Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше дамыту қажет. Бүгін Астанадағы Еуразия мұсылман ғұламалары форумында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам – елімізде діннің мәдениетін, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Қазіргі таңда екі жарым мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 пайызы ислам дінін ұстайды. Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық-саяси, оның ішінде басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда», – деп тоқталды Сенат Төрағасы.
Оның пайымынша, жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы тарихи уақыт көшінің қарқынымен жеделдей түсуі – сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды қажет етіп отыр. Мұнадай жағдайда исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын бейбітсүйгіштіктен, толеранттылықтан, діни төзімділіктен бас тартартын күштердің алға шығуы жиі орын алуда.
«Жиһад идеяларын насихаттайтын, экстермизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғандығын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде. Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет.Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті пробеламаларының бірі. Себебі қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалымен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық әрі моральдық әдістерді іздеуді талап етеді», – деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, Еуразия мұсылман ғұламалары форумына Орталық Азия мен Еуропаның 21 елінен 35-тен астам делегат қатысуда. Олардың арасында бас мүфтилер, дін қайраткерлері , зиялық қауым өкілдері, теолог-ғалымдар, өңірлердегі бас имамдар бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті.
Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з
Тел: 8(7252)45-33-38