға сабақ болар деген ойдамыз.
Алладан қорқу
Бір ауылдағы кедей әйел бай көршісінен ақша сұрайды. Сұлу әйелді көрген байдың ниеті бұзылып, оған жақындағысы келіп, көңілін білдіреді. Әйел – өте инабатты, Аллаһтан қорқатын тақуалардан еді. Байдың ұсынысына келіспейді. Үйіне келсе қарындары аш балалары тамақ сұрайды, оған шыдай алмай әйел қайтадан көршісіне келеді бай – шартын айтады. Әйел амалсыздан келіседі. Көршісі – үйдің бәрін қараңғылап әйелдің қасына жақындайды. Әйел Алладан қорыққанынан дірілдей бастайды. Бай сұрайды: «Ешкім көріп тұрған жоқ, неге дірілдейсің» – деп. Әйел: «Білем, ешкім көріп тұрған жоқ. Пенделер Алладан әр дайым қорқуы керек. Адамдардан жасырынып бірдеңе істуіміз мүмкін, бірақ Алладан ештеңе жасыру мүмкін емес», – дейді.
Бай болса: «Бұл әйел қолында ештеңесі жоқ, қасында ешкім болмаса да Алладан қорықса, менің осыншама байлығым бола тұрып, Алладан қорықпауым күпірлік болар?! – деп, жаман ойынан қайтып, тәубесіне келіп, әйелге сұрағанын беріп, шығарып салады.
Осы кезде Алла тағала хазіреті Мұсаға (ғ.с) бұл адам келіп: «Сен Аллаһ үшін бір хайырлы іс жасадың ба? – деп сұрады. Ол басынан өткен оқиғаны айтып береді. Хазреті Мұса (ғ.с): «Алла сенің күнәларыңды кешіреді», – дейді.
Бұл хикаядан ғибрат алайық, жәннат жайын іздеген мұсылман бауырларым!
Құранда айтылады: «Сабыр етіңдер, күдіксіз Аллаһ сабырлылар мен бірге». Сондай-ақ, сабырлылардың абыройымен құрметі жөнінде: «Міне, соларға раббылары жақтан жарылқау және мархамет бар. Әрі олар тура жолдағылар».
Алла тағала сабыр иелеріне жәннатта көрсетілетін құрмет жайында сөз еткен. Оларға періштелер бейбітшілікпен игілік тілеп: «Сендерге сәлем, қош келдіңдер, жәннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер», – дейді. Алла тағала сабырға арналған сыйлықтың ұшы – қиыры жоқтығын түсіндіріп былай деген: «Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады». Сабыр дегенміз не? Тілдегі сабыр – бұл өзіңді бір нәрседен тыю, не соған бармау. Діндегі сабыр – нәпсіні шыдамсыздықтан қорғап, тілді шағымнан тыйып, ал дене мүшелерін күідан сақтау.
Сабыр үш түрге бөлінеді:
а) Алланың әмірін орындау, яғни құлшылықта сабыр ету. Мысалы, намаз оқудағы сабыр, суық күнде дәрет алуда, ораза, қажылық т.б уақыттардағы сабыр.
б) Алла тағаланың тыйым салған нәрселеріне жоламау мақсатындағы сабыр. Мысалы, өз қалауларын, құмарлығын, албырт сезімдерін тыю. Зиян әдеттермен исламда құпталмайтын нәрселерден бас тарту.
в) қиыншылықпен қайғыда, науқастанғанда Алла тағаланың көрсеткен тағдырына сабыр ету. Тек бір ғана нәрсені қалау ол – Алла тағаланың ризалығы.
Егер сен Алла тағаланың шынайы құлы болған болсаң, сабыр етуің керек. Себебі, кім қайғы – қасіретті, ауру сырқауды пешенесіне жазған болса, дәл сол сияқты Өзінің рахым мейірімін де, ем – шипасын да жазған. Қайғымен қасіреттен, мазасыздықпен уайымнан арылудың әдісі мен жолы мынау: Бұл жөнінде Құранда: «Сондай жағдайларда сабыр етушілерді қуандыр. Қашан оларға бір қайғы жетсе олар: «Шым мәнінде біз Аллаһқа тәнбіз, әрі оған қайтушымыз», – десін.
Бұл қайғымен дертке душар болған әрбір адамға арналған Алла тағаланың шипасы. Мейлі қайғысы үлкен не кіші болсын. Бұл кез-келген қиын жағдайда қолдануға арналған ғажап ем. Сол кезде адам өзінің жаны, мал-мүлкі, отбасы бала – шағасының Аса ұлы Алла тағаланың меншігі екенін түсінеді. Әрбір адам баласының сапары – өмірі бұл оның хақиқы Иесіне, яғни, Алла тағалаға қайтуы.
Алла тағала баршамызды өзінің сүйген құлы, Пайғамбардың шапағатында болған сабырлы құлдарынан ете көрсін. ӘМИН!
Ордабасы аудандық «Д.Бегалы ата»
мешітінің бас имамы Бастарбек Әшірбай